Қоғам

Бір кем дүние

Бейсенбі күні Қазақ елі Шер­ағаңдай ардақтысын ақтық сапарға шығарып салды. Сәрсенбі күні Иманбай Жұбай ағамыз Фейс­буктегі парақшасында: «Ертең, 11 қазан күні, сағат 10.00-де Астана қаласы Қазмедиа орталығы киноконцерт залында ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыздың қайтыс болуына байланысты қаралы митинг өткізіледі» деген ақпарат таратты. Шерағаң туралы естеліктер тыңдайық, «қоштасудан қалмайық» деп екі өкпемізді қолымызға алып Қазмедиаға жеттік. Масқара-ай! Отырардың қамалындай болған ғимаратқа жарты сағат бойы кіре алмадық.

Күзетшілер кіргізбеді. Кейін естігеніміздей, қаралы жиынға шақырылғандардың арнайы тізімі жасалыпты. Тізімде жоқтар Алаштың айбарлы ұлымен қоштаса алмады. Әріптесім Азамат Есенжол екеуміз «Қазақстан» ұлттық арнасының қабылдау бөлмесіне телефон соқтық. Орталық есікке екі рет, бүйірдегі есікке екі рет бардық. Еш қайран болмады. Күзетшілер міз бақпады. Ресепшнде отырған түрі қазақ, тілі орыс жігіт ештеңе білмейді екен. Бізбен бірге келген бір үлкен апай ширақтық танытып, әзер кірді. Бұл біздің бюрократияның батпағына әбден батқанымызды көрсетеді.
Кіре алмай, пұшайман болып тұрғанымызда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты, Мырзатай Жолдасбековті Қазмедианың басшылары шығарып салды. Сонда дейміз-ау, министр кіретін жиынға қарапа­йым адам кіре алмаса, несіне дабыра жасап, митингі өткізеді? Ақжағалы шенеуніктер мен ақсақалдарды ғана шақырсын… «Шерағаңмен қош­тасу митингісі өтеді» деп радио­дан хабарлап, әлеуметтік желілерден ақпарат таратпасын… Сонда «Қазақстан» ұлттық арнасы бұл митингіні министр үшін өткізген бе? Ерте келсін, сәл кешігіп келсін, жұртты алаламай, Қазмедианың бүйіріндегі есікті ашып қойсын. Қазмедианың қамал-күзеті барын білетін ұйымдастырушылар осыны неге ойламаған? Шерағаңның өзі жазғандай, «Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды. Ондайлар көп қой. Бір кем дүние».
Шерхан Мұртаза – Алаштың бақыты мен тәуелсіздігі үшін кү­рес­кен біртуар ұлт перзенті. Қаралы митингіні Қазмедиада емес, «Барыс Арена», Тәуелсіздік сарайы сияқты халық көп сыятын ғимаратта өткізу керек еді. Шерағаңмен қоштасуды жастар тағылым аларлықтай мәнді мәжіліс етіп өткізуге болар еді ғой. Ұлт болып ұйысудың орнына бюрократия, көзбояу­шылық, дабырашылдықтан арылмай, кеу­демізді қағамыз. Жас ұрпақ бұл әдетімізден қандай үлгі алады?

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button