Жаңалықтар

Астанада баға бағамы тұрақты

Нарықтық экономикада  баға саясаты бағалы орын алады. Оны біз қарапайым  халық көп тұтынатын азық-түлік бағасынан байқап жүрміз. 

07

Расы керек, шуақты жаз мезгі­лінде қымбатшылықтың қарқыны үдейді. Әрине, оның да түрлі себеп­тері бар. Сондықтан Астана әкімдігі ең алдымен тұрғындардың күнделікті тіршілікте тұтынатын азық-түлік бағасын қатаң бақы­лауға алды.
Біз елордалықтар жиірек баратын, бағасы да қолжетімді саналатын, қызметтік сапасы да көңіл толтыратын «Шапағат» коммуналдық базарына бас сұқтық. Ығы-жығы адамнан аяқ алып жүру қиын. Барлық қала тұрғындары осында келіп, сауда жасайтындай көрінді. Байқағанымыздай, мұнда сатылып жатқан бір бөлке нанның құны – 60 теңге болса, бірінші сұрыпты 1 кг ұнның бағасы 119 теңгені құраған. Макарон өнімдері де 147 және 157 теңгені көрсетеді. Ал, қанттың бағасы 270-300 теңге көлемінде. Коммуналдық базардың сауда бөлімінің меңгерушісі Ерболат Кәкімаштың айтуынша, бір аптадан бері шекердің бағасы төмендеген.
Әрине, бізді еттің бағасы да қызықтырды. Сатушылардан сұрастырсақ, ірі қараның еті – 1100 теңгеден, жылқының еті 1300 теңгеден сатылуда. Аталған малдардың еті семіз екені көзге көрініп тұрды.

05
– Біз өткен жылы «ҚазАгро­Қар­­жы» корпорациясымен мемо­рандумға отырғанбыз. Сол бо­йынша аталған корпорациядан несие алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен жұмыс істейміз. Олардың бізде сауда нүктелері бар. Етті өздері әкеліп, сатады. Жалпы, біз 10-15 өндірушімен тығыз байланыстамыз. Ет өнімдері қатаң бақылауға алынған. Ветеринарлық анықтама талап етіледі. Сараптама жасалады. Егер, ол құжаттар болмаса, саудаға шығу рұқсат берілмейді,   дейді сауда бөлімінің басшысы.
Жаз мезгілінде, әсіресе, тамыз айында барлық жеміс-жидек балбырап, піседі. Айтқандай, базардағы сөрелерде самсап тұрған жеміс-жидектердің бағасы соншалықты қымбат емес. Мәселен, қиярдың бағасы, бар болғаны 80 теңгеден сатылуда. Қызанақ – 150 теңге болса, қауын-қарбыз 65-70 теңге көлемінде. Картоп пен пияздың бағасы да қолжетімді. «Біздің базарда көкөніс өндірушілер жоқ. Сондықтан жалгерлер елордадағы «Шарын» және «Алаш» көтерме сауда орталығынан әкеледі. Әкімшілік қызметкерлер алдымен сол сауда орталықтарына ертемен барып, барлық жеміс-жидектің бағасын мұқият қарайды. Тексереді, сараптама жүргізеді. Әсіресе, біз тұрғындар көп тұтынатын картоп, сәбіз, пияз, қызылшаға қатты мән береміз. Сондықтан саудагерлерге көкөніске 10 пайыз ғана қосуға келісім жасалған» дейді Ерболат Кәкімаш.

06
Жұртшылық жиі тұтынатын жұмыртқа өнімдерінің бағасы да анау айтарлықтай қымбат емес. Екінші санатқа жататын жұмыртқа – 140 теңге болса, бірінші санаттағы жұмыртқалар 180 теңге көлемінде. 1 л сұйық майдың ең төменгі құны – 310 теңгеден басталады. Ал «Шедевер» сұйық майының 1 л – 450 теңге. Жұқа қораптағы 1 л сүттің құны 150-170 теңге аралығында екен. Сондай-ақ, «Шапағат» базарының әкімшілігі 21 тауардың бағасын 10 пайыздан артық көтеруге жол бермейді. Әрбір сенбі-жексенбі күндері жәрмеңке ұйымдастырылады. Ондағы сатылатын өнімдердің бағасы едәуір арзан келеді. Түйіп айтқанда, базар әкімшілігі тұрғындар талабын орындау үшін баға саясатын қатаң бақылауға алған.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button