Басты ақпарат

Электронды қызмет өссе, жемқорлық кемиді

Былтыр Астанада «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы жүзеге асырыла бастады. Аталмыш жоба азаматтарға бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтарды анықтауға және тиісті органдарға хабарлауға мүмкіндік береді. Елорданың бұл тәжірибесі биыл басқа өңірлерге де таратылады. Осы туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өткен жылдың қорытындысы және осы жылға қойған мақсаттарына арналған алқа отырысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді. Іс-шараға Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі Марат Дәуешов, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов, белгілі сарапшылар қатысты.

ХАЛЫҚ БЮДЖЕТТІ БАҚЫЛАЙ АЛАДЫ

«Қоғамдық бақылау картасы» іске қосылғалы әлеуметтік желілер және call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалар негізінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін 2,2 мыңнан астам мәселе шешілген.
Жобаны жетілдіру барысында «Астанадағы интерактивті қоғамдық бақылау картасы» әзірленді. Бұл карта құрылысқа, нысандарды жөндеуге және күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатын анық көрсетеді. Кез келген адам 24 сағат бойы фотосуреттер мен бейнежазбаларды тіркей отырып, бұзушылықтар жайлы хабарлай алады.
Аталған жобалар жаңа коммуникацияны игеру және цифрландыру дәуірінің талаптарына сай дайындалды. Алқа отырысына қатысқан Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов цифрландыру әкімдік жұмысындағы стратегиялық бағытқа айналып отырғанын айтып, бұл тарапта қалада атқарылып жатқан істерге тоқталды.

ЦИФРЛАНДЫРУ КӨРСЕТКІШІ КӨБЕЙДІ

Өткен жылы Астана әкімдігі көрсеткен мемлекеттік қызметтер көрсеткішін жариялаған қала басшысы олардың 73 пайы­зы электронды форматта атқарылғанын айтты. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны да өсе түскен. Соның арқасында цифрландыру деңгейі 43,6 пайыздан 48 пайызға ұлғайған.
«Биыл елорда әкімдігінің ақпараттық жүйелері арқылы 40 шақты көрсетілетін мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, орталық мемлекеттік органдардың 14 ақпараттық жүйесімен біріктіріледі. Халықпен алшақтықты қысқарту мақсатында «Ашық әкімдік» тұжырымдамасын жүзеге асырып, кедергісіз қызмет көрсетуге көштік. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әкімдіктің бірінші қабатында 15 құрылымдық бөлімшенің «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін кабинеттері орналасты» деді Б. Сұлтанов. iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының халыққа берген кеңестері бір жылдың ішінде 4 есеге өскенін айтқан қала басшысы анықталған проблемаларды шешу мақсатында Астана әкімдігінің базасында Дамудың қалалық акселераторы құрылғанын жеткізді. Қазіргі таңда бұл жобаның аясында қалада жүйелі түрде орын алатын 19 мәселе қаралып жатыр. Атап айтсақ, оның ішіне құдықтардың, қоғамдық көліктің, жасыл желекті күтіп ұстаудың, пәтер бөлудің, т.б. осы сияқты мәселелер кіріп отыр.
Дамудың қалалық акселераторының ерекшелігі – туындаған мәселелерді шешуге мемлекеттік органдардан бастап, қоғамдық бірлестіктер, қаланың белсенді тұрғындары, ғалымдар, кәсіпкерлер және мәселені шешуге мүдделі барша адам тартылады. Қорытындысында мәселені көп дегенде 100 күн ішінде шешу жоспарланып отыр.
«Бұл жобаны дамыту мәселесі мен қалада Қызметтерді көрсетудің қалалық орталығын ашу жұмысы жеке бақылауымда тұр. Орталық ашылғанда сәулет, құрылыс және жер телімдерін алу салалары бойынша азаматтарды ақпараттандыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мәселелері біраз шешіледі. Жарқын мысал ретінде «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында атқарылған істерді айтуға болады. Қазір бұл жоба ведомствоаралық қарым-қатынастың үздік үлгісіне айналды. Соның арқасында халықтың күнделікті өмірінде кездесетін проблемалар, олардың тұрмысына кері әсер ететін, тұрғындарды мазалайтын мәселелер анықталып жатыр» деді Астана әкімі.
Өткен жылдың қараша айында Сарыарқа ауданы әкімдігінің «Open space» форматында фронт кеңсесінің ашылғаны да нәтиже берді. Соның үлгісімен елорданың өзге де мемлекеттік органдары трансформацияланады.
Бұл жоба арқылы қаланың емханаларында халықаралық стандарттар талаптарына сай келетін цифрлы ақпараттық киоскі­лер орналастырылып, балалар алаңдары салынып, Ахуалдық орталық құрылды, басқа да жаңашылдықтар енгізілді.

