Саясат

Елді елең еткізген

Есепті кезеңде әлемде дүйім жұртты елеңдеткізіп, көптің талқысына түскен бірнеше ірі саяси оқиғалар болды. Тамыздың 18-і күні БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан 81-ге қараған шағында дүниеден озды. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған билеуші Әділдік және даму партиясының төрағасы болып қайта сайланды. Сол күні Ресей лидері Владимир Путин Австрияның сыртқы істер министрі Карин Кнайсль ханымның үйлену тойына қатысып, Германия канцлері Ангела Меркельмен ресми кездесу өткізді. Жексенбіде Ауғанстан басшысы Ашраф Гани «Талибан» қозғалысымен соғысты үш айға дейін тоқтата тұру жөнінде мәмілеге келді.

АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫ ӨСІМІ – 60 ЕСЕ

Венесуэла билігі қыркүйек айынан бастап елдегі ең төменгі айлық жалақыны 60 есеге өсіруге уәде беріп отыр.

Елдің президенті Николас Мадуро жұма күні осы жайында хабарлай отырып, ең төменгі жалақының «петро» криптовалютасына қосақталатынын жеткізді. Жаңа айлықтың мөлшері бір «петроның» жаңа боливар ақшасымен 1,8 мың, ескі боливармен 180 млн болады. Бұл ең төменгі айлық жалақының бірден 60 есеге өсіп отырғанын көрсетеді.
Венесуэлада 20 тамыз­дан бастап жаңа ақша айналымға енгізілді. Онда ескі боливардың соңындағы бес нөл цифры алынып қалды. Енді ең үлкен ақша қағазының құны 500 боливар болып тұр. Әзірге елде боливар мен «петро» қатар қолданыста жүреді. Толық құрып біткенге дейін ескі ақша да айналымда қала береді. Жаңа ақша «петроға» тәуелді болады.

«ҰРЫП-СОҚҚАНЫМЫЗ ҮШІН КЕШІРІҢДЕР»

Румынияның ішкі істер министрі өз қызметкерлерін тәртіпсіздік жасаушыларды ұрып-соққандары үшін жұрттан кешірім сұрады.

Министр Кармен Дан мұны 10 тамыз күні Бухарест көшелерінде үкіметке қарсы ереуіл жасаушыларды басу кезінде полицейлер тарапынан жасалған әрекеттерге байланысты айтты. Жаппай шерудің соңында 450 адам зардап шексе, олардың 70-і ауруханаларға жатқызылды, соның ішінде 11 жандарм болды.
«Мен қақтығыс барысында зардап шеккен азаматтар мен жандарм­дардан кешірім сұраймын» деді министр жек­сенбі күні өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, осы оқиғаға байланысты 20-дан астам қылмыстық іс қозғалған.

БЕЛАРУСЬ ҮКІМЕТІ ӨЗГЕРДІ

Беларусь президенті Александр Лукашенко ел Үкіметінің басшыларын түгел орындарынан алып, жаңа премьер тағайындады.

Үкіметтің бұрынғы құрамын түгелге жуық қызметінен қуған мемлекет басшысы мұны олардың алдарына қойған міндеттерін орындай алмауынан деп түсіндірді. Осыған орай ол жаңа Үкіметтің алдындағы ең басты міндет ретінде тәртіпті алға тартты.
Министрлер кабинетінің тізгінін енді бұрын Даму банкін бас­қарған Сергей Румас ұстады. Одан бөлек, премьердің орынбасарлары да түгел өзгерді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button