Мәдениет

«Алиса» қазақша сөйлейді

Астанада Disney студиясының «Алиса айнаның арғы бетінде» анимациялық фильмі көрерменге жол тартты. Иә, иә, бұл тек мультфильмнің тәржімаланған атауы ғана емес. Ерекшелігі сол, жұртшылық киноның әлемдік премьерасын қазақ тілінде тамашалады.

6016e42f10f9e1bc4725b5e7a0172c27

Бұл – «Болашақ» қауым­дас­тығының бастамасымен қа­зақ­шаланған он бесінші туынды. 2011 жылдан жалғасып келе жатқан іс «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырып, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуде.
Голливуд картинасын қазақ тіліне дубляж жасаған режиссер – Айжан Жәмшитова. Дубляж елордалық «Aray Media Group» студиясында жүргізілді. Ал ақтық дубляж жұмыстары Лондондағы «Shepparton» студиясында жазылды. Кейіпкерлерді дыбыстауға астаналық актерлер атсалысты. Атап айтсақ, ессіз Қалпақшы Таррант Хайтопты – Дәурен Серғазин, Уақытты – Нар­тай Сауданбекұлы, Ақ патшайым Мирананы – Сәнді Қаршалова, оның әпкесі Ирацебетаны – Айнұр Бермұхамедова, ақ қоян Мактвиспті – Бейбіт Құсанбаев, сұр қоян Тэкериді – Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстады. Актерлердің дауыстары өзінің кейіпкерімен үндесіп, мінезін аша түсті.

Alice-in-Wonderland-2

Фильмнің алдын-ала көрсе­тілімінде актерлердің атынан Нартай Сауданбекұлы сөз сөйледі:
– Мен бүгінде «Қазақтың тілі дамысын, қазақтың тілі өркендесін!» деген жай ғана жалаң сөз емес, нағыз іс-әрекеттің куәсі болып тұрмын. Өкінішке қарай, біз көптеген туындыларды тек орысша көруге үйреніп қалдық. Қазақ тілін үлкен экранға алып шыққанымыз, жетістік. Бұдан да ауқымды жобаны қолға алсаңыздар, актерлер қауымы әрқашан жанкештілікпен жұмыс істеуге әзір.
«Алиса айнаның арғы бетінде» шытырман оқиғалы фильмі кө­рерменді Льюис Кэрролл қаламынан шыққан сүйікті кейіп­керлермен қайта қауыштырады. Досы ессіз Қалпақшыны құтқару үшін Алиса Уақыт кеңістігіне сапар шегеді. Кейіпкер қыз күтпеген ғажайып оқиғаларды бастан кешеді. От­басылық құндылықтарды дәріп­тейтін Disney бұл жолы да өз идеясынан айныған жоқ.

poster57547_5

«Өткенді өзгерте алмайсыз, бірақ одан ғибрат алуға болады», «Уақыттан озамын деме, бәрібір қуып жетеді» сынды жауыр болған сөздерге мән кіреді. Жалпы, мульт­фильм құлақ құрышын қандыратын қазақ тіліндегі сапалы аударма қатарын толықтырды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button