Тағзым

АЙМАНОВТЫҢ «АТАМЕКЕНI»

Шәкен Айманов

Қазақ елін көптеген ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Олардың ортақ шаңырағы – Қазақстан. Осында ғұмыр кешіп жатқан азаматтар бар бақыты мен болашағын Отанымен байланыстыратыны анық. «Отан» деген ұғым бәріне ортақ. Оның астарында терең философиялық мағына жатқанын, халықтар достастығы дегеніміз татулық пен бірліктің түп қазығы екенін Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильмінен анық көруге болады.

Қазақтың біртуар тұлғасы Шәкен Аймановтың бұл фильмі 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Сценарийін Олжас Сүлейменов жазған. Басты рөлдегі шалды Елубай Өмірзақов сомдаса, оның немересі Баянның бейнесін қазіргі Мәжіліс депутаты Мұрат Ахмадиев жасады.

Фильм үздік режиссерлік шешімі үшін халықаралық кинофестивальда (Майн­дағы Франкфурт, Германия) арнаулы дипломға,1967 жылы Орта Азия елдері мен Қазақстан кинофильмдері байқауында (Душанбе) «Тау хрусталі» сыйлығына ие болды. Халық әртісі Елубай Өмірзақовқа мемлекеттік сыйлық әперген де осы туынды.

Жалпы, фильм идеологияға табынған кеңестік заманда түсірілсе де, оның өн-бойында ұлттық ерекшеліктерімізді айшық­таған кадрлар жиі көрініс бергені таң қалдырады. Айталық, басты рөлдегі шал дәрет алады, намаз оқиды, әруақтарға құран бағыштайды. Бірақ, кинотуынды еш цензураға ұшырамай, аман қалған. Бұл – режиссерлік шешімнің шеберлігіне де байланысты болса керек.

«Атамекен» фильмі соғыстан кейінгі халықтың жағдайы мен қайғы-қасіретін суреттейді. Оқиға желісі бойынша, ақсақал соғыс біткеннен кейін Ленинградта қаза болған баласының сүйегін еліне әкелмекші болып, немересін ертіп жолға шығады. Жолай оларға орыстың археолог шалы мен оның келіні София және Егор атты сарбаз қосылады. Бірақ шал жолсеріктерін «тілі, діні бөлек» деп жақтыра қоймайды. Жердің түбін шарлап, археологиялық қазбалар іздеп жүрген орыс археологына (актер Юрий Померанцев): «Сен өзің қандай адамсың? Адам дегенің туған жерінде, атамекенінде тұруы керек қой» дегенде, ол: «Ақсақал-ау, менікі, сенікі деген жер жоқ. Жер бетіндегі ұлан-ғайыр дала – барлық адамзатқа ортақ. Адам бір-бірімен араласып-құраласып тұру керек. Сонда бір-бірін танып, бауыр баса түседі» дейді. Бірақ, мінезді қарт міз бақпайды.Қазба жұмыстарынан шыққан адамның бас сүйегін немересі ұстай қалғанда: «Тәйт әрі! Бар, қолыңды жу!» деп немересін шапалақпен бір тартқанның өзі өзгені мо­йындай қоймағанын аңғартса керек.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Мурат АхмадиевМұрат АХМАДИЕВ, Халық әртісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

БҰЛ КИНО – БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМДАҒЫ БАҚЫТТЫ КӨРІНІСТЕРДІҢ БІРІ

– Мұрат Абдуреимұлы, Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильміне қалай түстіңіз?

