ЖаңалықтарРуханият

Айбергенов айдыны

img_1369-2-asli

Қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Сен мені ізде, аяу­лым» атты ән-жыр кеші өтті. Сондай-ақ, елордадағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектепте де ақынды ұлықтаған шара ұйымдастырылды. Біз бүгін «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбекұлының Айбергенов туралы толғанысын жариялауды жөн көрдік.

Алпысыншы жыл­дардың аяғы мен жетпісінші жыл­дардың басында қазақ поэзиясына қырандай самғап, екпіндей енген, ерекше болмысы бар бір ақын болса, ол Төлеген Айбергенов еді. Айбергеновтің сол кездегі қалам сілтесіне қызықпаған ақын кем де кем шығар. Тіпті сол бір тұстарда Төлегенше тебіреніп, Төлегенше толғаған ақындардың легі қалыптаса бастап еді. Әрине, солардың бәрі бір саптан, бір қаптан шыққан бір-бірімен тым ұқсас болып жатса, онда ақынның даралығы танылмас еді.
Әйтсе де, сығалай қарап, сараптай білген сыншы болса, сол жылдар өлең өлкесінде Төлегенге тән ұқсас іздерді бағамдауға болар еді. Бұл да ақынның ерекшелігі, айрықша орны деп бағалар едік. Себебі сол жылдарда қосылған тың толқын Төлеген жырлары қай оқушыны да бейжай қалдырмағаны ақиқат.
Өзімнің бағамдауымша, сол жылдарда жаңа шығып, қанат қаға бастаған осы күнгі ең танымал ақындар Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, өмірден ерте өткен Меңдекеш Сатыбалдиев, Өмірзақ Қожамұратов сынды ақындарға Төлеген поэзиясы әсер етпеді деп айта алмаймын. Сол тұста, тіпті, Марат Отаралиев деген талантты жас ақынның жыр жұптаған шабысы да, дауысы да Айбергеновтен аумай қалған сәттеріне куә болып қалушы едік. Кейін осы ақындардың бәрі де еліктеу, солықтаудан арылып, өз арнасымен ағып кетті…
Ол өлең оқығанда ерекше бір күйге түсіп, қырандай самғап, қанаттанып кетуші еді. Оның ерекшелігі сол, өлең оқыған сәтінде өзін де, өзгені де айналасындағы дүниені ұмыттырып, басқа бір бөлек әлемге енгізіп жіберуші еді.
Мені Төлегеннің өлең оқуы қатты еліктірді. Қос қолын сермеген, бейне бір қанатты құстай еркін самғап, дауыс ырғағы да сан құбылып, тыңдарманын бірден баурап алып, еріксіз тәнті етуші еді-ау!
Мен Төлегенді алғаш рет Алматыдағы Жазушылар одағының үйінде көрдім. Қасында Шәмші Қалдаяқов бар. Төлегенді әп-сәтте сол кездегі жас ақындардың бір тобы қоршап алып, өлең оқуын қолқалады. Ішінде мен де бармын. Көп сөзге келген жоқ, алғашында сәл кібіртіктегендей болып еді, келе-келе кең жайылып, құйқылжып, аққан қыран­дай самғап кетті дерсің. Біз, жас ақындар, аңтарылып қарап қалғанымызды аңғармаппыз. Біраз өлеңдер оқы­ды.
Маған әсер еткені соншалық, сол өлеңдердің біраз шумақтары менің санамда сол кезден сақта­лып қалыпты. «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің, ал мендегі ғаламат сезімді көрсең, шошыр едің!» деген кезде, ақын жүзін онан сайын барлап, жыр әлеміне еніп, жүрегіне бойлай түскенімізді байқамай да қалдық. Не деген құдірет, не деген ғажайып жыр! – деген ұлан-асыр ойдың құшағында қалып, өзімізді бұл дүние емес, басқа бір әлемге еніп кеткендей сезіндік. Қоштасар сәтте бәріміз қол беріп, аты-жөнімізді айтып жаттық. Кезек маған келген кезде, бірден баяғы танысынша: – Ой, Серік, сенің 1964 жылғы сәуір айында «Жұлдыздың» төртінші санында «Күзеттегі Ана» деген өлеңің бар еді ғой, – деп бір шумағын жатқа соқты. Таңғалып қалдым. Сөйтсем, Төкең тек қана өзінің өлеңдерін ғана жатқа айтпайды екен, ұнағаны есінде сақталып қалады екен. Оған кейін араласа келе әбден көзім жетті. Бұл 1966 жылдың жаз айы еді. Содан не керек, келер жылдың күзіне дейін Төлегенді жиі көріп жүрдім. Көбінесе Қайнекей Жармағамбетовтің үйінде жолы­­ғып жүрдік. Қайнекей Жармағамбетов менің ауылдас ағам, үлкен ғалым, білімді, зерек адам еді. Әрі ақын, әрі аудармашы. Көп жылдар ҚазПИ-де профессор болған, ұстаз. Қазақ әдебиетінде баллада жанрын да­мытқан бірден-бір бірегей тұлға.
Чили ақыны Пабло Неруданың балладаларын аударып, оны қазақ әуеніне салып, жатқа айтатын. Бір күні Қақаңның жақын інісі Жақсылық екеуміз Қайнекейдің үйіне барсақ, Қақаң төсек тар­тып жатыр екен. Қасында – Төлеген Айбергенов. Бірақ қатты ауырып жатқан адамның қалпы көрінбейді. Шараптан шаршағаны сезіліп тұр. Қақаңның аузында дамыл жоқ, бір әуенге салып, ыңылдап өлең айтады: – …Ей, солдат, саған деген үзім нан да, боялған көз жасы мен қызыл қанға… Төлеген тебірене сөйлеп кетті: – Пабло Неруда! Қақаңның аудармасы… Мұны мен де жатқа білем, – деп ағыта жөнелді. Қайнекей қатты толқып, көзіне жас алды. Сол күні біз Қайнекейдің үйінде күн батып, қас қарайғанша болдық. Төлегеннің өлеңдерінен кейін Қақаң басын көтеріп, тамаққа қарады. Шәй ішіп, маңдайы тершіп, көңілі жайланды. Тысқа шықсақ, көшені қою қараңғылық қымтап алған екен. Онда қазір­гідей емес, көше шамдары жарқырап жанбайды.
Тек әр үйден түскен терезе­лердің жарық нұры көшелерге мейірім шуағын төгіп, тіршілік тынысын аңғартып тұрғандай.
Көше қиылысына келген соң Төлеген біраз тауға қарап, толғанып тұрды. Біз Жақсылық екеуміз төменге түскелі тұр едік.
Төкең бізге жатты да жармас­ты: – Жүріңдер үйге, мен мына арада жап-жақын жерде, Алатау 60-та тұрамын! – деді. Менің ере кеткім келіп еді, Жақсылық тартыншақтай берді.Себебі былтыр ғана үйленген, жақында ғана жас сәбилі болғаны бар, үйіне асығып тұр. Менің Жақсылықты жалғыз тастап кетуге дәтім бармай, дегбірім қашып тұрған. Сол сәтте тас төбеден төнген ай сәулесімен араласып, алыста Алатаудың қарлы шоқылары айқын аңғарылып тұрған.
Төкең сол тауларға телміре қарап, бірер шумақты төгіп тас­тады:

