1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні

Болашағын біліммен байланыстырған ел

Егемен еліміздің қалыптасып, дамуы тікелей ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының есімімен байланысты екені даусыз. Қалай десек те, еліміздегі оң өзгерістердің барлығы да тәуелсіздігіміздің жемісі. Сондықтан әрқайсысымыз тәуелсіздік деген ұғымды жете түсінуіміз керек. Тәуелсіздік құндылығының негіздерін терең зерделеп, зерттеп, жас ұрпақтың бойына сіңірудің мәні зор. Құр айтып қана қоймай, тәуелсіз мемлекеттің болашағы – жастар үшін білім мен ғылым саласында жасалып жатқан игі істер жайлы жалпы жұртшылыққа жеткізгенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=1169]

Елбасы XXI ғасыр білім мен ғылым ғасыры болады деп, білім беруді өркениетті елдер деңгейінде өркендетуге ден қою керектігін айтып қана қоймай, оның нақты өмірімізде көрініс табу үшін жасалып жатқан табанды тіршіліктер жеткілікті. Алдағы онжылдықтарда адамзат капиталының маңызы арта түсетінін алдын ала бағамдаған білікті көшбасшы, білім беру кеңістігіндегі тәжірибе алмасу мен өзара серіктестік-интеграция­лық үдерістерге ұласып, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқу үрдісін сапалы деңгейге жеткізу мақсатында ­Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептерін ашу себебін, еліміздегі барлық отандық университеттер мен мектептер жоғары деңгейге жетуде өнеге болсын деп жасап жатырмыз, егер әлемнің дамыған 30 елі қатарына кіреміз десек, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алуға және әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің студенттеріне қосылу мүмкіндігін беретін осындай бағыттарға бет бұру қажеттілігінен туындағанын жеткізген болатын.

Білім беру жүйесін жаңғырту барысында халықаралық стандарттар негізінде табысты жұмыс істеп келе жатқан Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептерінің тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесін таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажеттігін атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамның ғұмыр бойы оқу керектігі туралы тұжырымдамасын өткен ғасырдың соңында жариялауы – кемел кемеңгерліктің, көшбасылық көрегендіктің белгісі. Олай деуге өз уәжімізді де келтіре кетейік. Жастарымызға заманауи білім беріп, жақсы тәрбиемен сусындатумен қатар, Қазақстанның білім жүйесін әлемдік стандартқа сәйкестендіру мақсатында 1997 жылдың өзінде Лиссабон конвенциясына қол қойды. Сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындары беретін дипломдардың Еуропада тану мүмкіндігін беретін кредиттік технологияны ендіру, университеттерде академиялық ұтқырлықтарға жол ашатын Болон үрдісіне үн қосып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) ішінен бірінші болып әлемдегі Болон процесіне қатысушы 47-мемлекет болып ресми түрде мойындалуы көп нәрсені аңғартса керек. Адамзаттық ресурстардың әлеуетін арттыру мақсатында білім беруді түбегейлі жаңғыртудың басым бағыттарының бірі болып электрондық оқыту жүйе­сін отандық білім жүйесіне енгізудің қолға алынуы бүкіл ғұмыр бойы оқу кеңістігін кеңейтудің ұтымды жолы болып отыр. Электрондық оқытуды енгізу педагогтардың жас ұрпаққа өмірлік білім беру ұстанымын қалыптастыруға, әлемдік білім кеңістігіне еркін енуіне, желілік шығармашылық қауымдастық арқылы тәжірибе алмасуға, өз қызметтерін электрондық форматта ұйымдастыруға қол жеткізумен қатар, адамдардың ғұмыр бойы оқу мүмкіндігінің қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.

ҚР Тұңғыш ­Президенті – ­Елбасының білім беру саласындағы ең ірі де алғашқы жобасы халық­аралық «Болашақ» бағдарламасы болды. Өйткені бұл бағдарламаның бірден-бір мақсаты елдің дарынды жастарына аты әлемге мәлім университеттерінде сапалы білім нәрімен сусындап, көрген-білгенін Отанымыздың өркендеп өсуіне пайдалануға мүмкіндік беру еді.

