ЖаңалықтарРесмиетСаясат

«Cудья әдебі кодексі сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды бөлігі»

img_0566

Ежелгі заманнан бері қазақ халқы билердің қызметін жоғары бағалап, олардың қабылданған шешімдерін қадір тұтқан. «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп бекер айтпаса керек. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыруда  ақиқатты  шешім шығарып, әділ қазылық етуі  олардың негізгі парызы болып саналады. 2016 жылы  21 қарашадағы  Қазақстан Республикасы Судьяларының ІІV Съезінде қабылданған Судьялар Әдебі кодексінің жаңа  нұсқасы –съездің басты жаңалығының көрінісі. Жаңа  қабылданған 15 баптан тұратын, Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына негізделген  судьялардың әдеп кодексі судья үшін тәртіптік әдеп стандарттарын белгілейді, олардың  адамгершілігіне, ұстамдылығына және моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойған.

Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтап, заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс делінген. Судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс.

Судья нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі адамдармен процестік және өзге де заңнамада көзделмеген кез келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстарды, егер осы іс-әрекеттер судьяның объективтілігіне және бейтараптылығына негізделген күмәннің туындауына алып келуі мүмкін болса, болдырмауға тиіс.

Жұртшылық тарапынан болып тұратын тұрақты назар судьяға өзіне бірқатар шектеулер қою міндетін жүктейді. Судья беделіне нұқсан келтіретін қоғамдық іс-шаралар мен өзге де көпшілік орындардан аулақ болуға тиіс.

Әдеп кодексі заман талабына сай судьяларға қойылатын жаңа талаптардың қатаңдығын аңғартады. Мұндағы басты мақсат – азаматтардың сотқа сенімділігін, сот әділдігіне қолжетімділікті арттыру болып табылады.   Әдеп кодексінің басты мақсаты – Қазақстан қоғамында судьялар туралы, яғни, сот билігі саласының өкілдері туралы оң пікір қалыптастыру.

Әрбір адамның жағымды бейнесі оның тек кәсіби қасиеттерімен ғана шектелмейді. Сондықтан, судьялардың  Әдеп кодексінің  басты міндеттерінің бірі – сот саласы қызметкерінің мінез-құлқының  және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, азаматтардың қоғамда  сот әділдігін жүзеге асырушы  өкілдері туралы оң пікір қалыптастыру.

Қорыта  келе,  судьялардың Әдеп кодексінің мақсаты судья  қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау. Оның әрекеттері, қылықтары және жүрісі судья деген атаққа кір келтірмеуі және сот билігінің беделін түсірмеуі қажет.

Сот төрелігін жүзеге асыруда судьяларға қойылатын талаптардың күшейтілуі бүгінгі заман талабына сай  басталған қадамдардың бастамасы   болып саналады.

Соттарда судьялардың әдебі бойынша  арнайы комиссиялар  қалыптастырылған,олар  судьяларға  қатысты әрбір фактіні және  тосыннан болған жағдайларды мұқият   қарастырады және  азаматтардың шағымдарын, ұсыныстарын, жүгінулерін қараумен айналысады.

Сөз соңында  Қазақстан Республикасы  Судьялар одағы  судьялар  Әдебі кодексінің жаңа  редакциясына  – яғни судьяның қоғам алдындағы рухани жауапкершілігінің жоғарылауы үшін  жеке қадір-қасиетін сақтауға  ұмтылу қажеттігін ,  үлгілі мінез-құлқы, парасаттылық және адалдық  сияқты судьялардың  тәртіптік әдеп стандарттарын қалағанын атап өткен жөн.

Судьялар   әдеп кодексінің талаптарын сақтап,  оны  мүлтіксіз орындау  әрбір судьяның қоғамдағы   жауапкершілігі  мен  міндеті  болып саналады.

 Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының судьясы

А.Каиров

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button