Жаңалықтар

Елге еңбегi сiңгендер

Соғыс жылдары бір бозбалалар қару асынып, майданға аттанса, енді бірі өрімдей кезінен тылда жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Сондай тыл ардагерлері – Рамазан Есмағамбетов пен Кәрім Садықов.

Рамазан Есмағамбетов 1934 жылы 21 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1958 жылы Әл-фараби атындағы (бұрынға Киров) Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1968-1974 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшесі. 1974 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облыстық сотының төрағасының орынбасары болып тағайындалған. 1976 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының алқа мүшесі, 1981 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының рақымшылық департаментінің басшысы болған. 1986 жылдан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқа мүшесі. 1996 жылы сот саласынан құрметті демалысқа шыққан.
Ол кісі «Тың және тыңайған жерлерді игеру үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің қырық жылдығы», «Жеңістің елу жылдығы», «Жеңістің 60 жылдығы», «Сот жүйесінің ардагері» медальдарымен және 1996 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Қария Рамазан Есмағамбетұлы биыл 82 жасқа шықты. Ол кісінің ғибратты сөзінен тәуелсіздікті бағалау, елге адал, әрі қорған, ел билеген Елбасына адал болу біздің парызымыз екенін ұқтық.
Біз «ата Сіздің арманыңыз бар ма, не армандайсыз, шетел аралап, дүниенің кереметін көргіңіз келе ме?» деп сұрадық. «Қарағым-ай, менің бар байлығым, бақытым – туған халқым, Отанның тыныштығы. Бақыт байлықпен өлшенбейді. Адал еңбегімнің жемісін, бейнеттің зейнетін, немерелерімнің қызығын, елдің ба­қытты өмірін көруден артық арман бола ма?» деді. Жеңісті жа­қындату үшін жан аямай тер төккен, еліміздің берік қорғаны болған ардагерлеріміздің алдында бүгінгі ұрпақ мәңгі қарыздар.
Тағы бір қазыналы қарияларымыздың бірі – Кәрім Садықов. 1928 жылы Көк­шетаудың Бурабай қаласында дү­ниеге келген Кәрім ақсақал биыл 88 жасқа шықты. 1967 жылы Қорғалжын аудандық халық сотына мүше болып тағайындалып, 1990 жылы дәл осы соттан зейнетке шыққан.
Тыл ардагерлері маңдайдан тер төкті, жоқшылықтың зардабын тартты, талай ана мен баланың көз жасын көрді, қасіреттен көздері жасқа, жандары азапқа түсті.
4 жыл! 1418 күн мен түн. 34 000 мың сағат. 20 миллоннан астам адамның өшкен өмірі. Біз үшін ардагерлеріміздің жеңіс жолындағы ерлігі батылдықтың, асқақ қаһармандықтың өлшемі болып қала бермек.
Бүгінгі мамыражай бейбіт өмір ерлікпен ел қорғаған осы қария­ла­ры­мыздың арқасы. Өмір өткелдерінен қайыспай, бар қиындықты жеңе білген ата-әжелеріміздің шежірелі өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі өнеге, Отанға деген адалдықтың, халқына деген құрметтің биік өлшемі болып қала бермек.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button