ӘлеуметЖаңалықтар

Бала тәрбиесі – байыпты іс

07

Астана әкімдігінің Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы мүшесі, жоғары санатты психолог Наталья Семененко – қазіргі заманғы отбасы мәселелері, ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынастар сияқты әлеуметтік маңызды сұрақтардың жауабын жақсы білетін кәсіби маман. «Біз ақылдаса келгендердің түйінді мәселесін қолма-қол шешіп бермейміз, оны шешудің жолын көрсетіп, дұрыс таңдауды өзіне жасатамыз. Сонда ғана әркім өз тағдыры алдында жауапты болады» дейді психолог. Адам жанының маманымен болған әңгімеде бала тәрбиесін қамтып, көңілге қонғанын көкейімізге түйіп алған едік.

Ойын мен оттың арасы

Бүгінде мектеп жасындағы балалардың мектептегі оқуынан бөлек түрлі үйірмелер, одан қалды репетитор жалдап тағы оқытып, күні бойына дамыл таптырмаймыз. Ал кейде, керісінше, баланың бос уақытына мән бермей, еркіне жібереміз. Дұрысы, «алтын ортасын» білген жөн.
Бірде бір жас ана жасөспірім ұлын жетелеп келді. Баланы көшеде өтіп бара жатқан көлік қағып кетіпті. Бір емес, екі емес, осы жайт бірнеше мәрте қайталанған. Сөйлесе келе, жүріп бара жатқан машинаға қарсы жүгіретін өзі екенін білдік. Баланың мінез-құлқынан қалыптан тыс ауытқушылық байқамадым. Ақырында жасөспірімнің қатерлі ойынмен ойнап жүргенін ұқтым. Өзі қатарлы құрбылары жиналып, машинаның алдынан жүгіріп өтуге бәстеседі екен. Сол сәтте қорқыныштан жүрегі алқынып, қаны басына шауып, қызыққа батады екен. Зерігіп, іші пысқандағы ермегі – осы. Өзін-өзі сақтау, сазды жерді баспау секілді жайттарды ескермей, өміріне қатер төндіретін шекарадан асқанын сезбей де жүріпті. Бұл аз ба, «иттің қиналысы» деген тағы бір тәсілдері бар екен. Тағы да жүгермектер жиналып алып, біреуін ортаға алып, мойындарына қылбұрау салып қылғындырады екен. Шектен шығып кетсе, бала арқаннан ажал құшады. Артынша жеткен полицейлер «суицид» деп тоқтам жасаудан басқа амалы қалмайды. Бірақ бұл өзіне-өзі қол жұмсау емес. Осындай ақымақшылыққа не жетелейді? Сол себепті де ойын баласы бір мезгіл жүгіріп не спортпен айналысқаны жөн. Ол болмаса, бойында тасыған күшін шығаратын жол іздейді.

ССС

Кино мен попкорн емес, әке керек

Жұмыс бабымен ерлі-зайыптылардың некесі бұзылып, заңмен ажырасып жатқан сот отырыстарына жиі қатысамын. Әдетте, бала анасымен қалып, әкесіне аптасына үш сағат көпшілік жерде кездесуге үкім шығарып жатады. Менің түсінбейтінім – осы шешім. Астананың жағдайында «Керуенде» не «Азия Парк­те» баласы мен әкесінің бірге өткізген үш сағаты не береді? Әкелі-балалының арасы суып кетпей ме? Әкесі баласына қалай шеге қағуды үйретпесе, шаңғы теуіп, бірге мұз айдынында сырғанамаса не болады?! Әйтпесе, баласын бір кафеге апарып тойдырып алып, попкорн жеп, кино көрумен бар парызы өтелгендей хал кешуі бала тәрбиесіне зор ықпалын тигізеді. Содан кейін «балам жігерсіз болып барады» деп аналар жанұшырып маған келеді. Жігерсіздік, қауқарсыздық – отбасында біржақты, тым қатал тәрбиенің салдары. Бүгінде бала тәрбиесімен әйелдер айналысады. Отбасында әйел басымдық көрсетіп, «менің айтқаным ғана болады», «мен білемінге» салатындар көп. Бұл қайдан шыққан сенімділік? Өйткені өзі де ана­сының қамқорында өсіп, әке тәрбиесін көрмеген жандардың қасіретінің келесі буынның алдынан шығуының белгісі. Сол себепті ұлдарымыз инфантильді, жігерсіз, қыз мінезді болып келеді.
Қазіргі күнде жұмыс­бастылықты желеу етіп, көп нәрсеге мән бермейміз. Бала тәрбиесіндегі олқылықтар болса, жұмысбастылықты алға тартып ақталғымыз келеді. Мұндайда өмірдегі басымдықты алға қойып үйрену керек. Тірліктің мәнін түсініп, алға қойған мақсатымызды айқындауымыз керек. Егер бала тәрбиесіне мұрша болмаса, күніне екі сағат балаға көңіл бөліп сырласпаса, барша тірлікті ысырып қойып, тек жұмыспен күн өткізуді ойласа, онда отбасы құрып, бала өсіріп керегі не?
Мұның бір ұшығы қоғам­дағы бала тәрбиесіне деген көз­қарастың дұрыс емес­тігі­нен деп айтуға болады. Жауап­кершілік екпіндері дұрыс қойыл­маған. Әрқайсымыз жақсы жұмысшы, білікті қызметкер ғана емеспіз. Ең алдымен анамыз, әкеміз, болашақ ұрпақ тәрбиесіне жауап береміз. Қандай жұмысбастылық болса да, отбасының ұйытқысы екеніңізді есіңізден шығармаңыз. Жанұяңызбен жалғастырып тұратын жіпті үзіп алу бір демде.

