Әлеумет

БӨЛЕКШЕ БЕСІК АРБАЛАР

erm_4673

Киіз үй, Самұрықтың ұясы, Карлсон, Тікұшақ, Ханзада күймесі… Жоқ-жоқ, сіз ертегілер әлеміне түсіп кеткен жоқсыз. Бұқара бұлардың бәрін елордадағы Оқушылар сарайында өткен бесік арбалар шеруі барысында тамашалады.

Президентіміздің Жарлығымен 2013 жылдан бері елімізде Отбасы күні тойланып келеді. Қыркүйектің 8 жұлдызына тұспа-тұс келетін бұл мереке биыл да ескерусіз қалмады. Соның аясында Астана қалалық Білім басқармасы тікелей мұрындық болып, жас отбасылар арасында бесік арбалар шеруін ұйымдастырды. Оған шаһардағы 40 балабақшаның атынан 51 отбасы қатысты.

– Отбасы күні – ең жылы әрі әдемі атмосфераны қалыптастыратын елеулі мейрам. Сондықтан оны жұртшылыққа насихаттап, жанұя мүшелерін одан әрі жақындастыратын осындай шараларды мейлінше көптеп өткізуді дәстүрге айналдыру керек. Бүгінде мемлекетіміз тарапынан да отбасылық құндылықтарды арттыруға, бәсекеге сай ұрпақ тәрбиелеп өсіруге бағытталған іс-әрекеттер жетерлік. Оған соңғы уақыттары салынып жатқан заманауи үлгідегі балабақшалар мен мектептер, жаңа ойын және спорт алаңқайлары, сонымен қоса білім беру, денсаулық сақтау, сауықтыру жүйесіндегі тиімді реформалар дәлел, – деген аталмыш басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қарлығаш Саркенова жиынға келгендерді шын жүректен құттықтады.

erm_4437

Шеруге қатысушылардың жұмыс­тарын Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімі басшысы Анар Сматова, осы бөлімнің әдіскері Светлана Қожахметова, «Мирас» балабақшасының меңгерушісі Бақыт Кәрімова бағалап, төрелік жасады. Әділ қазылар жұмысының қаншалықты ауыр болғанын білеміз, өйткені шарада небір ғажап үлгіде безендірілген бесік арбалар болды. Мәселен, №18 «Аяжан» балабақшасының даярлық тобы тәрбиеленушісі Дастан Бекпановтың отбасы кеме бейнесіндегі бесік-арбаны әзірлепті. Бүйірінде «Каспий» деген жазуы бар арбаның ішінде теңізшінің киімінде бүлдіршіннің өзі отыр. Сондай жарасымды! Ал №1 «Бәйтерек» балабақшасының бөбегі Ерсұлтан Әбдімұрат анасымен бірге «Жедел жәрдем» көлігін жүргізді. Яғни, бесік арбаны картон қағаздың көмегімен медициналық машина тәрізді етіп өзгертіпті. Айтпақшы, біз Олимпиада чемпионы, жерлес спортшымыз Данияр Елеусіновтің бала кезіне де куә болдық. №8 «Думан» балабақшасына баратын үш жасар Мирас Қалмұрат мерекеге боксшы образында келген. Қолындағы былғары қолғабы мен басындағы шлемі тұп-тура өзіне құйып қойғандай. Ринг тәрізді ойластырылған бесік арбаның ішіндегі болашақ чемпионмен естелікке суретке түсушілер де көп болды.

Шара соңында барлық балаларға жұмсақ ойыншық сыйға тартылып, ата-аналарға Білім басқармасының алғыс хаты табысталды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button