– Мен бала кезден ән айттым. Кино әлеміне осы өнерімнің арқасында келдім деуге болады. 1966 жылы Александр Курочкиннің «О чем молчала тайга» деген фильмінде хакас баласы Алешаның рөлін ойнадым. Кинотуындыны әйгілі режиссер, актер Шәкен Айманов та көрсе керек. Қарамағындағыларға мені тауып әкелуге тапсырма беріпті. Барсам, «Қазақфильм» киностудиясында өзім тек кинодан ғана көретін небір атақты актерлер толып жүр. Олармен танысудың өзі мен үшін үлкен бақыт еді. Бір кезде мені студияғылар бір кабинетке кіргізіп жіберді. Қарасам, төрде екі адам шахмат ойнап отыр екен. Біреуін бірден таныдым. Әйгілі «Алдаркөсе» фильмінің басты кейіпкері! Ол да маған жылы ұшырай: «Кел, балам!» деді де, «Атамекен» деген фильм түсіргелі жатқанын айтып, мән-жайды түсіндірді. Кинода бала Баян ауылдасы – Мәриям атты он сегіз жастағы қызды жақсы көретінін жолсерігі Софияға айтып беретін тұсы бар. Шәкен аға дәл осы сәтті бейнелеп беруімді сұрады. Мен барынша образға кіріп, айтып беруге тырыстым. Айманов бір дубльден кейін-ақ мені Баян рөліне қабылдайтынын жеткізді. Кейін білсем, ол кезде киноны түсіруге небәрі бір апта уақыт қалған екен. Тіпті, қандай рөлді кім ойнайтыны да белгілі болып қойған. Мен келгеннен кейін Баянның рөлін маған берді.

– Фильмге қанша уақыт дайын­дал­дыңыздар?

– Бас-аяғы 8 айдай уақыт дайындалдық. Осы фильмнің арқасында біраз елдімекенді шарладым. Аты дардай әйгілі актерлермен дәмдес-тұздас болдым. Елубай Өмірзақовпен бір жыл бойы фильмге түсу бақытына ие болдым. Фильм сце­нарийінің авторы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовпен сонда таныстым. Кино­туындының музыкасын жазған композитор, КСРО халық әртісі, марқұм Еркеғали Рахмадиевпен жолымыз тоғысты. Қысқасы, бұл – менің өмірімдегі ұмытылмас қызықты кезең болды әрі балалық шағымдағы бақытты көріністердің бірі.

– «Атамекен» фильмін қазір жиі көріп тұрасыз ба?

– Әрине. Отбасымызбен бірге, ара-тұра көріп тұрамыз. Бала бейнемді көру өзіме де қызық. Менің Әбдірайым деген ұлым бар. Қазір 5-сыныпта оқиды. Ол тура кинодағы Баян десеңіз болады. Түр-келбеті менің бала кезімнен айнымайды.

Ақыры, қарт баласының қабіріне жете алмай, орта жолда адасып қалады. Есесіне, атасының аманатын немересі Баян орындап шығады. Ол «дос болайық» деп бауырына тартқан орыс баласына еріп, әкесі жерленген бейітті табады. Алайда, мұнда қазақ жауынгері Отан үшін қаза тапқан жолдас­тарымен бірге жерленген болып шығады.

Фильмнің соңында шал діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен тағдыры бір халық біртұтас болып, тамырласып кететінін ұғынады.

Иә, бүгінде қазаққа сіңісіп, тұтасып кеткен қаншама ұлт бар?! Кезінде солақай саясаттың кесірінен елінен кетуге мәжбүр болған көптеген этнос өкілдерін қазақ халқы бауы­рына тартты. Ешкімді де жатсынған жоқ. Бәрін де бірдей көрді. Өзі аш-жалаңаш болса да, бір үзім нанды бөліп берді. Қанына сіңген дархан пейілінің арқасында басқа ұлттар мен ұлыстар өз тілін, мәдениеті мен тарихын дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ елі – бәрінің ортақ шаңырағы болса, басқалары – оның уық, қанаттары деген сөз. Демек, әр ұлт өкілі тілінің, дінінің бөлектігіне қарамастан, ортақ Отанын өркендетуге, мемлекеттік тұтастықты сақтауға мүдделі. Қиын-қыстау кезеңде өздеріне пана бола білген елдің мәдениеті мен тарихын сыйлап, тілін де үйренуге міндетті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button