Басты ақпарат

Болашаққа жол салып ізгілікпен

«Қазақстан-2050» стратегиясы арқылы айқындалған жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үшін биылғы «Мектепке жол» акциясы «Болашаққа бірге барамыз» атты ұранмен өтетін болды.

Маңызды маусымды еліміз бойынша оқушылардың мек­тепке баруын толық қамта­масыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Астана қалалық Білім басқармасы бас­тап кетті. «Бәйтерек» халық­аралық медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Әсима Бимендина мен Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Римма Иманғазинова алдымен мектепке бара алмай жүрген балаларды анықтап, оларға көбірек көңіл бөлетіндіктерін айтты.
Шараның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезінде табысы төмен және көп балалы отбасынан шыққан мек­теп оқушыларына, жетім бала­лар мен ата-анасының қам­қор­лы­ғынсыз қалғандарға қолдау көрсету.
«Қайта құрылған Астана қалалық Балалардың құқық­та­рын қорғау жөніндегі бас­қар­ма 36 мекемеге акцияға шақыру хаттарын жіберді. Бүгінде со­лардың 20-дан астамы шараға белсене қатысуға дайын екен­діктерін білдіріп отыр» дейді Римма Иманғазинова.
Осыған орай, биыл да жыл­дағы дәстүр бойынша елор­даның орталық алаңында, 24-30 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкесі өткізілмек. Онда мектеп формасы, кеңсе тауар­лары және оқу құралдары дүкен­дегіден арзан бағамен сатылады. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлермен төмендетілген бағалар туралы келісімді аяқтаса, ол ата-аналар мен балалар үшін айғай-шусыз мектепке бір апта қал­ғанда дайындалудың жақсы мүмкіндігі болғалы тұр.
Ал, Астана қалалық білім бас­қармасының басшысы Әси­ма Бимендина: «Мысалы, біз бес жыл ішінде 149 мил­лионнан астам теңгенің мате­риалдық көмегін ұсына алсақ, биыл соның 50 миллион теңгесін балалар игілігіне жараттық. Орайы келіп тұр­ғанда, оның 13 миллионын демеушілер бергенін де айта кеткен жөн. Ең бастысы, өзі­нің атын тізімге жаздыртып, ешкімге жария етпей-ақ, бала­ларға шын ниетімен көмек қолын созатын қайырымды адамдардың көбейіп келе жат­қаны қуантады» деп отыр.
Сондай жандар тарапынан демеу тапқан №57 мектептің 1-сыныбына баратын бүлдір­шіндердің де бірнешеуі айту­лы акцияға орай өткізілген бас­пасөз мәслихатына келіп, оларға «КZ» қоры сөмке мен спорт киімдерін табыс етті.
Қазір қаланың алаңдары мен басты көшелеріне акцияның логотипі мен жедел желі теле­фондарының нөмірлері бейнеленген баннерлер ілінген. Кез келген тұрғын сол арқылы мектепке баруға мүмкіндігі болмай жүрген балалар туралы ақпарат беріп, осылайша оларға өз көмегін тигізе алады.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button