Білім саласында биік мақсаттарға жету үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Елбасы ХХІ ғасырдың еліміздің тікелей білім беру ісімен байланысты болатындығын айтып келеді. Білім беру ұзақ мерзімді стратегиялық бағытымыздың басым бағыттарының бірі ретінде танылуы келешегі кемел елдің ғана мақсат-мұраты болып айқындалары анық.

Қазақстандағы білім беру мен ғылым саласын дамытудың жалпы мақсаты – оларды жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылатынын табандылықпен іске асыруда. Әлемдік тәжірибелерге назар салсақ, ерте балалық шақтан ересек жастарға дейінгілерді қамтитын адами капиталға, яғни білім беруге бөлінетін инвестицияның экономика мен елге елеулі қайтарымы болатындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Білім беруді дамыту арқылы ғана әл-ауқатымызды арттыруға болатындығын өркениетті елдердің үлгісінен көріп отырмыз. Елдің ертеңін ойлаған Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігін, оның ішінде білім мен ғылымды дамыту арқылы білім кеңістігіне еліміздің еркін ену тетіктерін тауып, атап айтқанда, заманауи талаптарға жауап беретін мультимедиалық кабинеттермен, интерактивті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, орта білімнің Болон үдерісіне сәйкестендірілген 12 жылдық моделіне көшуді мақсат еткенінен байқауға болады. Сондай-ақ әлемдік үрдіске сәйкес магистрлер мен докторлар PhD жүйесінде дайындалатындығын да жаңашылдықтың жаршысы деп қабылдағанымыз жөн болар.

 ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының білім беру саласындағы ең ірі де алғашқы жобасы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы болды. ­Өйткені бұл бағдарламаның бірден-бір мақсаты елдің дарынды жастарына аты әлемге мәлім университеттерінде сапалы білім нәрімен сусындап, көрген-білгенін Отанымыздың өркендеп өсуіне пайдалануға мүмкіндік беру еді. Кеңестік жүйеден шығып, өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасудың алғашқы жылдарының өзінде елдегі қаржылық-экономикалық қиындықтарға қарамастан, отандық индустриялық-инновациялық даму қажеттіліктерін қанағаттандыратын аса зәру мамандықтар иесін осы «Болашақ» түлектері арқылы толықтыру идеясы бүгінде жемісін беріп отырғаны осыдан ширек ғасыр­дан астам уақыт бұрынғы Елбасы идеясының іс жүзінде жүзеге асқанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда ел дамуына үлес қосып, жаңашылдығы мен елдің құрметіне бөленіп жүрген «болашақтықтарға» халықтың үлкен құрметпен қарауының сыры да осында. Осындайда хакім Абайдың «Балаңа дүние емес, білім қалдыр, ақымақ бала жиған-тергеніңді лезде-ақ жоқ қылады, ал білімді бала дүниені өзі жинап алады» деген ғұламалық пәлсапасы Елбасының білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар ретінде ғана емес, экономикалық инвестициялар ретінде түсініп, аса қажетті мамандарды даярлау мәселесін «Болашақ» бағдарламасымен байланыстыру байламы бір-бірімен үндесіп тұрғандай. Сондай-ақ әлемдік үрдісте электрондық білім беру ақпараттық қоғам жағдайында білім берудің басым бағыты болып бағалануда. Шығындардың көп екендігіне қарамастан, Елбасы электрондық оқыту жүйесін де міндеттеген еді. Өйткені бұл білімді биікке бастар белес екені даусыз. Шындап келгенде, болашаққа құйылған қаржы ешқашан қысқа мерзімде нәтижесін бере қоймайтыны да рас. Бірақ ел болашағын болжай алған көшбасшы ғана осындай нақты қадамдарға бара алды. Өйткені адами капиталға құйылған қаржы бәсекелестікке қабілетті интеллектуалды ұлт қалыптастыруда өз нәтижелігін көрсететіні дау тудырмайды.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев ел болашағы – жастармен жүздесуді үнемі назарда ұстайтындығын да атап өткеніміз абзал. Отандық білім мен ғылымды дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне еркін ену мәселелері көтерілген студенттермен кездесулер еліміздің жетекші оқу орындарында, атап айт­қанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Назарбаев университетінде болып, студенттерге дәріс оқығанынан баршамыз хабардармыз. Әрбір кездесулерде ойлы пікірлерін ортаға салып, бәсекеге қабілетті әлемнің 30 елі қатарына ену жолындағы мақсат-міндет­терді іске асыруда жастарға сенім арта сөйлеуі оларды жігерлендіріп, әрбір айтқан қанатты сөздері қуаттандыратынына куәміз. Елбасының жастарға Жолдау сөзін жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Қамқорлыққа толы, елдің қозғаушы күші жастарға сенім арта, оларды жігерлендіре айт­қандары жастардың ел дамуына үлес қосуына серпін берері сөзсіз. Елбасы­ның қойып отырған бұл маңызды міндеттерді еңсеру үшін жастарға, олардың өзін-өзі жетілдіруіне, білім мен ғылымға деген құштарлығын арттыруға байланысты студенттерге де жан-жақты жауапкершілік жүктелетіндігі түсінікті.

