Білім

БІЛІМДІГЕ ЕҰУ-дің ЕСІГІ АШЫҚ

_MG_5937 универ гимараты

Жақында Астанада елдің есінде қалатын екі шара өтті. Оның бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жыл сайынғы мектеп бітіруші түлектерге арналған «Ашық есік күні» болса, екіншісі – күйші, жас дарын Айбек Бекбосынның «Мәңгілік» атты тұңғыш шығармашылық кеші және күйтабағының тұсаукесері.

Сол күні Астанадағы 1 мың 500 адамға арналған Конгресс-холдың атшаптырым залына асыққан адамдардың санында есеп болмады. Әсіресе, жүздері жадыраған жастар көктеммен бірге құлпырып, өнер сарайын бетке алып бара жатты.

Салтанатты шараны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерлан Сыдықов ашты.

Оқу орны өздерінің «Еуразия университеті» газетінің бір санын 13 факультеттегі мамандықтарға арнапты, одан бөлек арнайы буклеттер шығарған.

Ректордың мәлімдеуінше, барлық салада ілгерілеушілік бар. Соңғы жылдары университет грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша көш басында. «Алтын белгі» иегерлері мен республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары сұранысқа ие, білікті маман ұстаханасы ретінде елорданың басты оқу орнын қолайлы көреді.

Университет құрамына жалпы саны 36 ғылыми-зерттеу институт, ғылыми орталық және зертханалар қарайды. Елбасының бастамасымен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылған.

Университетте шетелдік мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге танымал атақты ғалымдар мен қайраткерлердің жиі келіп, студенттер мен оқытушылар алдында дәріс оқуы дәстүрге айналған. Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушылардың жалпы мәдени, интеллектуалдық және саяси деңгейін көтеруге әсерін тигізіп, университеттің халықаралық деңгейдегі беделін көтеруде.

Әлемнің көптеген жетекші университеттерімен арадағы қарым-қатынас нығайып келеді. Академиялық ауы­сыммен, басқа да түрлі бағдарламалар аясында студенттерге шет елдерде білім алуға кең мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жетістіктер – университеттің білім беру деңгейінің арта түскендігі және әлемдік стандарттарға сай дамып келе жатқандығының нақты көрінісі.

Қомсынбай айтатын тағы бір жетістік – биыл Еуразия ұлттық университеті әлемдегі жоғары оқу орындары арасында үздік елулік қатарына енді. Білім беруді бағалау бағытындағы QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық компаниясының соңғы QS Top 50 Under 50 рейтингінің нәтижесі бойынша құрылғанына елу жыл толмаған әлемнің 50 ЖОО арасынан 32-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш (QS Top 50 Under 50) – жоғары оқу орындардың ғылыми-зерттеу қызметінің белсенділігі мен сапасы, оқыту және интернационалдандыру, мансап әлеуеті, жұмыс берушілердің пікірі және басқа да белгілер арқылы салыстыру жасауға мүмкіндік береді.

Қай кезде де көш басынан көрініп келе жатқан Еуразия ұлттық университеті Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын да иеленіп, былтыр «QS World University Rankings» рейтингі бойынша әлемнің кеңінен танылған 400 үздік университеті тізімі ішінде 303-ші қатардан көрінген болатын. Ал өз елімізде Білім беру сапасы жөніндегі тәуелсіз агенттіктің қорытындысы бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында қатарынан екі жыл бірінші орынға шықты. Жақында ғана Еуразия ұлттық университеті білім беру сапасы бойынша өткен байқауда ТМД сыйлығының иегері атанды. Университет еліміздегі білім ордалары арасынан мұндай құрметке тұңғыш рет қол жеткізіп отыр. Президенттің бірер жыл бұрынғы жоғары оқу орындарының базасында зерттеу қызметін қайта жаңғырту туралы тапсырмасын ескерсек, университеттің инновациялық паркі мен ғылыми зерттеу институттары ел экономикасына, өндірісіне қажет ғылыми жобаларды жүзеге асыра бастағанын айтпай кетуге болмас. 2013 жылы ғылыми зерттеулерге 1,6 млрд теңге қарастырылып, 180 ғылыми жоба қаржыландырылды. Оған оқу орнының 660 ғалымы тартылды. ЕҰУ Инновациялық паркі мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазіргі күні сол құжаттың шеңберінде бірнеше ғылыми жоба іске қосылды. Ал Шығыс Қазақстан облысында карбид кремний өндіріс зауыты жобасын салудан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарын кәдеге жарататын шағын зауыттың қанатқақты жобасы қолға алынды. Сонымен қатар, Көкшетауда «Шучинск-Бурабай-Зеренді» демалыс аймағының энергетикалық инфрақұрылымын «жасыл технологияға» көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жетістіктер – университеттің білім беру деңгейі мен ғылыми ізденістерге толы белсенділігінің арта түскендігі және әлемдік стандарттарға сай дамып келе жатқандығының нақты көрінісі.

Міне, осының бәрі бүгінгі – талапкер, ертеңгі студенттер үшін!

Базарбек ТҮКІБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button