Сұхбат

Эльвира ШӘМШIКЕНОВА, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы ардагерлер мен мүгедектер жөнiндегi бөлiмiнiң бастығы: Ардагерлерге үнемi көмек көрсетiледi

Ұлы Отан соғысының Жеңiс күнi жақындап келедi. Биыл Қазақстан Ардагерлер кеңесiнiң құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда, соғыс ардагерлерiне қандай көмектер көрсетiлетiнi жайында бiлмек оймен елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқарма-сына хабарласқан едiк. Сауалымызға осы басқарманың ардагерлер және мүгедектер жұмысы жөнiндегi бөлiм бастығы Эльвира Шәмшiкенова жауап бердi.
– Астана қаласында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне әлеуметтiк қолдау көрсету басты назарда ұсталады. Бүгiнде сол сұрапыл соғысты бастан кешкен майдангерлер қатары азайып барады. Бүгiнде елордамызда Ұлы Отан соғысының 370 ардагерi тiркелген. Мiне, осы кiсiлерге көмек көрсету, көңiл бөлу ерекше мiндетiмiз болып отыр. Осы орайда, басқарма тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда.
– Әлеуметтiк көмек түрлерiн нақтылап айтып берсеңiз?
– Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 13 желтоқсандағы шешiмiмен бекiтiлген «Астана қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек көрсету» ережесiне сәйкес ҰОС ардагерлерiне ай сайын тұрғын үйiнiң пайдалы алаңына байланысты 5 айлық есептiк көрсеткiштен (8090 теңге) 8 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн (12944 теңге) коммуналдық және басқа да қызметтер төлемдерiн төлеуге әлеуметтiк көмек көрсетiледi. Жергiлiктi мерзiмдi баспасөзге жазылу үшiн 5820 теңгеден бiржолғы жәрдем берiледi.
Астаналық ардагерлерiмiз қала iшiндегi қоғамдық көлiктерде тегiн жүредi. Жыл сайын шипажайлық-курорттық емделуге барады. Дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады. Тiс протездеудi тегiн жасай алады. Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтiк сараптама комис-сиясының шешiмiне сәйкес, толық көлемде кресло-арбамен, сурдо және тифлоқұралдармен қамтамасыз етiледi. Протездiк ортопедиялық көмек және протездiк ортопедиялық, мiндеттi гигиеналық құралдар ұсынылады.
– Биылғы Жеңiс күнiне орай қосымша көмек берiле ме?
– Жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен сәуiр айында, яғни Жеңiс күнi қарсаңында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне 10 000 теңгеден бiржолғы материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр. Жалпы, қала әкiмдiгi тарапынан соғыс ардагерлерiнiң әлеуметтiк жағдайына үнемi көңiл бөлiнiп келедi.

Әңгiмелескен Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button