Жоғары білімді ұлт пен бәсекеге қабілетті мемлекет құруға қадам басқан елдің ертеңі еңселі болу мақсатында әлі атқарған істер ауқымды екенін ескерткен Елбасы, әлемге танымал университеттермен серіктестікте бола отырып, халықаралық стандарттарға сай білім беру ел дамуының басым бағыттарының бірі екенін үнемі назарда ұстауда. Білімнің дамуы қоғамның алға жылжуын көрсетеді. Адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі біліммен байланысты екені белгілі. Сондықтан да Елбасының « Кемел біліммен – келешекке» деген қағидаға айналған қанатты сөзін әрбір жастың бойына сіңіруіміз керек. Өйткені білім деңгейінің дәрежесі жоғарылаған сайын жас жеткіншектің өмірге деген көзқарасы да, дүниетанымы да кеңейе түсері заңды. Болашағы бар ұлт қана білімге құштарлық танытатынын, «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салдырған» деп ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, тәуелсіздікті қолға алғалы бері Елбасы ел дамуын білім-ғылыммен байланыстырып, сапалы білім ғана рухани ізгіліктерді мұра ететіндігін жастарға айтудан жалыққан емес. Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, қазақ-британ университеті мен Назарбаев университетін құрудағы басты мақсат отандық білімді әлемдік білім жүйесімен интеграциялауға, жаһандық озық технологияларға ұмтылған құтты қадам екендігін дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Білімдегі инновацияларға үнемі қолдау көрсетіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінде қалыптасқан озық технологияға негізделген жалпы білім беру жүйесін республикаға тарату тапсырмасы өз нәтижесін беруде.

Ал келешекте қолға алынар қомақты іс-шаралардың қатарында, білім, ғылым және өндірістің тиімді үйлесім табуы, еліміз шығарған өнімдердің әлемдік бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін еңбек ету міндеті тұр. Осы ұлы мақсаттар жолында жалынды жастардың жасын жігері, қиындықтан қажымас қайраты, ертеңге деген сенімі керек. Әлемдік өркениеттің көшіне ілесудің тура жолы – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру арқылы заманауи білімнің көк­жиегіне көтерілу. Болашағын біліммен байланыстырған елдің ғана ертеңі жарқын, болашағы баянды болары сөзсіз.

ХХІ ғасыр білімді адамдардың ғасыры болатындығын айтқан Елбасы бәсекеге барынша қабілетті мемлекет құру жолында білім сапасын көтеру, білікті мамандар даярлауда ғылымға ерекше көңіл бөлу, инновацияларды игеру арқылы елдің ­әлеуметтік-экономикалық әлеуетін еселеуге үнемі үндеп келеді.

Иә, шынында да, «беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!» деген Елбасының ­пайым-парасаты мол, киелі ойын келешекке бағдар етіп алсақ, тәуелсіздігіміздің баянды болары айқын.

Кәрімбек ҚҰРМАНАЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академия­сының академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button