Әлеумет

ТІЛ МҮКІСТІГІ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

1

Үйдегі үш жасар сіңлімнің тілі «р»-ға келмейді. Тілін жаттықтыру үшін ракета, робот, трактор деген сөздерді қайта-қайта айтқызамыз. Нәтиже шамалы. «Лакета», «лобот», «тлактол» күйі қалады онымыз. Бастапқыда еркелік шығар дейтінбіз. Бара-бара сақаулығы үдей түскен соң, дәрігерге апардық. Сөйтсек, мұндай мүкістік көп балада бар екен. Оның пайда болу себебі мен емдеу жолдарын арнайы мамандардан сұрағанымызда, біраз жайттарды айтып берді.

Республикалық Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығының невропатолог-дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрбибі Жақауованың айтуынша, баланың тіліндегі ақауға бірнеше фактор әсер етеді. Әсіресе, анасының жүктілік кезіндегі жағдайы, тұқымқуалаушылық аурулар, отбасының әлеуметтік ахуалы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас өте маңызды рөл атқарады. Стрестік ситуациялар жиі қайталанған сайын жетілу процесі де кешеуілдей береді. Стресс демекші, кейбір отбасыларда бала 1-ге толар-толмастан келесі сәби дүниеге келіп жатады. Ондайларды «тете» дейміз. Әке-шешесінің бүкіл ықыласы сол бауырына ауғанын білген бүлдіршін кішігірім күйзеліске тап болады. Нәтижесінде томаға-тұйық болып, психикалық дағдарысты бастан кешеді. Соның кесірінен тіл мүкістігі пайда болады.

– Қазіргі күні көп ата-аналар баласын алаңсыз көк жәшікке телміртіп қояды. Одан қалса – ноутбук пен планшет. Ертелі-кеш соған байланған бала ойыншық атау­лымен де ойнамайды. Ал дұрыс сөйлеу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Тілдің анық шығуына қол бұлшықеттері мен саусақтардағы нүктелер ықпал жасайды. Ертеректегі «Ханталапай», «Бес асық», «Шеңбер», «Үш табан» секілді ойындарымыз дәл осы ұсақ моториканы жақсы жетілдіретін болған. Бүгінде оның орнына мозаика, түрлі-түсті пазлдар мен құрастырғыштар келді. Баланың қолына сүйек ұстатып, мүжітіп қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізбек, – дейді маман.

Аталмыш орталықтың психологы Гүл­жәмила Нүсіпжанова бұл құбылысты пси­хология тұрғысынан былайша түсіндіреді:
– «Р» – қиын дыбыстардың бірі. 3-ке толмаған балалардың оны дұрыс айта алмауы – оншалықты қорқынышты нәрсе емес. Ал одан кейінгі жаста бұл мүкістік түзелмесе, алаңдауға себеп бар деген сөз. Бәрі де еркеліктен басталады. Өз қалауын оңай орындатып үйренген бала дұрыс сөйлеуге де онша талпынбайды. Алмаға қолын созса алманы, кесеге қолын созса кесені ұстата салса, қайдан талпынсын?! Оның үстіне, ата-ана да баланың былдырын қызық көріп, сақаулана сөйлеуіне ерік берсе ше?! Баласын Мәкөш, Сәкөш деп, «былжырақ» тілмен еркелететін ересектер көп. Дұрыстап ескертудің орнына «боймайды», «кеймейді», «үфәй», «кәкәй» деп сөйлеп отырған әке-шешенің баласына не деп кінә артасың бұдан соң? Ата-ана – бала үшін қашанда идеал. Сондықтан, ең әуелі, өзіміз баламен үлкен адамдарша тең дәрежеде сөйлесуіміз керек. Ерінбей, жалықпай, әр заттың атауын жаттатқызуымыз қажет.

Осы мәселе төңірегінде логопед Жанар Естемісова мынадай дүниелерді айтты:
– «Р» дыбысын үйрену үшін үш нәрсе керек: тілдің қатаюы, сөйлегенде ауаның жеткілікті болуы, тіл ұшының дірілдеуі. Осылардың бірі дұрыс болмаған жағдайда, бала «р»-ды айта алмайды. Мұндайда сөздегі «р»-дың орнын тастап кетеді немесе «ғ», «л» секілді басқа дыбыстармен алмастырады. Мұны ротацизм дейміз.
Тілдің астындағы желбезектің қысқа болуынан да бала «р»-ды айта алмауы мүмкін. Оны кейбіреулер бірден хирургке апарып кестіріп жатады. Негізі олай жасамай-ақ, артикуляциялық жаттығуларды орындап, желбезекті созуға болады. Мысалы, аттың жүрісіне ұқсайтын дыбысты саламыз. Яғни, таңдайды қатты қағамыз. «Саңырауқұлақ» деген де әдіс бар. Онда тілді таңдайға 2-3 минут бойы барынша жабыстырып тұрамыз.

«Р» дыбысын айтқызып үйретудің өзі дайындық, қою, машықтандыру, ажырату сияқты төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңнің жаттығуларын жоғарыда айтып өттік. Оны үйреткен соң, трактордың дауысы секілді «др-р-р-р-р-р» деп қайта-қайта айтқызамыз. Осы кезде «р» дыбысы анық шықса, келесі кезеңге өтеміз. Онда -ра, -ро, -ру, -ре деген буындарды қайталатамыз. Жаттығу сәтті орындалған соң, құрамында «р» дыбысы бар сөздерге, кейін сөйлемдерге ауысамыз. «Р» дыбысы көп өлеңдер, жаңылтпаштар жаттатамыз. Бұлардың бәріне шамамен 3 айдай уақыт кетеді.

Бүгінде жұрт арасында тараған қате пікір бар, көбісі «р» дыбысын тек бала кезде ғана дұрыстап айтқызып үйретуге болады деп ойлайды. Олай емес екен. Ересек кісілердің өзі логопед маманға барып, жаттығуларды мұқият орындаса, тіліндегі кемістік түзеліп кетеді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button