Жаңалықтар

Бақыттың бір кілті – еңбек

Батыстағы соғыс өртінің басыла қоймаған кезі. Елдегі еңкейген кәрінің, ақ жаулықты аналар мен бастарына орамалдарын желке тұстан тарта байлаған жас келіншектердің, тал-шыбықтай бұралып бой жетіп қалған қыздардың да әлі бел жазып еңсе тіктер сәті тумаған. Ала жаздай судың ішінде тұрып өсірілетін күріш егістігінің басы көктемгі дән себуден, күзгі орақ аяқталғанға дейін қыбырлаған тірліктен толастамайды. Колхоз басшылары күріш пен тары дән байлай бастаған кезде ана сүті әлі таңдайынан кетпеген бала, бұғанасы қатпаған көкөрім деп қарамастан қолдарына дабыл беріп таңғы алакеуімнен егістік басына жеткізісімен, торғайларды, қарғаларды, тышқандарды үркітуге, шегірткелерді қуалауды бұларға міндеттеп қоятын. Жалаң аяқ, жалаңбас күн астында жүріп, әбден қатып семіп жүретін.– Атызда отақ орып, егістікте масақ тердім, қызыл қырманда сыпырғымен күріштің дәнін жинадым, қыста қоймадағы күріштің ішіндегі күрмектерді тазаладым. Малдың қиын тазалау, шөбін салып, суын жеткізу де менің, мен сияқты жас балалардың үйреншікті жұмысы болды. Анаммен бірге шөпшілерге тамақ дайындау­ға отын әкеліп, от жағатынмын. Қозы бағып, қырықтық кезінде жүнді қапқа салдым. Осылайша, мен еңбектің кермек дәмін балғын бала кезімнен терімді ағыза жүріп таттым, – дейді бүгінде сексен жастың белесіне иек артқан Тұрсынбай Ахметов ақсақал.
Бір қарағанда осының бәрі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған шығармаларда талай жазылған, көз үйренген жайлар сияқты көрінеді. Бірақ осы жайларды оның тірі куәгерінің аузынан естіп отырғанның жайы тым бөлекше әсер беретіні бар.
– Менің тұрғыластарымның арасында тұрмыстың ауыртпалық жүгін басынан өткергендер жоқ дей алмаймын. Сондай отбасылардың санатына өзімді де қосамын. Екі інім, ересегі мен, төсек пен есіктің алдына шығудан әріге қауқары жоқ сырқат ері Ахметтің бар сүйенері де, таяныш-тірегі де біздің анамыз, әкейдің қосағы – Бәйімбетқызы Күмісгүл. Басымызда жөндемді баспана болмағандықтан жерден қазылған жертөледе күн кешкен кездеріміз де болды. Әйел адам қайраттанса, не қиындықты болсын жеңіп шығады екен. Мен анамның бойынан сол қайсар мінезді көрдім. Тіпті 1947 жылы күйе­уі – біздің әкеміз қайтқанда да балалары жетімсіреп жасып қалмасын деп, тамағымызды тауып, иінімізді бүтіндеп жүрді. «Білімсіздің ертеңі сағым. Ол бұлдырап алыстан алдау­сыратып тұрады. Сабақтан қалмаңдар, оқыңдар» деп екі күннің бірінде құлағымызға құйып отыратын. – Осыны айтқан Тұрсынбай ақсақал сәл тосылып қалған. Жүзіне қарасам, өзіне мына өмірдің жарық нұрын сыйлаған жанға – анасына деген ерекше бір қимастық сезімге бөленіп іштей толқып отыр­ғанын аңдағандай болдым.
Жастай еңбекте пісіп-қатқан, анасының оқы деген бір ауыз сөзін жерге тастамау бүгінгі сексеннің сеңгіріндегі Тұрсынбай ақсақалдың өмірлік қағидасына айналған десек болады. Әкесі қайтқан 1947 жылы мектептің бірінші сыныбының табалдырығын аттағаннан 1957 жылы кәмелеттік аттестатты алып шыққанға дейін білімнің кенін тереңдете игеруден бір жаңылмады. Тарихи, әдеби, ғылыми кітаптарды іздене жүріп оқуды басты мақсаты етті. Бірақ қолдың қысқалығы, үй тірлігінің жұтаңдығы қолын байлағандықтан, алысқа ұзап шықпай мектептен қанаттанып ұшқан сәттен бірден Қызылорда совхозтехникумына оқуға түсіп, оны 1960 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Бұл білікті, білімді қазақтың жас мамандарының өте аз кезі. Өзі 1939 жылы 17 желтоқсанда өмірге келген Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы 1 Май атындағы ұжымшардың (кейін Мұстафа Шоқай атындағы кеңшар аталған) Айдарлы бөлімшесіне экономист әрі агроном болып қызметтің алғашқы баспалдағынан аттады. Жұмысы да көңіліне жақты. Шаруашылық басшылары да оның іске алғыр, жігерлі, талапшыл екенін аңдап мүмкіндігінше қолдарынан шығарып алмауды басты мұрат тұтты. Оның да себебі жоқ емес-ті. Өйткені кадрларының қандай ауанда жүргенін қалт жібермей бағып отыратын директор Тұрсынбайдың да соңғы кездері әлденеге алаңдап жүргенін сезбей қалмады. Бірде өзіне шақырып алды.
