Таным

Билер сотының бітімгерлік салты

cee4ae06d130e1e28ad3fc80f9d32300_big

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белес-тер жылы» дей келіп, биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ата заңымыздың 20 жылдығын атап өтетіндігімізді мәлімдеген еді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойын атап өтудің сот билігі тарихындағы маңызы ерекше. Өткенімізді таразылап, бүгінімізді безбендеу үшін қазақ халқының дәстүрлі құқығы мен билер сотының інжу-маржандарын ортаға салып, құнды деректермен бөлісудің маңызы зор.

Тарих беттеріне үңілсек, қазақта түрме мен абақтыға қамап, бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шаралары болмаған. Адам өліміне соққан қылмыстың өзі құн төлеумен, яғни, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» билер кесімімен бітімін тапқан. Сондықтан, қазақ билері бейбіт шешім, бітімгершілік рәсімін әділ сөз, өткір тіл құдіретімен тоқтатқан. Құн, жер, жесір дауы, барымта, қарымта даулары да шешен сөз, ұтқыр ой, парасатты пайыммен бейбіт түрде шешілген. Билер, ең алдымен, даугер мен құныкерді өзара бітістіріп, даудың артын үлкен жанжалға айналдырмауды ойластырған. Ханға да, қараға да бұра тартпай, оларды би кесіміне бас идіре білген. Жалпы, қазақ – сөз құдіретін ежелден бағалаған халық. Оған бидiң бас-ты қаруы сөз екендігі, ал сөзге тоқтамау ең ауыр айып саналғаны дәлел. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет.

