Ел тынысы

Биыл елордада 30 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа қабылданады

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы  Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлының қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды  astana-akshamy.kz.

Елордада 261 000 оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 102 мемлекеттік, 66 жекеменшік,  7 республикалық мектеп. 1 сәуірден бастап жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталады. Өткен оқу жылында бірінші сыныпқа қала бойынша 28 мыңнан астам бала қабылданған. Биылғы оқу жылына бірінші сыныпқа болжаммен отыз мыңнан астам бала келеді деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес (2024 жылы 30 қаңтар) жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 сәуірден бастап 31 тамызға  дейін жүргізіледі.

Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектептер бірінші сыныпқа баратын балаларды  ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылған. Ата-аналар құжаттарды «электрондық үкімет» www.egov.kz,  веб-порталы арқылы тапсырады және мектепке барып қағаз түрінде де тапсыра алады.

Бірінші сыныпқа балаларды орналастырған кезде мектептерге тапсырылатын құжаттардың тізімі: ата-анадан немесе заңды өкілінен өтініш, «Профилактикалық екпелер картасы» (№ 065/у) және «Бала денсаулығының паспорты» туралы (№ 052-2/у) медициналық анықтамалар, баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi. Сонымен қатар қағаз түрінде құжат тапсырған кезде қосымша ата-анасын немесе заңды өкілі екендігін растайтын жеке куәлігінің көшірмесі ұсынылады. Құжаттар әр аптаның дүйсенбі және жұма күндері аралығында қабылданады. Білім беру ұйымы ата-анадан тізбеде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ. Мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурс негізінде қабылдандады. Үміткерлерден құжатты қабылдау Үлгілік ережеге сәйкес күнтізбелік жылдың 1 ақпанынан бастап 15 сәуір аралығында жүргізілуде.  Білім беру ұйымдарына бекітілген шағын учаскелер туралы ақпарат қаланың әр ауданы бойынша Білім басқармасының  сайтында орналастырылған. Білім басқармасының қасынан білім беру ұйымдарына қабылдау жұмыстарын үйлестіру бойынша штаб құрылған. Штабтың нөмірі 556870, 556881, 556887, 557462.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button