Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңыр – берекелі істер белдеуі

Астана қаласындағы Байқоңыр ауданының құрылғанына биыл 6 жылға жуықтады. Күн санап көркейген ауданның жыл сайын маңызы артып, мәртебесі өсуде. Жалпы ауданы 18129 гектарды құрайды. Тұрғындар саны – 237498 адам. Аудан аумағында «Өндіріс», «Кирпичный», «Казгородок» тұрғын алаптары және 12 саяжай қауымдастығынан тұратын «Қоянды» саяжай алабы орналасқан.

Тұрғындарды қабылдау жалғасуда

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындарды қабылдау іс-шарасы жалғасуда.

Тұрғындарды жеке қабылдау апта сайын аудан әкімі Талғат Рахманбердінің қатысуымен өтеді. Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандыратын сұрағын қойып, туындаған мәселені сол жерде шешуге тырысады. Мәселен, осы аптада өткен қабылдау барысында әлеуметтік көмек, санитарлық тазалық, электр және жылумен қамтамасыз ету, МИБ және ПИК ұйымдарына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұраққа тиісті жауап берілді, қосымша қарауды қажет ететін кейбір сұрақтар бақылауға алынды.

Өткен жылдың басынан бері тұрғындардан 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл, негізінен, жеке қабылдауларда, тұрақты және көшпелі кездесулер барысында, ресми интернет-ресурстарда, сондай-ақ iKomek қалалық мониторинг және жедел сұрақ қою орталығына келіп түскен шағымдар мен ұсыныс-тілектер.

– Тұрғындардан келіп түскен өтініштерге қарағанда, оларды көбіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аулаларды абаттандыру, қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысы, тұрғын үйлердің қасбеті мен шатыры, әлеуметтік және басқа да мәселелер толғандыратыны анықталды. Жалпы келіп түскен барлық өтініш бойынша уақытылы шаралар қабылданып, түсініктемелер берілді, – деді Талғат Рахманберді.

Көше жарығы – қауіпсіздік кепілі

Аудан тұрғындарымен болатын кездесулерде жиі көтерілетін мәселенің бірі – көшелерді жарықтандыру. Бұл ретте Байқоңыр ауданында орамішілік және көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыс күн сайын жүргізілуде.

Бүгінгі таңда жергілікті жұртшылықтың өтінішіне байланысты аудан аумағындағы М.Лермонтов, А.Иманов, А.Жұбанов, Биші қайың, Өзен, Көксеңгір, Найзатас көшелерінде жарықтандыру жүйелі жүзеге асты.

Көше шамдары жолаушыға жол көрсетіп қана қоймайды, кез келген өңірдің бет-бейнесін көрсетеді, ауданның келбетін айшықтайды. Іңір түскенде іске қосылып, жолаушыға, әсіресе мектептен қайтқан оқушыға табан жолын көрсетіп, түнгі уақытта қауіпсіздікке де қорған болады. Сондықтан жарық жү­йесінің дұрыс жұмыс істеуі қай кезде де маңызды.

Аудан бойынша күнделікті көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелер мен аула аумақтары жарықтандырылып жатыр. Өткен жылы жарықтандыру бойынша жүргізілген жұмыс шеңберінде 205 жарықтандыру бағанасы орнатылған. Ескірген жарық шамдары айырбасталып, заманауи диодты шамдар пайда болды, электр энергиясын тиімді пайдалану және үнемдеу үшін энергия үнемдейтін жарық­диодты шамдар орнатылуда.

– 2023 жылы ауданды жарықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде 205 жарықтандыру бағанасы орнатылды. Ұзындығы 4,5 шақырым құрайтын 10 кВ кабель ауыстырылды. «Құтқарушылар», «Есу арнасы», «Ұстаздар», «Жер-ана» атты скверлеріндегі кабельдер ауыстырылды. Ағымдағы жылы 20 жаңа қоғамдық кеңістікте және 90 аулада жарықтандыру аспаптарын орнату, тозған инженерлік желілерді ауыстыру жоспарлануда, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ тұрғын үйлерді сәндік жарықтандыру бойынша да жұмыс жүргізілуде. Былтыр аудандағы тұрғын үйлерді сәнді жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүзеге асырылса, биыл 30 үйде сәндік жарықтандыру жүргізіледі.

Көшелерді жарықтандыру үшін қауіпсіз әрі тиімді энергия қондырғылары енгізіліп, ауданда ауқымды тірліктер атқарылды. Әсіресе инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде көшелерді жарықтандыру, электр желілерін жаңғырту сынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жарық жүргізілмеген көшелер кезең-кезеңімен жарықтан­дырылады.