Қайғы да, мұң да менен
көп табылар,
Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.
Баурайы мәңгі көктем
заңғарлардың,
Басында мәңгі жатқан
ақ қары бар.

Төкең бізбен қимай қоштасты. Бірақ бұл соңғы қоштасу емес еді.
Араға апта түспесе де, ай аралатып Төлеген ағамен кездесіп қалудың сәті түсіп жүрді. Соңғы кездесуіміз есімде қалыпты.
ҚазМУ-дың арт жағындағы қалтарыста «Гүлдер» деген кафе болатын. Біз, жас ақындар, көбінесе сонда бас қосатынбыз. Бірде барсақ, айналасын әдетте­гідей жастар қоршап алған, ортасында Төлеген Айбергенов тұр. Шет жағына барып, тұра қалдым.

Тентек мұхит тепсінген да­уылында,
Балықшының оттарын өшіреді.
Күз бен қыстың тұманды
жауынында,
Ұшқыштардың тағдыры
шешіледі.
Жөні бөлек өлудің ұрыстардан:
Шофердің бұрылыссыз
жан тілегі.
Милиционер өледі ұры ұстаудан,
Ақындарды махаббат өлтіреді.

Өлең жалғаса берді. Бәрі де үнсіз тыңдап қалған. Шет жаққа демімді ішіме тартып, мен де тұрмын тырп етпей… Бір кезде арт жағына жалт қарады. Мені көрді. Қасына шақырып алды. Құшақ­таса кеттік.
Қазақ әдебиеті әлемінде құша­ғына аққу-қаздарын қон­дырып, қиясынан қыран ұшырған ұшы-қиярсыз жарқырап жатқан Айбергенов айдыны бар. Көз тартатын аспанмен астасқан айдынның тұнығы тұңғиық, суы мөлдір. Айналасын қалың қарағайлар мен ақ қайыңдар көмкерген көгілдір өлке. Осы өлкеден Айбергенов айдынына әлемнің әр қиырынан сансыз бұлақтар сарқырап ағып келіп, құйылып жатыр.
Сарқылмайтын, тартылмайтын кемел де терең айдын!

Серік Тұрғынбекұлы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button