Басты ақпарат

Бала зорлау тыйылмай тұр

Бала зорлауға қатысты ресми деректер тым қорқынышты. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет соңғы 5 жылда кәмелетке толмаған 964 баланың зәбір көргенін растайды. Бұл – бейбіт өмір кезінде 964 баланың болашағына балта шабылды деген сөз.

Өлім жазасы керек пе?

Соңғы рет Қызылорда облысы Шалқия ауылында болған оқиға елді дүрліктірді. Біреудің әлпештеп отырған аяулы қызын қапияда зорлап, артынша өлтіріп кеткен педофил ұсталды. Тура осыған ұқсас жағдайлар еліміздің әр өңірлерінде жиі қайталануда. Сондықтан астаналық адвокат Ләззат Ахатова барша қазақстандықтардың атынан «Педофилдерге өлім жазасы тағайындалсын» деп ҚР Президентіне ашық хат жазып, петиция жариялады. Онда заңгер Елбасыдан педофилдерге өлім жазасын тағайындауды заңмен бекітуді сұрап отыр.
«Қазіргі уақытта елімізде сәби зорлау дерегі күннен-күнге көбейіп барады. Бірер жыл бұрынғы алты жасар қыз баланың өлімі, сарыағаштық жеті жасар баланың зорлануы, Қызылордадағы тоғыз жасар қыздың анасын өлтіріп, өзін зорлауы, Алматы облысындағы алты жасар қыздың зорлануы, тағы сол сияқты сұмдық оқиғаларды күн сайын ақпарат алаңынан оқимыз, естиміз. Алматы облысының өзінде бір аптада бес сәби педофилдердің құрбаны болғаны жөнінде ақпарат бар. Қазіргі уақытта петицияға үш күннің ішінде 300-ден астам адам қол қойды» дейді заңгер. Аталған петицияда ұлтымыздың болашағы – балаларымыздың тағдырына жанашырлық танытып, аталған қылмыстарды жасаған педофилдерді қатаң түрде жазалауды, яғни ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА кесуді заңға енгізу сұралған.
Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын Ақтөбеде болған бала зорлығына қатысты қайғылы жағдайдан кейін он мыңға жуық адам педофилдерге өлім жазасын сұрап, Президентке ашық хат жазған еді. Нәтижесінде, педофилдерді химиялық жолмен кастрациялау туралы заң күшіне енді. Бала зорлығына байланысты ауыр қылмыстар қайталанып жатқан тұста, халықтың талабы да сол, қайтадан өлім жазасын енгізу болып отыр.

126 педофил бостандыққа шыққан

Қазақстанда 4 жас пен 13 жас аралығындағы балаларға зәбір көрсеткен 126 педофил сотталып, жазасын өтеген соң бостандыққа шыққан екен. Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталында олардың электронды картасы жасақталған. Онда педофилдердің аты-жөні, түрі (фотосы), қай өңірде тұратынын бәрін көруге болады. Таңқаларлығы, педофилдердің көбі мерзімінен бұрын босатылған. Ал түрмеден шыққаннан кейін олардың тағы да бала зорламайтынына кім кепіл?
Мамандардың айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарында қабылданған жаңа заңға сәйкес, педофилдерді химиялық жолмен кастрациялау қолға алынды. Осыған байланысты медициналық ұйымдарға биыл 9 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған. Ең қомақты сома Қарағанды облысына бөлінген – 1,936 миллион теңге. Жаңа заң бойынша бір педофилді химиялық жолмен кастрациялау үшін бюджеттен 127 мың теңге кететін көрінеді.
«Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап педофилдерге химиялық кастрация жасалынады. Оларға арнайы дәрі егіледі. Нәтижесінде, белгілі бір уақыт аралығында педофилдердің жыныстық қатынасқа деген белсенділігін айтарлықтай төмендейді. Бұл – жасөспірімдерге қарсы зорлық санын азайту мақсатында қолға алынған шара. Жалпы, кастрация қажет немесе қажет еместігі туралы соңғы шешімді сот қабылдайды» дейді астаналық заңгер Гүлмарал Бейсенбаева. Оның айтуынша, сот қажет деп тапқан жағдайда педофилге ципротерон препараты мәжбүрлі түрде салынады екен.

