Жаңалықтар

Ешкімді жатсынбаған жан еді

DSC_0746

Адамзатқа орасан зиян келтірген сұрапыл соғыстың аяқталуына әрбір майдангердің қосқан үлесі зор. Солардың ішінде менің атам да бар.

Менің атам Нұрғазы Жүнісұлы – бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Ерназар ауылдық кеңесіне қарасты Жәнтікей ауылының тумасы. Жиырма тоғыз жасында 1941 жылдың желтоқсан айында соғысқа шақырылып, Өскемен қаласында жасақталған атқыштар дивизиясында дайындықтан өткен. Атам Новороссийскідегі Кіші жерде ұрысқа қатысқан. Ол мерген болған. Көптеген жаудың көзін құртып, азаматттық борышын адал атқарыпты.
Кейіннен оны барлаушылар ротасына ауыстырыпты. Жаудың жасырынған орындарын тауып, бірнеше рет тіл әкелу операциясына қатысқан. Осы ерліктері үшін қаншама мәрте марапатқа ұсынылғанымен, құжаттары бекітілмепті.
1943 жылдың қаңтар айында аяғынан жараланып, әскери госпитальға түседі. Кейіннен атамды Ташкенттегі әскери госпитальға ауыстырып, емдеген. Бірақ соғысқа жарамайтын болған соң, 1943 жылдың жазында елге қайтарған. Атам елге сержант атағымен оралыпты. Ұлы Жеңістің 10, 20, 30 жылдығына арналған медальдармен марапатталған. Жеңістің 40 жылдығында атамды «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттаған.
Атам соғыстан кейін Көкжыра ауылында ұзақ жылдар бойы салық инспекциясының инспекторы болып қызмет істеген. Алматы, Семей қалаларында салық комитетінің білім жетілдіру курс­тарында оқыған. Өмірінің соңғы жылдарында әртүрлі жұмыстар атқарған.
Атамыз бен әжеміз соғыстан кейін ауылға жер аударылған немістің отбасынан жетім қалған 9 жасар Ида есімді қызды асырап алған. Ида атамыздың тегімен Нұрғазина болып, Көкжыра 7 жылдық мектебінде оқыды. Кейіннен тұрмысқа шықты. Атамыздан тараған ұрпақтарының бәрі Ида апамызбен жақсы араласып тұрған. Кейіннен апа- жездеміз Алтай өлкесінің Паспелиха ауданының Мамонтов ауылына көшіпті. Ида апамыз осыдан 4 жыл бұрын қайтыс болды. Артында Сергей есімді ұл, Таня есімді қыз және келін балалары бар. Менің әкем және оның аға-апайлары Сергейдің отбасымен бүгінде араласып тұрады. Идадан бөлек атам мен әжем 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Мен атамның көзін көрген жоқпын. Мен өмірге келерден төрт жыл бұрын 1982 жылы дүниеден өткен. Біз немерелері атамыздың батыр болғанын әкелерімізден естіп өстік.
Енді соғыс болмасын, аспанымыз ашық, ел іргесі берік болғай дейміз.

Елтай НҰРҒАЗИН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button