Сіздің балаңыз ең ақылды, ең талантты

Бастауыш сыныптың оқу­шысы мектепте тек қана 4 сағаттай ғана уақытын өткізуі тиіс, әрі кетсе 5 сағат. Сынып жұмысының 25 пайызын ғана үйінде орындайды. Ол дегеніміз, егер мектепте дәптеріне он жол жазу жазса, үйінде үш жол ғана жазуы керек. Тағы сол сияқты тапсырманың ширегі ғана үйде орындалады. Бізде бәрі басқаша. Неге осы стандарттарды орындамайтынын түсінбедім. Сол бала күніне 2 сағат таза ауада тынығып, сейілдеп келуі керек. Ал бізде қалай? Ертеден кешке дейін бір орында тапжылмай отырып үй тапсырмасы, одан қалды компьютер ойындары… Мұндайда барлық салмақ басына түсіп, бала тез шаршайды. Оның арты неге соғатыны белгілі. Бала құрдастарымен ойнамаса, өзгелермен тіл табыса алмайтын, томаға-тұйық болып өседі. Баланы жиі мақтаған жөн. Біз өз баламызды өзгемен салыстырып үйренгенбіз. Оны тұқыртып, өзгені артық көрудің салдары өзін қор сезінуіне жеткізеді. Балаңызды жиі мақтап, достарының көзінше жақсы істерінің лайықты бағасын берсеңіз, онда достарының алдында да мәртебесі өсіп, өзін жақсы сезінетін болады. Сонда баланың өзіне деген сенімі артады.
Ана махаббаты мен мейірі­мінің шегі мен шекарасы бар. Егер бес жасар баласын елуге келгенде де сол мейірімімен өбектеп, алдына түсіп отырса, бала ешқашан есейіп, өздігінен өмір сүруге талаптанбайды. Анасына жалтақтаған бала өздігінше жауапкершілік алып, қадамы нық болмайтынын өмір көрсетіп отыр.
Ғалымдар адам өмірін бірнеше сатыдан тұратынын дәлелдеді. Оның дағдарыс кезеңдерін де анықтады. Яғни, 1 жас, 3 жас, 7 жас пен 11 жасы қатерлі кезеңдер деп есептеледі. Бұл жерде адамның 17 жасқа дейінгі шағын қарастырып отырмыз. Осы сәттерде ата-ана лайықты дәрежеде қорған бола білгені дұрыс. Туғаннан 1 жасқа дейін «аяла мені» деп аталады. Бұл кезеңде баланың тамағы тоқ, асты құрғақ болса болды. Бірақ бала тек әйелдің ғана емес, әкесінің де дауысын қатар естуі маңызды. Үш жасар бала үшін жақындарының жанында болғаны жақсы. Талпынып жүре бастағаннан «былай істеме», «былай жүр» деп баланы қаға беруге болмайды. Үшінші сатыда бала «мен өзім» деген қылық шығарады. Қарсылық көрсету, айтқанмен жүрмеу, «өзімдікі дұрыс» дейтін шатақ мінезін көрсететін кезеңнен де өтеді. Баланың таңдауына мән беріп, сөзіне құлақ салу керек. Осыдан кейін үй ойнауға әкесі мен шешесі болып, қуыршақтармен ойнау басталады. Бұл да бала психикасындағы өзгерістердің бір нышаны. Ойын арқылы ақпарат жеткізіп, тура жолға икемдеу осы кезден басталады. Жеті жастан оннан асқанға дейін де бала бойында ерекше өзгерістер өтеді. Оны мамандар баланың құлқына қарап, «жайыма қойшы» деген бір ауыз сөзбен сипаттайды. Осы жасында алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Араға жылдар сала, жеткіншек жасөспірім атанады. Бой пішімі қалыптасып, бала табиғаты да айқындала бастайды. Егер балаңыздың бойында қалыптан тыс әдеттер пайда болып, қалай түсінеріңізді білмесеңіз, онда мамандармен ақылдасқан жөн. Осы кезеңдерде ересектердің жіберіп алған олқылықтары бала тәрбиесінде орын алып, орны толмас өкінішке жеткізуі де әбден мүмкін.

Дайындаған:
Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button