Қазақ заң ғылымының корифейі, ғұлама ғалым Салық Зимановтың «Би – ең алдымен сот» деп жазуы бекер емес. Себебі, шындық пен әділдікке жету – дәстүрлі қазақ құқығының, соған негізделген билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі. Сондықтан, билер шешімі мен кесімінің түп қазығы – әділдік. Бабаларымыз «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас ій» немесе «Би – төрттің құлы, бұл төртеуі – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деп, бидің қашан да әділеттің құлы екенін өсиет етіп кеткен. Билер сотындағы басты мақсат әділдік болса, оған жетудің ең үлкен жолы – сөз сайысы. Билер сөз таластыру нәтижесінде дауласушыларды өзара бітімге жетелеген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, бет-жүзіне қарамай, қара қылды қақ жара шындықты айту, биге жүгінген екі жақтың да өз іс-әрекеттерін саралауына мүмкіндік берген. Билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды бітістіру, татуластыру, табыстыру болды десек, «Дау мұраты – бітім» деген нақыл сөз содан қалған.
Ұлттық салт-дәстүрлер – дала заңының қайнар көзі. Соған сай заң нормаларына сүйенген билер дау-дамайды көркем сөзбен, кестелі оймен рет-ретімен тарқатып отырған. Билер тек соттың ғана емес, сонымен қатар, сот процесіндегі адвокаттың да, прокурордың да, тергеушінің де, судьяның да рөлін атқарды. Оны олардың «айттым бітті, кестім үзілді» деген бір тарапты ғана қолдайтын пікір айтпағандарынан көруге болады. Билер алдына келген даудың шындығына жету үшін тергеу амалдарын да жасаған. Мысалы, Әйтеке би ұрыны анықтау үшін арнайы киіз үй тіктіреді. Үйдің ішін көз көрместей қараңғы етіп, оған қара күйе жаққан ақ лақты қамайды. Сөйтіп, күдікті деп алдына алып келген төрт-бес жігітке «үйге кіріп лақты сипайсыңдар, егер лақ қайсың сипағанда маңыраса, онда сол – ұры» дейді. Күдіктілер киіз үйге кіріп, далаға шыққанда би олардың қолдарын қарайды. Сөйтсе, бәрінің алақаны қара күйе де, біреуінің ғана қолы таза болып шығады. Яғни, ұры лақты сипасам маңырар деп қорқып, өзін-өзі ұстап береді. Ұры бұлтартпас айғақпен ұсталды. Енді ол жалтара алмайды, мал иесіне екі-үш есе құн төлейді. Демек, қазақ даласындағы даулардың әрқашан бітіммен аяқталуының бір дәлелі билердің осындай тапқырлығының арқасы деуге болады. Халқымыздың біртуар ұлы, ұлт жанашыры Нәзір Төреқұловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың, прокурордың, милицияның – қаншама мекеме мен ұйым басшыларының қызметін атқарды» деуі, қазақ даласындағы билер рөлінің баға жетпес құндылығын айқындайды.
Заңгер-ғалым С.Созақбаев өзінің «Тәуке хан. Жеті жарғы» атты еңбегінде қазақ қоғамындағы даулы істің қаралуын екі сатыға бөледі. Мысалы, соның біріншісі – дауласқан тараптар билердің істі қарауына дейін, өзара келісім арқылы дау түйінін шешуге әрекет жасайды. Дәстүрлі құқықтық мәдениетте оны «Бітім», «Береке» немесе «Салауат» деп атаған. Соның біріншісіне тоқталсақ, «бітім» – аты айтып тұрғандай, екі жақтың өзара келісімі арқылы даудың аяқталуы. Мұндай жағдайда, яғни, екі жақ бітімге келсе, одан кейін ол істі билерге қарауға құқық берілмейді. Себебі, бітімді, өзара келісімді бір жақты бұзу – сөзде, сертте тұрмаудың белгісі. Ал бабаларымыз сертте тұрмауды өліммен бірдей санаған. Қазақ даласындағы осындай тамаша қасиеттерге сүйсінген орыс ғалымдары билер сотының халқымыздың салт-дәстүрлерінен бастау алатынын мойындаған. Мысалы, қазақ халқының әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов секілді ғалымдар «Қазақ билер соты – бітім мен келісім соты» деп таңғала жазса, көп жылдар бойы Қазақстандағы патша əкімшілігінде қызмет еткен көрнекті орыс зерттеушісі С.А.Словохотов билер сотының халыққа жақындығына, əділдігіне көзі жетіп, билер сотын «бірегей» жəне «халықтық» деп бағалаған.
Қазақ билер сотының бітімгерлік рәсімінің тағы бір көрінісі – Тәуке хан тұсында қалыптасқан «Жүгініс» институты. Бұл институт тек екі адамға ғана емес, рулар арасындағы даулар мен қақтығыстарға да шешім шығарады. Руаралық, ауыларалық дау-дамайды билердің алқалық құраммен қарау рәсімі тарихтан белгілі. Оның тәртібі бойынша істі қарауды бастамас бұрын дауласушылардың келісімімен, дауға ешқандай қатысы жоқ, әділеттілігімен ел көзіне түскен, ақыл-парасаты жоғары, қарапайым тілмен айтқанда, ала жіпті аттамаған төбе би сайланады. Төбе би даудың шығуына себеп болған істің мән-жайын бүге-шігесіне дейін алқа құрамындағы билерге баяндап, екі жақты өзара бітімге келуге шақырады. Соның өзінде дауласушылар бітіспесе, онда билерге ұсынылған барлық дәлелдер таразыға салынып, алқа өздерінің билігін айтады. Даудың соңы «ала жіп» кесу рәсімімен аяқталады. Төбе би жұртшылық алдында дауласушы тараптарға немесе олардың өкілдеріне ала жіптің екі шетін ұстатып, ортасынан кеседі. Мұның өзі билер сотының қандай жағдайда да даудың бітіммен шешілуін көздегенін байқатады.
Поляк ғалымы А.Янушкевич жазбаларында өзінің осындай уақиғаға куә болғанын жазады. Соған қарағанда, бұл ғұрыпты қазақтар дау шешудің жеке-дара жағдайында да қолданып келген. Ғалымның баяндауынша, екі қазақ бірдеңеге таласып, әділ төрелігін есту үшін биге жүгінеді. Ол билік айтқан кезде дауласқандар жіптің екі басын ұстап биге береді. Даудың шешілгендігінің белгісі ретінде ол жіпті екіге бөледі. Бұл ғұрыптың орындалуы даудың аяқталуын, қарсы жақтардың мәмілеге келуін, қазылыққа ризалығын аңғартады. Егер «ала жіп» кесілмей тарқаса – даугерлер билікке риза болмай, жанжалдың шешімі кейінге қалғаны. Яғни, бітімгерлік рәсімінің негізгі белгілерінің бірі – ала жіптің кесілуі. Қазақта даулы мәселелер өш алу, есе қайтару мақсатымен емес, гуманистік құндылықтар аясында ел тыныштығын, ағайын татулығын сақтау тұрғысынан қаралған. Дау дұрыс шешімін тапқан жағдайда, айыпкер жасаған қылмысының көлеміне қарай ат-тон айыбын төлеген. Бабаларымыз сот билігінде «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген даналықты берік ұстанған.