Ауыр жұмысқа жеккен жөн

Жалпы, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде елімізде көп балалы отбасыға небәрі ай сайын 10 005 теңге бөлінетіні туралы көп жазылуда. Есесіне, мемлекет тарапынан сотталушыларды асырауға бөлінетін қаржы қомақты. Қазіргі таңда бас бос­тандығынан айыру орындарында 27 мың адам жазасын өтеуде. Оның 6 мыңы уақытша ұстау изоляторында екен. ҚР ІІМ Қылмыстық атқару комитеті таратқан мәліметте сотталған және тергеуге байланысты қамалған адамды асырау үшін бір күнге – 2,4 мың теңге, жылына 876,9 мың теңге жұмсалады.
Әрине, ешкім түрмеде жетіскеннен отырған жоқ. Дегенмен, аяқ-қолы балғадай педофилдер қосымша қаржының соры екені ақиқат. Белгілі болғандай, сотталушы педофилге жыл бойы 26 укол салынады екен. Ал бір препараттың бағасы 4000 теңгедей тұрса, балаларымыздың болашағын таптаған бір адамға жылына 127 мың теңге кетеді.
Кезінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болған Зағипа Балиева да балаларға зәбір көрсеткендер әуелі заң аясында жазаланатынын, десе де, заң әлсіз екенін мойындаған еді. Оның «Заңды қатаңдату керек. Себебі қазір оннан он бес жылға дейін түрмеге жібереді. Меніңше, бүкіл өмірге түрмеге жабу керек» дегені есімізде.
«Өлім жазасы қолданылмай педофилдерден қоғамға төнетін қауіп сейілмейді. Жазасын өтеп шыққандардың қайтадан қылмыс жасайтыны талай рет дәлелденген. Елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Ендеше педофилдерді өмір бойы ауыр жұмыс орындарына жеккен жөн. Оларды мемлекеттің ақшасына қанша жыл асырағанша, өндіріс орындарында жұмыс күші ретінде пайдаланған абзал» дейді сарапшы Сандуғаш Ақмырзаева. Құқық қорғау саласында біраз жыл тәжірибе жинақтаған маманның пікірінше, қоғамдағы қылмыс санын азайту үшін оларға әлемдік тәжірибедегідей «оқшаулау» сая­сатын ұстанған жөн.

Әлем қалай жазалайды?

Индонезия, Қытай, Иран, Солтүстік Корея, Мысыр, Үндістан, Сауд Арабия, Латын Америка, Африка елдерінде педофилдерге өлім жазасы қолданылады. Ал Франция, Бельгия, Дания, Ұлыбритания, Чехия, Польша елдерінде біздегі жаза, яғни химиялық кастрация қарастырылған. Ал АҚШ-та жазасын өтеп шыққан педофилдерге мектеп, балабақша, балалар алаңы, мектеп аялдамаларында, жалпы балалар жүретін орындарға жақындауға қатаң тыйым салынған екен. Тіпті, төлқұжаттарына дейін бала зорлағаны туралы ақпарат жазылады.

 

Марат АХМЕТЖАНОВ,
Бас прокурордың орынбасары:

– Қазіргі заңнамада педофилдерді бақылау шаралары күшейтіліп отыр. Біз оларды үнемі бақылайтын боламыз. Дәрігерлер ондай адамдардың жыныстық өзгерістерін жіті қадағалайды. Мысалы, оны түрмеден босатты дейік. Егер одан қандай да бір қауіп болса, онда xимиялық кастрацияны тағы жасайтын болады.

Мария АБДРАМАНОВА,
ата-ана:

Көршім Лаураның қызы осындай азғындықтың құрбаны болды. Мектепте оқитын оқушыны үйінде ешкім жоқ екенін пайдаланып, көрші жігіт зорлап, артынша адам танымастай етіп өлтіріп кетті. Бәріміздің жүрегіміз ауырды. Қылмыскер түк болмағандай көрші үйде шәй ішіп отырған жерінен ұсталды. Оның бұған дейін де қыз зорлап, жазасын өтеп шыққаны туралы айтылып жатыр. Анық-қанығын құқық қорғау органдары анықтар. Егер расталса, онда педофилдерді өмір бойы түрмеден шықпайтындай ету керек. Айдын-күннің аманында баламызды қорғай алмау – сұмдық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button