Басты ақпаратМәселе

Баға, қайда барасың?!

Астана қаласында «Magnum» мен «Small» супермаркеттер желісінде азық-түлік бағасы әртүрлі. Ал Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы «Аyan» сауда орталығындағы бағада да айтарлықтай айыр­машылық бар. Сонда бір қаланың бірнеше дүкенінде күнделікті халық жиі тұтынатын нан, сүт, қант, рожки, картоп, пияз, тағы басқа да азық-түлік тауарының бағасы ала-құла. Бұған көпшіліктің еті өліп кеткен тәрізді, онша мән бере бермейді. Бір байқағанымыз, осы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының өзі апта сайын, ай сайын көтеріліп барады. Оны айтасыз, жаңа жылдан бастап азық-түлік тауарларына Үкімет бағаны реттеуден бас тартып отыр.

Отандық өндірістің шашбауын көтеру деген желеумен жоғарыдағылар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызды деп саналып келген азық-түлік тауарларына енді баға реттемейді. Мұны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі былай түсіндіреді:

«Негізгі азық-түлік өнімдеріне зәрулікті болдырмау, отандық бизнес пен тұтынушылардың мүддесін қолдау негізінде мемлекет әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары бағасын қатаң реттеу тетігін бірте-бірте жоятын болады. Өйткені бұл іс-шаралар жылдар бойы өз тиімділігін көрсете алмады. Әрі бизнес өкілдері де мұндай қадамды онша қолдай қойған жоқ».

Қазақстан Үкіметі бағаны реттеу туралы бірнеше рет талпыныс жасады. Атап айтқанда, осы жылдың қыркүйек айында қолданыстағы заңдарға өзгертулер енгізіп, Сауда және интеграция министрлігіне жауапты мемлекеттік органдардың бағаны тұрақтандыруда жауапкершілігін арттыру тұрғысында қатаң шара қолдануды тапсырды. Артынша Премьер-министр Әлихан ­Смайылов Сауда және интеграция министріне осы бағытта басшылық жасайтын лауазымды адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сол сол-ақ екен, келесі күні министрліктің Сауда комитеті төрағасы Ержан Қазан­баев қызметінен босатылды.

Азық-түлік инфляция­сы 2022 жылдың 10 айында 20 пайызға дейін көтеріліпті. Ал жеміс-жидек пен көкөністің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 40-45 пайызға қымбаттап отыр. Жылдың аяғында жылдық инфляция 25 пайыздан кем болмайтын сияқты. Алайда ел Үкіметі қанша тырысса да, қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланса да, әзірге бағаны тұрақтандыру мүмкін болмай отыр

Шынында да, азық-түлік ­инфляциясы 2022 жылдың 10 айында 20 пайызға дейін көтеріліпті. Ал жеміс-жидек пен көкөністің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40-45 пайызға қымбаттап отыр. Жылдың аяғында жылдық инфляция 25 пайыздан кем болмайтын сияқты. Алайда ел Үкіметі қанша тырысса да, қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланса да, әзірге бағаны тұрақтандыру мүмкін болмай отыр. Тек биылдың өзінде тұрақтандыру қорын құру үшін 300 млрд теңге жұмсалған. Дегенмен бұл қаржының халықтың тұрмыс-жағдайын жақсатуға әзірге айтарлықтай септігі тиіп отырған жоқ.

Делдалдар тізгінделсе…

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімі Кәрім Мәсімов Премьер-министр болып тұрған кезде «Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң негізінде 2010 жылы бекітілді. Тізімге бидай ұны, қалыптағы нан, рожки, картоп, сәбіз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы, тұз, ірімшік тәрізді 19 азық-түлік енгізілді. Бұл тауарлар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында сақталады. Алайда кейінгі кезде, тәжірибе көрсетіп отырғандай, осы тағамдарға баға тез өсіп барады. Осыған байланысты таяуда ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин алқалы жиын өткізді.

Бұл жердегі ең басты мәселе – бағаның қымбаттауына бірден-бір әсер етіп жүрген ортадағы делдалдарды анықтап, оларға тосқауыл қою. Бірақ ол да оңай шаруа болмай шықты. Өйткені жылдар бойы қалыптасып қалған сеңдей сірескен жүйені бұзып, өнімді өзіндік құнымен сөреге жеткізу әзірге толық мүмкін болмай келеді. Аталған министрліктегі Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, қараша айында Алматы және Астана қаласында баға әлеуметтік маңызды күріш, ірімшік, тұз, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыз айран мен І сұрыпты жұмыртқаға – 0,7 пайыз, ал І сұрыпты ұн, сәбіз, пияз, қант, І сұрыпты ұн нанына 0,5 пайыз көтерілген.

Сондай-ақ осы негізде Орал құс фабрикасынан сатып алынған жұмыртқаға да айтарлықтай сауда үстемесі қосылғаны анықталып, мұндай жағдайдың басқа аймақтарда да қайталанғаны байқалды. Енді оған алдағы уақытта жол берілмеуі қажет. Ол үшін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай «енді ешқандай делдалдарсыз және үстемесіз сенбі, жексенбі күндері жәрмеңке өткізіп, халықтың қажетті азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатып алуға жағдай жасау керек» деген тұжырым жасады.

Дегенмен қаржыгер-сарапшы Дулат Нұрмұхамбетұлы бұған күмәнмен қарайтынын жасыр­мады. «Нарықтық экономика салтанат құрған мемлекетте бағаға қатаң бақылау орнату – өте қиын мәселе. Неге десеңіз, бізде көбіне өнімді өндіретін – кіші және орта кәсіпкерлік субъектілері. Әрине, Үкімет халық алдында оларға «бағаны белгілі бір шекте ұстап тұрыңдар» деп тәртіп береді. Кәсіпкерлер де сол тәртіпке мойынұсынған кейіп танытады.

Бірақ… Саудаға салық салынып отыр. Бюджет зәрулігі бар, оны толтыру қажет. Сондықтан Қаржы министрлігі оларға салық салуға мүдделі. Ал өнімін арзан сатса, кәсіпкерлер оның орнын немен толтырады? Міне, мәселе…

Екінші бір жай бар. Мемлекет қазір бизнеске қолдау көрсету жайын нақты көтеріп отыр. Осы негізде айналымға қомақты қаржы беріп, «жұмыртқаның он данасын 350 теңгеден асырмайсың» дейді. Егер содан кейін де бағаны көтеретін болса, онда сөзсіз жазалау керек» деді ол.

«Бағаға қатысты мәселеде, өндірушілер мен ортадағы делдалдардан бөлек, сауда орындары да бар. Олар да келіп түскен тауарға өзінің үстеме бағасын қойып жатады. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес, сауда орындары әр тауарға 1-2 пайыз ғана үстеме қоса алады. Әрі қазақстандық тауарларға басымдық берілуі қажет. Әсіресе отандық ет, сүт, нан өнімдеріне ешқандай үстеме қосылмағаны жөн» деген сарапшы пікірінің де жаны бар сияқты.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда елімізде бағаны тұрақтандыру нақты мүмкін болмай келеді. Дегенмен Үкімет кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, әлеуметтің де жағдайын ойластырудың тиімді мүмкіндіктерін қарастыруы керек-ақ.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button