Даугерлер мен жауласқан руларды тапқырлық айтқыштығымен бітімге келтіру арқылы ел арасын татуластырып, рулық қарым-қатынастарды нығайтуда дала билерінің данышпандығы үлкен рөл атқарды. Бұл тұрғыда Майқы би, Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, тағы басқа билерді ел мен ел, ағайын-жегжат арасын алыс-татпай, бір-бірімен жарастырушы бітімгер, ел-жұрт құрметтеген тарихи тұлғалар ретінде ерекше атауға болады. «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады» демекші, олар дауды шешу кезінде сот əділдігін барынша қамтамасыз етуге тырысып, ақиқаттың ақ туын жоғары ұстады. Дауды қарау барысында əрбір тараптың кеңеске өз биімен, кейде өз руласының мүддесін қорғайтын бірнеше бимен қатысуына рұқсат етілуі де, даудың ушықпай бітіммен аяқталуына мұрындық болды. Билер сотында сырттан кездейсоқ келіп бір тарапты жақтауға рұқсат етілмеді.
Тарихқа жүгінсек, қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы ашық, жариялы түрде өткен. Яғни, барлық уақиға жұртшылықтың көз алдында өрбіген. Тіпті, дауласушы тараптардың пікірталасы, тартқан куәгерлері мен келтірген дәлелдерінде құпиялық болмаған. Дау шешудегі ашықтық, сонымен қатар, билер шешімінің міндетті түрде орындалуы олардың беделін одан әрі нығайта түсті. Егер салынған айыпты төлей алмайтын болса, онда билердің құн төлеуді жауапкердің туыстары немесе ағайындарына жүктеуі – билер сотының «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» дейтін даналықты ұрпақ санасына сіңіріп, қазақ халқының бауырмалдылығы мен ынтымағын мәңгі етуді мақсат еткен ізгі бағытынан туса керек. Екі жақ келісіп тұрғанның өзінде, жауапкердің өз міндетін орындауға шамасы келмеуі мүмкін. Сондай жағдайда оны қиыншылықтан ағайын-туыстың көмегімен алып шығуы – билердің асқан көрегендігінің әрі билер сотындағы бітімгерлік рәсімін нығайтудың жарқын көрінісі.
Академик С.Зиманов бұл тұрғыда: «Қазақ құқығында барлық дау-дамайлар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, масқаралайтын азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Жетімін жылатпады, жесірін тастамады. Бұдан артық қандай ізгіліктік керек?!» дейді. Шынында да, қазақ халқының мақтанышына айналған данышпан билеріміз əділсотты жүзеге асыру арқылы ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, елдің біртұтастығын нығайтуға ерен еңбек сіңірді.
Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрып нәтижесінде қалыптасқан құқықтық мәдениетінде көп халықта кездесе бермейтін еркіндік бар. Мысалы, олар билер сотының шешімімен келіспесе, өзiнiң қарсы пiкiрiн бiлдiрiп, абыройын ақтауға құқылы. Халық түсінігінде соттың басты мiндетi – үкiм шығарып, айыпталушыны қайткенде де жазалау емес, төрелiк етiп, әдiлеттiлiк орнату. Бұған жоғарыда айтқан билер сотының бітімгерлік рәсімдері дәлел. Билер мәртебесi қазақ жұртында қашан да жоғары бағаланған. Әдiлеттiлiгiмен аты шығып, турашылдығымен жұрт көңiлiне жаққан билер ел бiрлiгiне нұқсан келтiріп, ағайын арасында алауыздық туғызғандарды тезге салып отырды. Ендеше, дәстүрлі қазақ қоғамының идеологиялық iргетасының өзi билер институтынан нәр алып жатыр десек артық айтқандық емес. Сондықтан, қоғамымыздың идеологиялық негізін нығайту бағытындағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған іс-шараларды жандандыру мақсатында, ұлтымыздың үштағаны іспеттес «сөз – билік – заң» секілді құндылықтар құдіретін ұштастыра білген қазақ билерінің үлгісі қоғамымызда іргелі түрде кеңінен насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туын желбіреткен тұста дана билеріміз ұстанған бітімгерлік мұраты қайта жаңғыруда. Соның айқын көрінісі – «Медиация туралы» заң қабылданып, қоғамымызға медиаторлар институты енді. Билердің «Дау мұраты – бітім» деген ұстанымын бүгінгі таңда соттар да жалғастыруда. Атап айтқанда, тараптар арасындағы дауды шешер алдында судьялар қолданыстағы заң талабына сәйкес, олардан міндетті түрде істі бітімгершілікпен шешуге келісімін сұрайды. Тараптар келісімге келсе, дау бітімгершілікпен бітеді. Мұны айтып отырғанымыз, еліміздің Жоғарғы соты бабалардың осындай бай мұрасын заманға сай жаңғыртуда өлшеусіз еңбек етуде. Сондықтан, билер соты – дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан билік институтының құқықтық нормаларды реттеудегі озық үлгісі ретінде ұрпақ жадынан өшпейді.
Ойымды даналар сөзімен қорытар болсам, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» десе, Елбасымыз өз сөзін «Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихын ой елегінен өткізіп, «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз?» деген төңіректе ойлансын. Туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен олқы еместігін түсінсін. Әрбір азамат өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жерге лайықты мұрагер болуға ұмтылсын» деп түйіндейді. Демек, тарихты танып, талап үдесінен шыға білу – біздің басты парызымыз.

Айбол ИБРАГИМОВ,
Астана қалалық соты кеңсе
басшысының орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button