Қала тіршілігі

ЕЛЕК КЕЛІП ҚҰЙЫЛҒАНДАЙ ЕСІЛГЕ

«Ақтөбені көрмегендер бар әлі» деп ақын Ертай Ашықбаев жырлағандай, «сайран самал соғатын», «ша­ңырағы – тоқ», «іргесі – құт» қаланы көрмеген жұртқа өткен аптада сол өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. Астанада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнал­ған «Қуатты өңір – қуат­ты Қазақстан» бағдарла­ма­­­сы­ның аясында Ақтөбе облысының күндері бар сән-сал­танатымен ұйым­дас­ты­рылды.

5g7a6300

МАЙЛЫ ҚИЯННЫҢ БЕКІРЕСІ

Алғашқы шаралардың бірі – «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алаңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Жәрмеңкені Астана әкімі Әсет Исекешев пен Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев аралады.

Сондай-ақ, елордалықтар 362 әулиенің мекені – Маңғыстау облысының елордадағы күнде­ріне куә болды. «Хан шатыр» СОО алаңына кіреберісте де маңғыстаулық шаруалардың өнімдері жайғастырылған еді. Әрине, майлы қиян елі дегенде халықтың есіне ең алдымен мұнай мен қарт Каспийдің балығы түседі. Бұл жолғы жәрмеңкеге бас сұққандар да балықты аңсап келгендері аян. Солардың бірі – шығармашылық ортадан жиі көрінетін әріптесіміз Алмас Алтайды «Түпқараған ауданы» деген анықтамасы бар сөренің жанынан кезіктіріп қалдық.

Ұзын-сонар кезектің соңында тұрған ол туған жерінің асын алуға келгенін ұқтырды. Астанада табыла қоймайтын бекіре балығының келісі осы жерде 3,5 мың теңгеден саудаланды. Алайда сатып алушылардың оны қымбатсынбай, бір-екеуден, тіпті одан да көп мөлшерде дорбаларына тоғытып жатқанын көрдік.

ТІРІ БАЛЫҚТАРДЫ ҚЫЗЫҚТАДЫ

Ақтөбеден Астанаға азық-түлік артып жеткен керуен 400 тоннадан астам өнім әкеліпті. Атап айтсақ, 100 тоннаға тарта ет, 25 тонна балық, 100 тонна көкөніс, 24 тонна сүт пен сүт өнімдері, 17 тонна өсімдік майы жəне басқа да азық түрлері алаңда сатылды. Келген жұрт алаң ортасында орнатылған кішігірім әуіттегі тірі балықтарды да қызықтады. Ниет білдіргендер сатып та алып жатты.

«Бұл балықтар Қарғалы ауданының «Ардағым» шаруа қожалығында өсіріледі. Жалпы балық шаруашылығымен айналысқанымызға 25 жыл болды. Балықтың бірнеше түрімен жұмысты бастап, бекіре өсіруді осыдан 10 жыл бұрын қолға алдық. Астанадағы жәрмеңкеге де төртінші жыл қатарынан келіп отырмыз» дейді шаруа қожалығының жетекшісі Қали Құлтайұлы.

АБЫЛАЙ ҚЫМЫЗЫ НЕМЕСЕ ЕТ ДЕГЕНДЕ БЕТ БАР МА?

Бұдан соң «Абылай қымызы» деген жазуы бар шөлмектерге назар аудардық. Бұл қымыз Алға ауданындағы «Абылай» шаруашылығында өндіріледі екен. Сатып тұрған бойжеткенмен бір ауыз тілдесіп, литрі 500 теңгеден саудаланғанын білдік.