– Қарағым Тұрсынбай, осы сенің не ойлағаның бар, әлде жұмысыңа көңілің толмай жүр ме? Айтып көр, басқа бір жайын қарастырармын? – деді алыстан орағыта.
– Ағай, дұрыс аңдаған екенсіз. Мына Алматыға Ленинградтың электротехникалық университетінің оқытушылары келіп, үміткерлерден емтихан алып жатыр екен. Өзіңіз білесіз, мектепті де, техникумды да жақсы бітірдім. Бағымды сынап көрсем деген ойда жүрмін, – деген бұл директордың өзіне іштарта жылы сөйлегеніне.
– Әй, өзің не деп кеттің?! Техникумдық білімің аз болып тұр ма? Сонда жалғыз шешең, екі ініңді қайтпексің? Оларға тірек, тұлға болатын азаматты сен деп тұрсам, қайдағыны қоңырсытып… – Директор сөзінің аяғын жұта бұған дүрсе қоя берген.
– Апамның өзі ел іші, от пен суға қарап қалмаспыз, оқы деп отыр… – деп енді Тұрсынбай анасын алға тарта жұмсара сөйледі.
Ендігі егестен, екеуара айтыса беретін жайдан опа болмасын сезді ме, директор сол жерде жас жігітке жұмыстан шығатын арызын жаздыртып, қолын қойды да:
– Бар кадр бөліміне. Бірақ қайтып келер есігіңді қатты жаппа деген, алда-жалда жолың болмай қалса, осы кеңшардан бір орын табыларын қаперіңде ұста, – деп қолымен есік жақты нұсқады.
«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегеннің кері келді. Конкурстық бәсекеде жолы болмады. Санатқа ілікпей қалды. Ауылға қайтар бет тағы жоқ. «Айтқаным айдай келді» деп алдымен директоры қол шапалақтап қуанатындай сезінді. Тұрсынбай енді оқу орнының дәлізінде аңтарылып тұра бермей: «Сүрінбес тұяқ болмайды, осы құжаттарымды Алматы ауыл шаруашылығы институты мен ҚазМу-дың биология факультетіне тапсырып көрейін. Біріне болмаса, екіншісіне жолым түсер» деп өзін іштей қайрап, осы байламға тоқтады.
Әлде бақ, әлде бап шапты ма, Алматы ауыл шаруашылығы институтының көп салалы инженер-механиктер дайындайтын факультетіне 18 балмен аттай шауып қабылданды да кетті. Осылайша 1961 жылы институтқа оқуға түскен Тұрсынбай Ахметов оны 1966 жылдың желтоқсан айында, яғни 5 жыл 10 айда жан-жақты толысқан, жоғары білімді азамат болып қалыптасып шықты.
Шыны керек, институт Тұрсынбайды шыңдады. Екінші курстан бастап бокспен шұғылданды, Алматы қалалық қылмысты іздестіру бөлімінің штаттан тыс қызметкері, «Жас чекистер» патриоттық клубының мүшесі, институт комсомол комитетінің бюро мүшесі болды. Мұндайларды сол тұстарда елдің нағыз отаншыл белсенді азаматтары деп жоғары бағалайтын. Бойындағы жалыны алаулап тұрған жас жігітті республиканың Ішкі істер министрлігі де аңдамай қалған жоқ. Өздеріне қызметке шақырып, бір емес, бірнеше рет әңгімелес­кені бар. Алайда отбасының жағдайын көлденең тартып, басқа жаққа жолдамасыз еркін дипломға ие болды.
– Мен анамның оқы, білімді азамат бол деген үмітті тілегін осылайша ақтадым десем болады. Инженер-механик мамандығыммен алдымен 800 бала оқитын училищеге оқыту шебері болып қызметті жаңа жерден бастап, бұдан кейін 3 жыл кешкі жұмысшы-жастар мектебінің директоры қызметіне ауыстым. Ал Қасен Шаяхметұлы Бектұрғанов облыс хатшысы болып тұрған кезде облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы бастығының орынбасары, №152 училищенің директоры қызметтеріне жоғарылап, өзімді барлық жақсы қырымнан таныта алдым. Еліміздің тағы бір танымал тұлғаларының бірі Ыдырыс Қалиев облыстық атқару комитетінің төрағасы тұсында 23 жыл облыстық, қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы болдым. Қай салада жұмыс істесем де, адалдықты, ісіме тиянақтылықты әрдайым бірінші орынға қойып жүрдім. Соның жемісі десем болар, облыс хатшысы Исатай Әбдікәрімовтың де назарына түспей қалмадым. 1980-1985 жылдары облыстық газ шаруашылығының бастығы, бас директоры қызметіне тағайындалдым. Тіпті осы қызметте жүріп 1984 жылы Қызылорда политехникумының азаматтық құрылыс бөлімін құрылыс-технигі мамандығы дипломын да алып шықтым. Білім ешқашан да артықтық етпейді дейтін менің қағидам бұл, – дейді жайдарылана өз өміріне шынайы риза ақсақал.
