Қала тіршілігі

Сегіз балалы отбасыға сыйлық

kbb_6952

Бүгінде Астана қаласының Сарыарқа ауданында 300-ден аса көпбалалы отбасы бар. Олардың ең жасы – Иманқұловтар әулеті. Отбасы күні қарсаңында кеше аудан әкімі Павел Кулагин 8 баланы тәрбиелеп отырған осы шаңыраққа сый-сияпат жасады.

Небәрі 27 жасында 8 баланың анасы атанған Айгүл Пірменованың есімі көпшілікке бұрыннан таныс. Былтыр ол дәл 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде дүниеге үшем әкелген еді. Бағым, Балым, Баубек есімді нәрестелерге дейін Иманқұловтардың үш баласы болған. Ол кезде жас отбасының баспанасы жоқ еді. Барар жер таппаған олар 3 жыл бойы жертөлені паналап жүрген көрінеді. Көпбалалы келіншек үшем босанғанына байланысты Елбасыға хат жазып, бас­пана алуға қолғабыс етуін сұрайды. Мемлекет басшысы өтінішті жауапсыз қалдырмай, жаңа үйден үш бөлмелі пәтерді сыйға тартады. Үйдің кілтін сол кездегі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков табыстаған. Сондай-ақ, қала әкімдігі Иманқұловтардың алғашқы бүлдіршіндерін балабақшаға орналастырып, отағасына жұмыс тауып берген.

Құдай – жомарт. Қаласа, үйіп-төгіп бере салады демекші, баспаналы болған соң, енді жас келіншек егіз босанады. Қазір отбасы 2 ұл, алты қызды өсіріп отыр.

Үлкен шаңырақты Отбасы күнімен құттықтап келген Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді аудан әкімі Павел Кулагиннің ізгі тілегі мен сәлемдемесін жеткізді. Осы күні жас отбасыға тоңазытқыш сыйланып, балалар ойыншыққа байыды.

«Иманқұловтар – бүкіл елдің отбасына үлгі боларлық азаматтар. Анасы Астанадағы балабақшаның бірінде – тәрбиеші, әкесі № 2 автопаркте қоғамдық көлік жүргізушісі болып қызмет етеді. Соған қарамастан, бір шаңырақ астында 8 бала тәрбиелеу – жастар үшін үлкен ерлік» дейді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді.

Сонымен бірге, кеше Сарыарқа ауданы әкімдігі Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Моруновтың шаңырағын да Отбасы мерекесімен құттықтап шықты. Әкімдіктің ұйытқысымен үйдің дәл іргесінде «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген тақтайша ілінген. Әкімдік ардагердің үйіне бір себет жеміс-жидек, тәтті-дәмді, қап-қабымен азық-түлік сыйға тартты. 65 жылдан бері бірге күн кешіп, қол ұстаса қартайып жатқан ата-әже ерекше құрметке қуанып, рақметін жаудырды.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Сарыарқа ауданы әкімдігі «25 игі іс» атты шаралар легін бастап кетті. Бұл жоба аясында аудандағы көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесеміз. Ал қысқа жақын «Жақыныңа жылу сыйла» деген акцияны қолға аламыз» дейді Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button