Білім

Директорларды тағайындау жүйесі өзгереді

Білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау жүйе­сі өзгереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын таныстыру барысында мәлімдеді.Министр кейінгі кездері білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау тәртібіне қатысты сұрақтар көбейіп отырғанын айта келе:
– Мысалы, бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқаруда. Басқару менеджменті сын көтермейді. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де қолданамыз. Заманауи талаптарға сәйкес дербес басқарудан корпоративті басқаруға білім саласы да көшетін болады, – деді.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, жобада педагогтардың мәртебесі бірінші орынға қойылып отыр. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 4 жыл ішінде 500 мың педагогтың еңбекақысын 2 есеге ұлғайту қарастырылған. Осы орайда мұғалімдерді қайта даярлау, олардың біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізілетін болады. Бұдан былай балабақша, қосымша білім беру мекемелері мен колледж педагогтары, сондай-ақ олардың басшылары аттестаттаудан өтіп, сәйкесінше жалақысы артатын болады. Педагогтардың еңбегін нормалау жүйесін енгіземіз және 2021 жылдан бастап университеттердің түлектері реттелетін мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтеді» деді министр.
Жаңа бағдарлама жобасында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту да жоспарланған. Бұл тұрғыда А.Аймағамбетов:
– Біз бүгін жекеменшік балабақшаларда әртүрлі келеңсіз жағдайлардың көбейіп кеткенін жиі көріп жүрміз. Сондықтан балабақшаларды кезең-кезеңмен лицензиялау мәселесін де қолға алған жөн деп ұйғардық. Өңірлердің жекеменшік балабақшаларының ұсынысы бойынша мемлекеттік тапсырыс құны 30 мың теңгеге дейін жеткізіледі. Ол үшін республикалық бюджеттен 400 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр» деді.
Өз сөзінде Білім және ғылым министрі алдағы бес жыл ішінде ҰБТ тапсыру жүйесінің электронды форматқа көшірілетінін де жеткізді. Бұған қоса, оқу гранттарының бірнеше түрі енгізіліп, жоғары оқу орнының қолжетімділігі, ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 2025 жылға дейін елімізде 90 мың орынға арналған жатақхана алынады.
– Қазіргі таңда Қазақстанда педагогика мамандарын дайындайтын 85 университет бар. Осы университеттер бойынша біз қосымша талап қойып, олардың санын әлдеқайда азайтып, материалдық базасын нығайтамыз. Себебі педагогтарды дайындау – біз үшін өте маңызды мәселе, – деді ол.
Бағдарлама аясында «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Тегін кәсіби техникалық біліммен жыл сайын 100 мың студент қамтылатын болады. Ал дуалды оқумен қамтылған студенттердің саны 35 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, білім гранттарының құнын орташа алғанда 340-420 мың теңгеден 900 мың теңгеге дейін өсіру арқылы профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеру, университеттердің материалдық базасын жақсарту қарастырылып отыр.
Жалпы, жаңа бағдарлама шеңберінде білім саласын қаржыландыру 6 есеге артса, ғылым саласына бөлінетін қаржының көлемі 7 есеге өседі. Барлық қаражаттың көлемі 11 триллион 578 миллиард теңгені құрайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button