Иә, айтары жоқ. Еліміздің біртуар асыл азаматтары Еркін Әуелбеков, Бердібек Сапарбаев сияқты тұлғалардың алдын көріп, қанаттаса еңбек еткен де осы бүгінгі Тұрсынбай Ахметов ақсақал. Қызметтің қай саласының тізгінін ұстаса да ұршықша иіріп әкететін Сыр өңірінің азаматы Қызылорда облыстық тұрғын үй, энергетика-өндірістік шаруашылық департаментінің бас директоры қызметінен 2001 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, болдым, енді қойдым деген жоқ. Керісінше, әлі де бойда қайраты, қолда күші бар, тәжірибесі кімді де болсын тәнті ететін тұлға екендігін дәлелдей алған да жан. Олай дейтініміз, 2001-2005 жылдарда Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, ал 2005-2013 жылдарда Автомобиль жолдары компаниясы бас директорының кеңесшісі және бөлім бастығы қызметінің тұтқасын ұстады. Осында ары да, жаны да таза, ақылы кемел Мақаш Қалымбетов деген өзінен жасы көп ілгері азаматтың парасатты мінезіне ерекше тәнті болғаны бар. Ол прораб, учаске бастығы ретінде жол салудың таптыр­мас майталман маманы е­ді. Жұмыста жіберілген сәл олқылықты қалт жібермей, жұмысшыларға да, басқармадағы осы іске бас-көз болатын азаматтарға да қатаң талап қоя білетіндігімен ерекшеленетін.
– Мақаш ақсақал: «Өмірге қонақ болып келіп, қонақ болып кететіндер бар. Ондайларды тоғышар дейді. Керісінше ісіңмен танылып, елге қызмет қылсаң, абыройдың үлкені сол. Бақытты болудың кілті – еңбек, содан рахат алу» дейтін. Бәлкім, мен осы Мақаш ағаның айт­қанындай еңбектен бақыт тапқан жан шығармын. Өйт­кені саналы өмірімнің 53 жылын біліммен, еңбекпен ұштастырғандағы жетістігім елдің көз алдында, туған Қызылорданың өңірінде. Мен соны өзіме қанағат тұтамын, – дейді абзал аға, мұратты мақсатының биігіне көтерілген Тұрсынбай Ахметов ақсақал.
Анығы сол, өмірінің қай белесінде де белсенді, қайратты қалпынан таймаған Тұрсынбай ақсақал 1994 жылы тұлпар мінезді ақын Олжас Сүлейменов төрағасы саналған Республикалық халық конгресі партиясы съезінің шешімімен Қызылорда қаласы №74 «Дария» аумақтық сайлау округінен Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып ұсынылған. Бірнеше рет қалалық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланған.
Сондай-ақ облыс басшыларының еңбегін бағалағанының белгісі ретінде ордендермен, медальдармен және «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының құрметті қызметкері», «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгілерімен, Қазақстанның 25 жылдығы медалімен марапатталған. «2009 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды. Жасынан спортты серік еткен Тұрсынбай ақсақал бүгінде Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде жеткіншек ұрпақты тәрбие­леуге атсалысуда.
– Алматы ауыл шаруа­шылығы институтын бітірер жылы 1966 жылдың қараша айында пединституттың ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бар Мария Жүнісбековамен бас құрап, анам Күмісгүлдің қолын ұзартқан едім. Содан бері 55 жыл жұбымыз жарасқан берекелі отбасы болып келеміз. Тұңғышымыз 1967 жылы туған Ғалымжан қазіргі кезде Қорғаныс минис­трлігінде заңгер, оған тетелесе туған қызымыз ­Гүлсім Алматыда банк саласының қызметкері, ал кенжеміз Ғалия ағасының жолын қуып заңгерлік мамандығымен қызметін атқарып, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Бәрі де отбасылы, шаңырақты, шаттықты. Соның арқасында зайыбым Мариямен бірге 9 немере және де шөбере көріп отырған жайым бар. Бақытын еңбектен, көз қуаныштарын отбасынан көріп отырған жан болса, соның бірі менің шаңырағым, – дейді сексеннің иығына қол артқан Тұрсынбай ақсақал.
Бұдан асырып айтар сөз де артық болар, сірә!

Аманкелді ЖҰМАБЕК, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button