ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Біржақты қозғалыс қысқартады жолды алыс

Елордадағы көлік кеп­телісі – әрі-бері жүйткіген жүр­гін­шілердің жүйкесін жұ­қартып жүрген мәселелердің бірі еді. Оны оңтайлы шешуге бай­ланыс­ты жылда арнайы жоба жасалып, таныстырылады. Бірақ, жеме-жемге келгенде жүзеге асуы кейінге қалдырыла беретін. Бұл жолы мамандар нақты жобаны мықтап қолға алған сыңайлы. Астанада осы 28 мамырдан бастап біржақты жол қозғалысы жобасын енгізудің бірінші кезеңі басталмақ. Ал екінші кезең 10 маусымда іске қосылады.
Астана қаласы әкімдігінде өткен арнайы баспасөз мәс­лихатында Жолаушылар кө­лігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов пен «Астана LRT» ЖШС-нің транспорт жөніндегі директоры Рус­там Халилев біржақты жол қозғалысы мен «Bus Lane» – арнайы жолаушылар автобусы жолағы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді.

CjSSs0pW0AAow9L

Басқарма басшысының айтуынша, бірінші кезеңде, яғни 28 мамырдан бас­тап М.Әуезов көшесінде (Республика даңғылынан бастап Ә.Молдағұлова көшесіне дейін), Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Кенесарыға дейінгі аралық) біржақты жол қозғалысы бас­талады. Ал 10 маусымда Абай даңғылында (Сарыарқа даңғылынан А.Пушкин көшесіне дейін), Кенесары (А.Пушкиннен бастап Сарыарқа даңғылына дейін) мен А.Янушкевич (Абай даңғылынан А.Иманов көшесіне дейін) көшелерінде біржақты қозғалыс енгізіледі. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 14,5 шақырым шамасында екен.
–Осы көшелерге біржақты қоз­ғалыс енгізілгенде кептеліс азайып, қиылыстардан өту жылдамдығы артады. Осылайша, көше қиылысындағы бөгелістер 29 пайызға төмендеп, керісінше көлік ағынының жылдамдығы 33 пайызға артатын болады. Жолда жүру ұзақтығы да 20 пайыз шамасына қысқарады. Қазіргі уақытта жолда жүру ұзақтығы бір сағатқа 12 шақырымнан келіп тұр. Бұл өте төмен көрсеткіш, – деп түсіндірді «Астана LRT» ЖШС-нің транспорт жөніндегі директоры Рустам Халилев. Оның айтуынша, көп уақыттан бері алдын ала жүргізілген зерттеулер көрсеткендей Республика даңғылы, М.Әуезов және Кенесары мен Абай көшелерінің жүктемесі жоғары. Осы аумақтарға біржақты қозғалыс енгізілгенде көшелердің жүктемесі екі есеге дейін азаюы тиіс. Біржақты қозғалыс көлік жүктемесін бірнеше көшеге тең бөлуді көздейді. Бұл өз кезегінде бағдаршамдық реттеуді де жетілдіріп, жол-көлік оқиғасын азайтуға да септігін тигізеді.
Көптен әңгіме болып келе жатқан жаңа жобаның бірі – «Bus Lane» арнайы жолаушылар автобусы жолағы. Мамандар бұл жобаны енгізудің де нақты мерзімін айқындаған. Оны үш кезеңге бөліп енгізуді жоспарлап отыр. Бірінші кезең бойынша алдағы маусым айының 5 жұлдызында арнайы автобус жолағы Алаш және Қорғалжын тас жолында енгізіледі. Мәселен Алаш тас жолының бойындағы жолақ «Магнум» сауда үйінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықты қамтыса, Қорғалжын тас жолы бойында Ш.Бейсекова мен Тұран даңғылы аралығында болады. 10 маусымға жоспарланып отырған екінші кезеңде Абай даңғылы мен Кенесары көшесінің бойында арнайы автобус жолағы пайда болады. Үшінші кезеңде (15 маусым) Жеңіс даңғылының бойында автобустар І.Есенберлин мен Кенесары көшесіне дейінгі аралықта емін-еркін қозғалады.


–Арнайы автобус жолағы енгізіл­генде қаладағы жолаушылардың қаты­насына қолайлы жағдай туа­ды. Жол қозғалысында қоғамдық көліктерге басымдық берілгеннен кейін мар­ш­руттардың жүру кестесі барынша сақталады. Өйткені олар көлік кеп­телісіне ұрынбайды. Сәйкесінше жолаушылардың жүріп-тұру кезіндегі қауіпсіздігі барынша жоғарылайды, – дейді жаңа жоба жөнінде Астана қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Еділ Сүлейменов.
Автобустарға арнайы жолақ ашылғанда өзге көлік жүргізушілері бұл тәртіпке бағына қоя ма? Тәртіпті сақтамай, арнайы жолаққа түсіп алып зулай жөнелетін көлік жүргізушілері болмай қалмасы анық. Бұл сұраққа Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Уваев жауап берді.
–Автобустарға арнайы жолақ ашыл­ғаннан кейін Әкімшілік полиция бас­қармасының мамандары жергілікті полиция қызметімен бірге жаңа жоба енгізілген аумақтарды айрықша бақылауға алатын болады. Алғашқы бір апта бойы тәртіп бұзған жүргізіушілерге түсіндіру шаралары қолданылады. Ал бір аптадан соң арнайы жол белгісін ескермей тәртіп бұзғандар әкімшілік жазаларға тартылады. Біз сөйтіп қаладағы көлік иелерін осындай жаңалыққа үйрететін боламыз, – деді ол.
Қазіргі уақытта арнайы автобус жолағы енгізілетін аумақтарға тиісті жол белгілерін орнату жұмыстары қолға алынған. Жаңа жобаға жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үйренген кезде ол біртіндеп басқа көшелерге де енгізіле бастайды. Сол кезде қоғамдық көлікті пайдаланушылар қатары да арта түспек.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button