Жасыл желек жайқалады

Көгалдандыру бойынша өткен жылдары біраз жұмыс жүргізілді. Биыл Байқоңыр ауданының 3 тұрғын алабында 6500-ге жуық ағаш отырғызылады.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы негізінде Байқоңыр ауданының әкімдігі мегаполисті көгалдандыруға және көк желекті қалаға айналдыруға көп көңіл бөледі. Аудан әкімінің айтуынша, биыл үлкен жұмыс атқарылады. Ауданның көгалдануына жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдар, ШОБ, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және белсенді тұрғындар атсалысады. Мәселен, 2022 жылы аудан аумағына 2 мыңға жуық ағаш пен 10 мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызылды. Былтыр тағы 10 мыңнан аса бұта мен 3 мың ағаш егіліп, 22 мың шаршы метр гүлзар жасалды, 14 мың сызық метр бойымен көгалды қоршау, 25 мыңға жуық сәндік гүлді бұта бой көтерді. Бұл ретте жергілікті суару жүйесін орнатуға ерекше көңіл бөлініп, Жамбыл Жабаев сквері мен Ақбұлақ өзені бойында, Тә­уелсіздік даңғылынан бастап Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі аралық осы жүйемен қамтылды. Сондай-ақ Ататүрік, А.Кравцов көшесі, 2-4, Ж.Тәшенев көшесі мен «Егемен Қазақстан» газеті» көшесінің маңындағы скверлерде, А.Пушкин көшесі, 15-үйдің ауласында жөндеу-­қалпына келтіру жүргізілді.

Биыл ауданда 6 мыңнан астам ағаш, 20 мың бұта отырғызу, 15 мың сызық метр бойымен көгалды қоршау салу жоспарланып отыр. Аудан аумағында апат қаупі бар және кедергі келтіретін ағаштар жоқ емес. Оларды уақытылы жою көшелерде, аулаларда, саябақтарда, қоғамдық кеңістіктерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Осыған орай, Байқоңыр ауданының аумағында бұтақтарды кесу және қураған ағаштарды кесу жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Осындай ағаштарды кесу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасыл желектердің жай-күйін қадағалау нәтижесі бойынша және аудан тұрғындарының өтініші бойынша жүзеге асуда.

Өткен жылы 126 контейнер алаңы орнатылды. Жалпы ұзындығы 4,4 км болатын 4 көшеге асфальт төселді, сондай-ақ «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарында 80 жарықтандыру аспабы ауыстырылып, орнатылды. Сонымен бірге ауданда 4 жылы аялдама павильоны пайда болды. 8 көшеде ұзындығы 3,6 км болатын тротуар салынды.

Қоғамдық кеңістік көбейді

Аудан аумағында тұрғындардың бос уақытын қолайлы өткізуіне барынша жағдай жасалуда. Жыл сайын жаңа қоғамдық кеңістіктер мен орындар, аула аумақтары жабдықталады.

Былтыр 11 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 25 аулада кешенді абаттандыру жүргізілді, 42 ауладағы ойын және спорт аймақтарына жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 20 аула абаттандырылды. Жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесі бойынша абаттандырылған аулалар саны 205-ке дейін артып, бұл аудандағы барлық аула аумағының 84 пайызын құрады.

Ағымдағы жылы ауданда 20 қоғамдық кеңістік ашу, сондай-ақ 90 аулада абаттандыру жүргізу жоспарланып отыр. Аудан тұрғындарының өтініші бойынша 20 жаңа контейнер алаңы орнатылып, жұмыс істеп тұрған 200 контейнер алаңына жөндеу жүргізілді, 50 күл контейнері дайындалды. Биыл қолданыстағы 300 алаң жөнделіп, кеңейтіледі, сондай-ақ 100 күл контейнерін дайындау жоспарланып отыр.

Әлеуметтік мәселелер – басты назарда

Байқоңыр ауданында бүгінде 22 мыңнан астам зейнеткер, 573 тыл еңбеккері, 5591 мүмкіндігі шектеулі адам, 3963 көпбалалы отбасы, 1107 көпбалалы ана, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған, 421 әлеуметтік аз қамтылған отбасы тұрады.

Жасы үлкен кісілер бос уақытын пайдалы өткізуі үшін ауданда 3 шағын орталық орналасқан.

– Аудан тұрғындарын әлеу­меттік қамтамасыз етуде бұрынғыдай жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр, өтетін акциялар аясында ауданның көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан 5500-ден астам бала түрлі іс-шара мен акцияға қатысты, онда оларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсетілді және жаңа жылдық сыйлық таратылды, мерзімді бұқаралық-спорттық іс-шараларға қатысуға тартылды, сондай-ақ аула мерекелері өтті, – деді әкім.

Өткен жылы аудан аумағында тұратын 421 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Міндетті мемлекеттік әлеуметтік төлемдерден басқа, 1500-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыға азық-түлік жиынтығы, балаларға арналған киім, көмір, уақытша баспана беру, балаларды балабақшаға тегін орналастыру, медицина мекемелерінде тексеруден және емдеуден өту және т. б. көмек көрсетілді.

– Тәуелсіздік күніне орай Астанада Ардагерлер кеңесінің үшінші орталығы ашылды. Осы уақытқа дейін Е.Брусиловский көшесінде «Айдар» орталығы ашылды. Онда 80-нен аса ардагер бар. Екінші орталық, яғни «Парасат» орталығы А.Жұбанов көшесінде ашылған. Орталыққа 50-ге жуық ардагер келіп, бос уақытын тиімді өткізеді. Аудандағы белсенді еңбек ардагерлерінің бос уақытын оңтайлы өткізуге арналған осындай басқосу орындарының болуы аса маңызды, – деді аудан басшысы.

Оның мәлімдеуінше, өскелең ұрпақ та назардан тыс қалмайды. Бүгінгі таңда аудан аумағында 8 аула клубы жұмыс істейді. Онда спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады.

Былтыр аудан аумағында жалпы 10 мыңнан астам адамды қамтитын 120-дан астам мәдени-бұқаралық іс-шара өтті. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс алдағы уақытта жалғаса береді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button