ТРАСФОРМАЦИЯ ТАБЫСТЫ ӨСІРДІ

Бақыт Сұлтанов Елбасының тапсырмасымен Астананы дамыту ісінде басымдық берілетін негізгі бағыттар қайта қаралып, елорданы жайлы, жаһандық қалаға айналдыру үшін «20 нақты бастама» бағдарламасы әзірленгенін айтты. Мұнда әлеуметтік игіліктер сапасының халық үшін жоғары және қолжетімді болуы, қалалық ортаны трансформациялау, көлік жүйесін дамыту, «Ақылды» технологиялар мен инновацияларды қолдану басты назарға алынды.
Соңғы он жылда Астана халқының саны екі есеге өсіп, қала әкімдігінің штаты 10 пайыз­ға қысқарған. Орташа есеппен алғанда, әкімдіктің бір қызметкеріне 1275 тұрғыннан келеді. Бұл ел аймақтарымен салыстырғанда 4 есе көп.
«Осыған орай белгіленген жоспарларды жүзеге асырып, тиісті межеге жету үшін әкімдікте трансформация жүргізілді. Әкімшілік-басқару персоналын екі есеге қысқарту есебінен бейіндік лауазымдар көбейіп, аз адам жұмыс істейтін құрылымдар 30-дан 22-ге азайды. Бүгінде негізгі функцияларды атқарумен персоналдың 80 пайызы және әкімшілік қызметкерлердің 20 пайызы айналысып жатыр. Бұрын бұл көрсеткіш сәйкесінше 68 және 32 пайыз болған» деді қала басшысы.
Өткен жылы Астана әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында еңбекақы төлеудің факторлық-балдық моделі қанатқақты жобасына кірді. Соның арқасында мемлекеттік қызметкерлердің табысы өсіп, жұмыс нәтижелігі де артты.

ҚАЛАДА ҚАРЖЫ ҮНЕМДЕЛДІ

Бұған қоса, бірқатар көрсеткіштер бойынша бюджет қаржысы үнемделді. Атап айт­қанда, әкімшілік-басқару персоналын қысқарту 151 млн теңгені үнемдеді. Бес жыл ішінде бұл арқылы 755 млн теңгені үнемдеу көзделуде. Сол сияқты ведомстволық көліктен бас тартып, таксиге ауысу, бірқатар салада қаржылық шығындарды оңтайландыру да қаржыны үнемдеуге жол ашқан.
Былтыр мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемдеу 22,1 млрд теңгені құрады. Ал жалпы өткен жылы 27,6 млрд теңге үнемделіп, коммуналдық меншікке 200 млрд теңгенің мүлкі қабылданды. 2023 жылға дейін мемлекеттік сатып алулар саласында үнемдеуді есептемегенде үнемдеудің жалпы көлемі 26,4 млрд теңгені құрайды деп болжануда.
«Астананың дамуы – Мемлекет басшысының ерекше назарында. Ол – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі. Сондықтан елордаға деген талап та, талғам да қашанда жоғары. Астанада жүзеге асырылып отырған игі бастамалардың барлығы қала тұрғындарының әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл істің түбінде елорда мен еліміздің бүгінгі берекесі, ертеңгі игілігі жатыр» деп түйіндеді сөзін ­ Б.­Сұлтанов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button