Жаңалықтар

Елбасы тағзым етті

ERA_0292

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Отан қорғаушылар» монументіне «Даңқ» гүл тізбегі мен гүл себеттерін қою рәсімі өтті.

«Отан қорғаушылар» алаңының алдында жиналған жұртшылықтың қарасы көп. Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген бұл шараға 10 мыңға жуық адам қатысты. Соның ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген соғыс ардагерлері бар.
Арнайы автобустармен алаңға жеткізілген қарттарды «Жас ұлан» республикалык мектебінің жеткіншектері күтіп алып, орындарына жайғастырып жатты. Айналада майдан әндері әуелеп, әр жүрекке ерлік пен отансүйгіштік сезімін ұялатты.
Салтанатты қарауыл күзеткен мәңгілік алауға гүлшоқтары қойылғаннан кейін жиналған қауым соғыста қаза тапқан сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Ресми рәсімнен кейін Мемлекет басшысы ардагерлермен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрасты.
Салтанатты шара кезінде Президент барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.
– Соғыста миллиондаған адам майдан даласында қаза тапты және соншасы жарақат алды, жақындары жапа шекті. Біз – жеңімпаз әкелердің бақытты ұрпағымыз. Егер олар жеңіске жетпегенде, қазір біздің жағдайымыз қандай боларын елестетудің өзі қиын. Сондықтан ардагерлеріміз мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де барлық құрметке лайық. Мен жастардың ардагерлерге әрдайым көмектескенін, қарт ата-аналарын құрметтегенін қалаймын, біздің халық солай болуға тиіс. Ардагерлер арамызда аман-есен ұзақ жүріп, адамгершілік, моральдық ұстанымдарымен жас буынға үлгі бола берсін. Мерекелеріңізбен, қымбатты қазақстандықтар! Әрбір отбасыға бақыт, табыс және ашық аспан тілеймін! – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Иә, Отан үшін от кешкен ардагерлерімізге қандай құрмет те жарасады. Бүгінде елордада 206 соғыс ардагері тұрады. Оларға түрлі көмектер көрсетіліп жатыр. Жеңістің 70 жылдығына орай әр ардагерге 1 миллион 100 мың теңге берілді. Қариялардың барлығы да пәтермен қамтамасыз етіліп, үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button