Басты ақпаратСараптама

Рекрутер-алаяқтың арбауына түспеңіз!

Қазір жұмыс іздеген адамдар көбінесе интернеттің көмегін пайдаланады. Бұл бір жағынан оңай, өзінің түйіндемесін тезірек дайындап, жұмыс берушілерге жібереді. Көп ұзамай жауабын алады. Алайда адамдардың аңқаулығы мен сенгіштігін біліп алған алаяқтар мұндай сәттерді арам ниетіне тиімді пайдаланады.

Мессенджерлердің көмегімен «жұмысқа орналасуға» бола ма?

Жұмыс іздеген адамдар қандай да болсын жұмысты қарастыр­ған кезде арадағы делдалдар мен жалған жұмыс берушілерге жиі жолығып жатады. Сіз жайшылықта рекрутер-алаяқ дегенді естігеніңіз бар ма? Олар аңқауларды қалай құрығына түсіреді? Fingramota.kz сайтының материалдарына сүйене отырып, мамандардың көмегімен рекрутер-алаяқтың құрығына қалай түспеуге болатыны және күмәнді ұсыныстарды қалай ажыратуға болатыны туралы кеңірек әңгімелейік.

Қазіргі кезде ең танымал әлеу­меттік желілер – Telegram мен WhatsApp-та жалақысы жоғары жұмыс ұсынатын көптеген арналар мен топтық чаттар бар. Алайда әлеуетті жұмыс берушіні таңдау кезінде әр адам мұқият болуы керек және ешқандай жағдайда ешкімге жеке басының мәліметтерін жібермеуі керек. Мысалы, мессенджерде сізге қандай да бір интернет-дүкеннің тауарларына жағымды пікірлер жазу туралы жұмыс ұсыныс түсті делік. Бір пікірдің бағасы – 2 000 теңге, ал жұмыс беруші «Сіз күніне 200 000 теңгеге дейін ақша таба аласыз» деп уәде береді. Жұмыс іздеп сабылып жүргендіктен, сіз бірден келісесіз. Алаяқтар іле-шала жеке куәлігіңіздің көшірмесін, банк карточкасының нөмірін және тіркелген мекенжайыңызды жіберуді сұрайды. Сіз ол жерде бірнеше күн жұмыс істеуіңіз мүмкін, белгілі бір ақша да аласыз. Бірақ алаяқтар көп ұзамай сізбен байланысын үзеді. Уақыт өте келе сізге банктен қоңырау шалып, ай сайынғы несиеңіздің жарнасын төлеуді талап етеді. Полицияға барып, бірдеңені дәлелдеуіңіз екіталай. Себебі қарыз алу үшін сіз өзіңіз жұмыс берушіге жіберген барлық қажетті деректерді беріп қойдыңыз. Еріксіз бармақ шайнап қаласыз.

Маркетплейстер арқылы «жұмысқа орналасу»

Қазір алаяқтар әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа шақыратын жағдайлар жиілеп кетті. Бұл жердегі алаяқтықтың сызбасы мынадай: жалған жұмыс берушілер азаматтарды қызығарлық ұсыныстармен жұмысқа шақырады. Егер бірден қызығушылық танытып, көрсетілген нөмірге немесе тікелей аккаунтқа жазсаңыз, сізден шағын тестілік тапсырманы орындауды және көрсетілген шотқа «кепіл» ретінде азғантай сома аударуды сұрайды. Ең бастысы, бұл сома жай ғана формальды нәрсе екеніне және оны төлегеннен кейін сізге теріп берген мәтіндер үшін бірден қаламақы беріледі деп сендіреді. Ақшаны аударғаннан кейін алаяқтар сізді бұғаттайды және орындаған тапсырма үшін төлемді де, аударған кепіл жарнаңызды да ала алмайсыз.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерден маркетплейстерде ақша табу курстарын жиі кездес­тіруге болады. Алаяқтар мұндай мүмкіндікті де пайдаланып қалуға тырысып бағуда және алдаудың жаңа сызбасын жасап үлгерді: оның мәні мынада – сіз танымал интернет-дүкендердің жалған веб-сайтына кіріп, қызметкер ретінде тіркелуіңіз керек. Алайда тіркелу кезінде сізден телефон нөмірін көрсету және теңгермені толтыру талап етіледі. Осылайша, алаяқтар азаматтардың төлем карточкаларының деректерін қолына түсіреді. Бұған дейін алаяқтар адамдардың деректерін пікір жазудан өткені үшін ақша төлеу­ді уәде етіп алатын. Демек, қандай жағдайда болмасын сақтық қажет!

