Мәдениет

Еліміздің бас сарайы

Тәуелсіздік сарайы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы 15 желтоқсанда ресми түрде ашылды. Біз үшін Тәуелсіздік сарайының Қазақстан Республикасының ­Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылғаны – үлкен мәртебе. Дамыған ­инфрақұрылымы, жоғары деңгейдегі техникалық жабдықталуы және сапалы менеджменті республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдарды, кездесулерді, съездерді және басқа да іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. 40 мың ш.м. асатын аумағында кең залдар мен галереялар орналасқан. Ғимарат үш қабаттан тұрады.Тәуелсіздік сарайында көптеген маңызды іс-шаралар өткізіліп, олардың кейбіреулері еліміз үшін тарихи оқиғаларға айналды. Атап айтатын болсақ, 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммиті бүкіл дүниежүзілік жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Саммитке 38 ел басшылары және 73 ЕҚЫҰ мүшелері және серіктестерінің ресми делегациялары қатысты.

2011 және 2015 жылдары өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сондай-ақ 2019 жылы Президент ­Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаевтың ұлықтау рәсімін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, біздің ғимаратта жоғары Еуразия­лық экономикалық кеңесінің ел басшылар деңгейіндегі отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) мерейтойлық саммиттері өтті.
Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің IV кеңесі сарай тарихындағы 2019 жылдың ең маңызды оқиғасы болды. Бұл іс-шараға 65 еуропалық, азия, араб мемлекеттері мен ТМД елдерінің парламентарийлері, сондай-ақ 14 халықаралық ұйым, оның ішінде Еуропа Парламенті мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының өкілдері қатысты. Жыл басынан қазіргі уақытқа дейін төтенше жағдайға қарамастан ұжыммен көп бастамалар бастап, бірігіп жұмыс жасаудамыз. Ұжым әлеуметтік көмек ретінде жағдайы төмен отбасыларына және мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Пандемия кезінде халықтың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында онлайн форматта суретшілермен тікелей эфирлер, көрмелер, лекциялар, шеберлік сыныптарын, конкурстар ұйымдас­тырдық. Жұмыс істеудің жаңа форматына көштік. Заманға сай жастардың көңілін аулау үшін әртүрлі әлеуметтік челлендждер бастадық. Халықтың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру үшін кітап алмасу бұрышын аштық. Тәуелсіздік сарайына келген оқыр­ман өзінің оқып бітірген кітабын басқа кітапқа ауыстырып алуына болады.
Қазақстандық суретшілер туралы мағлұматтармен көпшілікті таныстырып, тікелей эфирлер жүргіздік. Қазіргі заманға сай ұжым жастары әлеуметтік желіде өте танымал болған атақты суретшілердің жұмыстарына қызықты косплейлер түсірдік. Абайдың 175 жылдығына орай көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде Абайдың шығармашылығына арналған поэзия кештерін өткіздік. Тұңғыш Президент күніне арналған Н.Назарбаевтың қанатты сөздерінен ұжым жастары бейнеролик түсіріп, көпшіліктің оң бағасын алды. Таяуда «Ұлы дала жүрегі» атты үлкен көрме ашылды. Шет мемлекеттер мен қазақстандық кәсіби мамандардың жұмыстары ұсынылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «30 игі іс» шарасын бастап жатырмыз. Бұл акция аясында ұжыммен ең бірінші мұқтаж 30 жанұяға әлеуметтік көмек көрсетпекпіз.
Тәуелсіздік сарайының 12 жылдығына біздің мекеме жауапкершілікпен дайындалып, ұжым ішінде және онлайн форматта әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Төтенше жағдайға қарамастан зәулім сарайдың жұмысын тоқтатпай, өз міндеттерін атқарған қызметкерлердің еңбегі зор. Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің белгісі – Нұр-Сұлтан» атты көркемөнер көрмесі ашылады. Онда Тәуелсіздік сарайы қорынан алынған жұмыстар қойылады. Көрмеге қазақстандық және шетелдік суретшілердің Нұр-Сұлтан қаласының тарихы мен болашағы бейнеленген 40-тан астам жұмыстары қойылған.

Болат РЫСҚАЛИЕВ,
«Тәуелсіздік сарайы»
МКҚК директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button