Қоғам

АУЛА АЛАҢДАРЫНЫҢ АЖАРЫ ҚАНДАЙ?

Күнде кешкілік кішкентай қызым екеуміз ауладағы балаларға арналған ойын алаңында бір-екі сағат уақытымызды өткіземіз. Әрине, біздің үйдің ауласындағы ойын алаңы соншалықты үлкен емес. Қарапайым ғана. Бір-екі әткеншек, тағы бір жасанды төбешіктен сырғанау ойын құралы және былқылдақ құм төгілген. Бар болғаны осы. Спорттық алаң жоқ. Соған қарамастан сол маңайда тұратын балалардың барлығы жиналып, ойынның көрігін қыздырып жатады. Сыртынан қарап тұрып қызығасыз. 

Расы керек, Астанадағы көп қабатты тұрғын үй аулаларында спорт және ойын алаңдары көбірек салынуда. Және олар уақыт талабына сай ерекше бір әсемдікпен бой көтеруде. Бұл да тұрғындар үшін бір жағынан мәдениеттіліктің, екіншіден, салауатты өмір салтын қалыптастырудың белгісі болмақ. Адамдар қаладағы спорт залдарына ағылмай, бос уақыттарын өз ауласында өткізе алады.
Бүгінгі таңда бір ғана Алматы ауданында 581 аула тіркелген. Соның 172 ауласында спорт алаңдары бой көтерген. Оның 111-і футболға арналса, қалғандары түрлі ойын алаңдары десек болады.
– Биыл біздің ауданда жоба бойынша 4 спорт алаңын салу жоспарланған. Олар М. Ғабдуллин, Қ. Рысқұлбеков, Қ. Сәтпаев, Жирентаев көшелерінде бой көтермек. Оның сыртында 10 спорт және ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, әр аулаға орындықтар мен қоқыс жәшіктері, декоративті қоршаулар қойылды. Олардың барлығын пәтер иелері кооперативінің мамандары қадағалайды. Сондықтан осы шаралардың барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалуда, – дейді Алматы аудандық абаттандыру бөлімінің бас маманы Нұрбол Айтбеков.
Жалпы, осындай ізгілікті шараларға, әсіресе, елорда тұрғындары дән риза. Каникул кезінде балалар өз ауласында ойнайды. Бір жағынан ата-ананың көзінен таса болмайды. Осы орайда біз бас қала тұрғындарының да пікірін білген едік.
Астананың сол жағалауындағы Сау­ран көшесіндегі 5-ші үйде тұратын Болат Беркімбайұлы есімді азамат біздің сұрағымызға ақтарыла жауап берді.
– Біздің үйдің ауласы қазіргі заман талабына сай абаттандырылған. Арнайы футбол алаңы бар, онда балаларға арналған спорттық жабдықтар орнатылған. Велосипед жолдары да ұмыт қалмаған. Кішкентай балалар ойнайтын жасанды сырғанауыш төбешіктер, үйшіктер, тартылатын арқандар, әткеншектер және басқа да жабдықтар әрдайым көңілді думанға бөленіп жатады. «Тұрмыс» пәтер иелері кооперативінің қызметкерлері ауланы күтіп ұстау, жабдықтау жұмыстарын үнемі жүргізіп отыратындықтан, сынған немесе құлап жатқан құрылғыларды көрмейсің, – десе, Күлтөбе көшесіндегі «Эверест» тұрғын үй алабының тұрғыны Гүлназия Ибраева да осы ойда екен.
– Түрғын үй ауласында бала ойнатуға өте ыңғайлы ойын алаңы жасалған. Өзім де сол жерде қолым бос кезде балаларымды ойнатамын. Олар жалықпай ойнайды. Екі-үш сағаттың қалай өтіп кеткенін білмей қаламыз. Менің қызыма құмда әртүрлі мүсіндер жасап ойнаған ұнайды. Аулада бала көп. Үлкендерге де жақсы.Тіпті, тренажер залдарына барып, уақыт, қаржы кетіріп әуре болмайсың, тренажер құрылғыларының 10 шақты түрі орнатылған. Футбол және баскетбол ойнауға да мүмкіндік бар. Осындай жағдай жасаған қалалық әкімдік пен мен пәтер иелері кооперативінің төрағасы Болат Әбеновке алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Қысқасы, жыл сайын көркейіп, құлпырып келе жатқан елордамызда спорт және ойын алаңдары әр тұрғын үйдің ауласында орын тепсе нұр үстіне нұр болмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button