5g7a6705

Бір байқағанымыз, ақтөбелік шаруалардың сөрелерінен ет молынан орын алыпты. Қызылсырап келген халықтың қарасы да көп болды. Дорбаларын етке толтырып, алаңнан шығуға бет алған ер мен әйелді тоқтатып, бағалар жөнінде сұрадық. «Жылда өтетін жәрмеңке ғой. Осы жолғы ұйымдастырылуы бізге ұнап тұр. «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазақпыз ғой, етке бола келіп отырмыз. Ақтөбенің Шалқар ауданының еті бізге ұнады. Сиыр етін 1000 теңгеден сатып алдық. Сатушылардың мәдениеті де көңілімізден шықты» дейді Гүлжанат Төлепбергенова есімді тұтынушы.

5g7a6375

Жәрмеңкенің алғашқы күні Қарттардың халықаралық күні мерекесімен тұспа-тұс келді. Ет толы дорбаларын қоя тұрып, екі қария қауқылдасып тұр екен. Солардың қасына барып, мерекемен құттықтап, тілдесіп қалуды жөн көрдік. «Еттің бағасы арзан. Сиыр еті – 1000 теңгеден, жылқы еті 1200 теңгеден саудаланып тұрғаннан кейін қызығып кетіп, сатып алдым. Мереке күні ұйымдастырылған жәрмеңкеге мына біз – қарттар разымыз» дейді Махмұт Құласбаев ақсақал.

МӘЙЕКТІ МӘДЕНИ ШАРАЛАР

Жәрмеңкеде тек азық-түлік қана емес, түрлі тұрмыстық және зергерлік бұйымдар, кәде­сыйлар сатылды. «Жасаған бұйым­дарымызды халыққа көрсетіп, сату үшін жылда Астанаға келіп тұрамыз. Жәр­меңке бір жағынан сауда, екінші жағынан қарым-қатынас қой. Өнерде жүргеніме де біраз жыл болды. Қазақстан қалаларында, шетелдерде де көрмелерім өткен. Ата-бабаларымыздан бізге қалған зергерлік, ұсталық жолында жүрміз» дейді ақтөбелік қолөнер шебері Болат Атыраубаев.

Шеберлер қалашағы орна­ласқан маңға ақтөбеліктер бес киіз үй тігіпті. «Ақтөбеден Астанаға 20-дан астам қолөнер шеберлері өздері жасаған бұйымдарын әкелді. Облыстық тарихи-өл­кетану музейі де жәдігерлерін алып келді. Киіз үйдің біреуі осы мекеменікі. Өзге киіз үйлердің иесі Қарғалы, Байғанин, Мәртөк, Ырғыз аудандары» дейді Ақтөбе облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Омарова.

АҚТӨБЕЛІКТЕРДЕН ҮЙРЕНЕТІН ҮРДІСТЕР

Жалпы Астанаға ауқымды мәдени бағдарламамен келген ақтөбеліктер өзге өңірлер үйренетін үрдістерді көрсетіп кетті. Мәселен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жатқан ақтөбелік студенттермен және сол аймақтан шығып, Назарбаев Университетінде білім алып жатқан жастармен, магистранттар мен жас оқытушылармен кездесті.

АСТАНАДАҒЫ АҚТӨБЕ «АРБАТЫ»

«Астаналық» саябағы мен Конгресс-холл алаңында Аста­­надағы Ақтөбе «Арбаты» атты көрме-жәрмеңке ұйым­дас­тырылып, Жастар театрында ақ­төбелік театрлар Ж.Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» спектаклі мен Қ.Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясын көрсетті.

Ақтөбе облысының Астана­дағы күндері «Арайлы Ақтөбеден – Елордаға!» атты Ақтөбе облысы өнер шеберлерінің және шығармашылық ұжымдарының гала-концертімен түйінделді.

Ал маңғыстаулықтар Бейбіт­шілік және келісім сарайында облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің «Жаңғырған асыл мұра» және облыстық кітап­хананың «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» атты көр­мені ұйымдастырып, «Жаң­ғырған Маңғыстаудан – жасампаз Аста­наға» атты гала-концертімен ха­лықтың құлақ құрышын қан­дырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button