Саясат

Елді елең еткізген

АЙДАН СУ ТАБЫЛДЫ

Астроном ғалымдар Айдың бетінде мұз түріндегі су бар екенін дәлелдеді. Мұз Айдың солтүстік және оңтүстік полюстерінен табылыпты әрі оның жатқанына миллиондаған жыл өткен көрінеді.

Бұл жаңалықты Гавай, Браун университеттерінің және NASA басқармасына қарасты бір бөлімнің ғалымдары бірлесіп ашты. Оны 2008 жылы Айды зерттеуге жіберген Үндістанның «Чандраян-1» серігінің көмегімен күн түспейтін тұстардан анықтады.
«Чандраян-1» жер серігіне су іздеу үшін арнайы Moon Mineralogy Mapper (M3) аппараты орнатылған. Ол сұ­йықтықты су, бу және мұз күйінде ажырата біледі. Алдағы уақытта мұз тәрізді су көбірек көлемде табылар болса, Айға баратын астронавтар үшін пайдасы тимек. Яғни Жерден су тасып әуре болмай, сол жақтағы мұзды ауызсу ретінде пайдалануға болады.
Мұз бұған дейін Күн жүйесіндегі Меркурийдің солтүстік полюсінен және шағын ғана Церес планетасынан табылған болатын.

ТАЙВАНЬ СЕНІМНЕН ШЫҚТЫ

Сальвадор үкіметі Тайваньмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзгенін хабарлады.

– Ел үкімет осыған дейін Тайваньмен жал­­ғасып келген дип­ломатиялық қарым-­қатынасқа нүкте қойды. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасымен байланыс орнату туралы шешім қабылдады, – деді Сальвадор президенті Сачес Серен.
Өз кезегінде Тайваньның сыртқы істер министрі Джозеф У бұл жағдайды Сальвадор тарапының қомақты қаржылық көмекті талап етуімен байланыс­тырды.
Биылдың өзінде осы­мен үшінші мемлекет Тайвань елімен байланысын үзді. Мұндай қадамға 1 мамырда Доминикан, ал 24 мамырда Буркина-Фасо барды. Осылайша, Тайваньның дербестігін мойындайтын небәрі 17 мемлекет қалды.
Айта кетейік, Қытай Тайваньды өзінің ажырамас бөлігі ретінде көріп, уақытша бақылаудан шыққан аймақ ретінде есептейді.

  ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫН АНЫҚТАДЫ

Вашингтон университетінің ғалымдары ішімдіктің кез келген мөлшері денсаулыққа зиянды екенін анықтады.

Зерттеу жұмыстары барысында спирт өнім­дерінің кішкене ғана мөлшері жүректі қорғайтыны туралы тұжырым дәлелденген. Алайда оның ісік секілді қауіпті ауруларды күшейтетіні де белгілі болды.
Ғалымдар мұндай шешімге келмес бұрын көп мәселені назарға алған. Олар 195 елдің 15-95 жас аралығындағы тұрғындарын зерт­теп шықты. Яғни ішімдікті күніне бір мәрте пайдаланатын және мүлдем ішпейтіндерді қарастырған. Оның қорытындысы бойынша спирт өнімдерін күніне бір рет ішетін адамның қауіпті ауруға шалдығу көрсеткіші 0,5 пайызға, екі рет қолданатындікі 7 пайызға, ал бес уақыт ішетіндікі 37 пайызға артқан.
Аталған университет­тің мамандары 2016 жылы әлемде алкоголь салдарынан 2,8 млн адам көз жұмғанын мә­лім етті.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button