Елорда тынысы

«eGov mobile» қосымшасының көмегі көп

Астана қаласы коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР электронды үкіметінің eGov mobile мобильді қосымшасы, egov.kz порталының жұмысы туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік емес акционерлік қоғамы Астана қаласы бойынша филиалының қоғаммен байланыс маманы Бахтияр Әлиақпаров баяндап, түрлі сұраққа жауап берді.

Маманның айтуынша, енді ЭЦҚ алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. «Мобильді ХҚО» қосымшасында ХҚО операторымен бейнеқоңырау арқылы байланысып, ЭЦҚ-ға үйден ­шықпай-ақ тапсырыс беруге болады.

Қызметті пайдалану үшін қосымшаға кіріп, «бейне қызметі» батыр­масын басу керек. Оператордың қосылуын күтіп, оған жеке куәлік пен SMS арқылы келген кодты айтып, өтінімді жіберу қажет.

Жыл басынан бері 4 миллионнан астам азамат қызмет алу үшін ХҚО-ға жүгінген. Олардың шамамен 30 па­йызы сұранысқа ие ЭЦҚ алу қызметіне тапсырыс берген. Сондықтан ХҚО-ға баруды қажет етпейтін мемлекеттік қызмет көрсетудің қолжетімді және ыңғайлы амалы ойластырылды. Қазіргі таңда «Мобильді ХҚО» арқылы 38 түрлі қызмет алуға болады. Тізім әлі де толығады.

Сондай-ақ аталған қосымшада жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың және жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық ­паспортының электронды нұсқасын алу, баланың тууына және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау, көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау, тұрғын үй көмегін тағайындау секілді сұранысы жоғары қызметтер де бар. Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметтерін де алуға болады.

Ақылы қызметтерге тапсырыс беру кезінде төлем шоты екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына сілтеме жібереді. Азаматтар бейнеқоңырау арқылы қызмет алу барысында баж салығын бірден төлей алады. Мобильді қосымша ХҚО-ға баруды алдын ала брондауға, электронды кезек талонын алуға, тұрғындарға жақын орналасқан ХҚО мекенжайын көруге мүмкіндік береді. Аталған қызметтерді қолжетімді қылудағы негізгі мақсат – ХҚО-ға келушілер ағынын азайту.

Қазірге дейін 68 мыңға жуық қолданушы ұялы телефонына «Мобильді ХҚО» орнатты. Қосымшаны Google Play және App Store онлайн-дүкендерінен жүктеп алуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button