Денсаулық

Жүйе жаңарады, сапа артады

 Еліміздің денсаулық сақтау саласында жаңа жылдан бастап үлкен өзгеріс болады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Әлем тәжірибесіне сүйенген жаңа жобаға дайындық 2015 жылдан басталған еді.Осы жылдары республикамыздағы барлық медициналық қызмет көрсететін мекемелер дайындықтан өтіп, тұрғындар­ға ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, осы күнге үлкен дайын­­­дықпен жетіп отыр. Оның маңыздылығының бір дәлелі – Қазақстан Республикасы­ның Президенті де өзінің халыққа Жолдауында айтып өтті. «Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қыз­мет көрсетудің сапасы мен қолже­тімділігін жақсартуға бағыт­талған. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет. Біздің қателесуге құқымыз жоқ» деп баса көрсетті.
Азаматтарды жаппай сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын тиісті деңгейде ұстап тұру мақсатында басталған бұл өзгеріс алдағы уақытта жемісін бермек.
Атап айтқанда, 2021 жылға қарай дәрігерлер жалақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсаттан құралған қаржы бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйе­сіндегі бастапқы бөлікті кеңейтуге, профилактикалық шараларды арттыруға жұмсалады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін аталған әлеуметтік пакет еңбек нарығына қатысушылардың бәріне қолжетімді болмақ. Бұл өз кезегінде кадр мәселесін шешіп береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сапалы алғашқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етпек.

Бақытжан АБДУЛЛАЕВ,
№1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің
көрсетілетін медициналық қызметтердің
сапасын бақылау және инновация
қызметі жөніндегі орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button