Жеке деректерді ешкімге бермеңіз!

Алаяқтардың ең бірінші мақсаты – жұмыс іздеп жүрген адамды құрығына түсіру. Жұмысқа аламыз деп кепілдік беру – бұл нақты әрі тартымды тұжырым. Мұндай сөзге жұмыссыз адам бірден сеніп қалады. Мысалы, жұмыс іздеген адамға жеделдетілген бағдарлама бойынша оқуға ұсыныс жасайды, сол оқуды бітірген соң ол 100 пайыз жұмысқа қабылданады деп сендіреді. Жұмысқа тұрушы әуелі оқудың немесе курстың ақысын төлейді, ал төлемді алғаннан кейін жалған жұмыс беруші ізін суытады. Нәтижесінде – жұмыс та жоқ, кепілдік те жоқ. Сан соғып, өкініп қалады.

Сізге рекрутер қоңырау шалып немесе әлеуметтік желі арқылы жазып, белгісіз бір компанияға жұмысқа шақырады. Содан кейін ол жеке куәліктің көшірмесін және жеке басыңыздың деректері бар басқа құжаттарды жіберуді сұрайды, жеке нөмірге келетін SMS-код арқылы еңбек шартына қол қою қажет деп алдайды. Шын мәнінде бұл деректер сіздің атыңызға қарыз алу үшін қажет. Мұндай жағдайларда мынадай қарапайым ережені есте сақтау маңызды – адал жұмыс беруші немесе қашықтан кадрларды іріктеу агенттігі еңбек шартын SMS-код арқылы қол қою жолымен рәсімдемейді. Бұл тек алаяқтардың ісі болуы мүмкін!

Жалған жұмыс берушілер мен жалған сатып алушылардан сақтану жөнінде мамандар мынадай нәрселерді есте сақтауды ұсынады:

  1. Жұмыс берушілерді үнемі тексеріңіз – оны жүзеге асыруға арнайы қызметтер, сондай-ақ интернеттегі іздеу жүйесі көмектеседі. Алаяқтардан зардап шеккендер әлеуметтік желілерде өз бастарынан өткен оқиғаларымен жиі бөлісіп отырады, ал мамандар сұхбаттарында ескертулер айтады, сізге жұмыс ұсынғандарды «қара тізімнен» кездестіруіңіз ғажап емес. Өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқашан бөтен адамдарға жібермеңіз, шынайы жұмыс беруші сізден картаңыздың нөмірін немесе жеке куәлігіңізді сұратпайды, ол оған қажет емес. Сіз түйіндемеде көрсеткен деректер мен бұрынғы жұмыс орныңыздан берілген ұсынымдар оған жеткілікті.
  2. Кепіл төлеуге келіспеңіз, компанияға білікті қызметкерлер тартуға мүдделі адамдар мұндай схемамен жұмыс істемейді. Шын мәнісінде, сізден тест тапсырмасын орындауыңыз­ды сұраулары мүмкін, әдетте, егер сіздің жұмысыңыз олардың көңілдерінен шықса, штатқа жұмысқа қабылдауы мүмкін.
  3. Рекрутерден компания жөнінде ақпарат сұратыңыз, нақтылайтын сұрақтар қойыңыз, көп жағдайда алаяқтар сізге толыққанды жауап бере алмайды немесе сөйлесуді доғарады, себебі олар дайындалған адаммен өзара қарым-қатынасқа түсуге мүдделі емес.
  4. Күмәнді сайттарға кірмеңіз және онда дербес деректеріңізді енгізбеңіз, алаяқтардың қолына неғұрлым көп ақпарат түссе, оларға сіздің картаңызды «тазалау» соғұрлым жеңілірек болады. 5. Жұмыс берушінің сөйлесу мәнеріне назар аударыңыз – алаяқ­тар көп жағдайда алдын ала жазылған сценарийлер бойынша әрекет етеді және олардың сөйлесу мәнері қарапайым адамдардың сөйлесуінен өзгеше болады.
Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button