Мәдениет

Екі жүз әннің сөзін жазған

Алдағы жұма, яғни 15 қарашада елордадағы «Астана» концерт залында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерқожа Тілепбердиевтің «Бақытым – байтақ далам» атты музыкалық-поэ­тикалық кеші өтеді. Осы шара қарсаңында ақынмен кездесіп, шағын сұхбат құрып едік.– Ерқожа аға, бұдан бұрын бас қалада дүйім елді шақыр­ған кешіңіз өтті ме?
– Иә. 2008 жылы халық көп жиналған кешім өткен еді. Уақыт қандай жүйрік. Одан бері зырғып он жыл өтті. Өнер жолда біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Қоржыным да толықты. Көптеген жаңа дүние­лер жазылды. Мен астанаға келгелі екі жүз әнге мәтін жаздым. Оның сыртында, өзімнің де жеке шығарған 40-50 әнім бар. Қазір оны көпке танымал әншілер орындап жүр. Біраз әндерім «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» деген республикалық байқауларда топ жарды.
– Кешті өткізуге кім мұрындық болып отыр?
– Біраз жылдан бері Ұлттық ұланмен шығармашылық байланыстамын. «Ел қорғаны» деген әнім қазір олардың гимніне айналды десе болады. Әуе­лі кеш өткізу туралы ұсыныс солардан түсті. Бұған елорда әкімдігі де қолдау көрсетті. Әрі 4-5 айдан кейін асқаралы алпыс жасқа толамын. Соның алдында халықтың батасын алып, жүздескім келді.
– Концертке кімдер қатысады?
– Бұл кеште кейінгі жазылған біраз жаңа әндер шыр­қалады. Оны республикалық конкурстардың жүлдегерлері Рамазан Стамғазиев, Клара Төленбаева, Елмұра Жаңабергенова, Ардақ Балажанова, Зағипа Иманғазиева секілді талантты өнерпаздар орындайды. Сондай-ақ Ұлттық Ұлан ән-би ансамблі, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі мен Қаллеки театрының әртістері өнер көрсетеді. Сонымен бірге Венгрия опера театрының солисі, дарынды әнші Мәлік Азат деген бауырым әдейі осы кешке қатысу үшін сонау жерден ат арытып келе жатыр. Өзім Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде өмірге келіп, бала күнімнен ақын өлеңдерін жаттап өстім. Ақынға арнап ән жаздым. Сондықтан концертте ақынның ұлы Жұлдыз ағамыз бен жеңгеміз арнайы қонақ болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button