Қала мен Сала

Елордаға Ертістен су келе ме?

Бүгінде елде 309 су қоймасы бар. Олар штаттық режимде жұмыс істеп, меншік иелері су көздерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін заңмен белгіленген қажетті іс-шаралар өткізуге міндеттелген. Дегенмен су қоймаларының тек 83-і ғана мемлекет меншігінде. Оның 34-і апаттық жағдайда деп танылған. Ал оларды қалыпқа келтіруге қаржы қолбайлау болып отыр.

Келешекте елорда халқының ауызсусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар. Себебі Астана немесе Вячеслав су қоймасының қоры жылдан жылға азайып барады. ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында депутат Шәкір Хахазов осындай мәселені көтерді.
Жарты ғасыр бұрын салынған су қоймасы 300 мың адамға шақталған. Ал Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны қазір бұдан төрт есе асты. Осы тұста депутат ауызсу тапшылығын болдырмау үшін сумен жабдықтаудың қосымша көздерін табуды ұсынды.
Көптеген елордалықтардың айтуынша, құбырдан аққан су ішуге жарамсыз, хлордың дәмі бар немесе сары су ағады. Бірақ алдағы уақытта судың сапасы ғана емес, көлемі де өзекті мәселеге айналуы әбден мүмкін.
– Бүгінде елорда мен қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары су тапшылығына шағымданады. Қаланың көптеген аудандарында сумен жабдықтау колонкалар арқылы жүргізіледі. Ал кейбір тұрғын үй кешендерінде ағатын судың жағымсыз иісі бар және мұның бәрі біздің рес­публикамыздың астанасында,– деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов.
Депутат осы мәселелерді айтып, Премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Еліміздің бас қаласы мәртебесін алғаннан кейін Нұр-Сұлтандағы тұрғындар саны 1 млн 200 мыңға жетті. Шаһарда «Астана су қоймасынан» басқа сумен жабдықтау көзі жоқ. Сондықтан ауызсу тапшылығы болмау үшін депутат қазірден бастап әрекет етуге шақырады.
– Ол үшін Ертіс суын елордаға тарту керек, – дейді Шәкір Хахазов. – Ертіс суын Сәтпаев атындағы арнадан су жіберу арқылы тасымалдау үшін жаңа су тартқыш салу керек. Бұған балама жоқ. Егер біз алда күрделі проблемаларға тап болғымыз келмесе, құрылыс туралы шешімді бүгінгі күні тез арада қабылдауымыз керек. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бірақ осы уақытқа дейін әлі іске асырылған жоқ. Осы мәселеге байланысты біз су ресурстары комитетіне хабарластық. Онда қосымша су көзінің құрылысы келер жылдың аяғында немесе 2022 жылы басталатынын алға тартты…
– Жобаны іске асыру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Биыл республикалық бюджеттен осы жобаның жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 250 миллион теңге бөлінді. Жоба екі жылға арналған. Келесі жылдың аяғына дейін осы жобалау сметалық құжаттама дайын болу керек. Келесі жылдың аяғына қарай төртінші тоқсанда құрылысты бастаймыз ба деген жоспарымыз бар. Болмаған жағдайда 2022 жылдың басынан бастап кірісеміз. Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде арнаны тазалау жұмыс­тары жүргізіледі. Екіншісінде ұзындығы 105 км су тартқыштың бір тармағы салынады және екі сорғы стансасы жаңартылады. Үшінші кезеңде екінші су тартқыш салынады, – дейді ҚР АШМ Су шаруашылық құрылыстарын дамыту және пайдалану басқармасының басшысы.
Сәтпаев атындағы арнаның 22 сорғыш стансасы бар, соның осы жердегі Қарағанды облысында орналасқан 19-стансасынан бастап Ертіс өзеніне дейінгі қашықтығы 105 шақырым болады. Комитет «әзірге Астана су қоймасы қаланы ауызсумен толық қамтамасыз ете алады» деп сендіруде. Қойманың көлемі 411 миллион текше метр болса, қала халқы жылына 90 миллион текше метрге дейін су тұтынады. Бірақ мамандардың болжауынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 165 миллион текше метрге жетпек.
Оның үстіне Қазақстан су қоры бойынша Ресейден, Қытайдан және Орталық Азия елдерінен келетін су жолдарына тәуелді екенін білеміз. Бірақ жер үстіндегі ашық су қоймаларынан басқа, жерасты қорларын да пайдалану жолдары бар. Көңілге медет етерлігі – республиканың жерасты су ресурстарының мол екендігін айта кеткеніміз жөн. Жерасты суларының анықталған қорлары 15,8 текше шақырымды құрайды, қазіргі күні оның 2,6 текше шақырымы пайдаланылады. Жерасты суларының бастаулары өте әркелкі орналасқан. Су қорларының 63 пайыздан астамы республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Бұл сулар өте минералды болғандықтан және өте тереңде орналасқандықтан шаруашылық үшін пайдалануға қиындық туғызады. Болашақта олар республиканың су қажеттіліктерінің 25 пайызын қамтамасыз етуі мүмкін.
Елімізде пайдаланылатын жерасты суларының 52 пайызы шаруашылық-ауызсу мақсатында, 22 пайызы техникалық мақсатта, 9 пайызы жер суғару үшін және 7 пайызы жайылымдарды суландыру үшін іске жаратылады. Республиканың 69 қала мен 4000 -нан аса елді мекендері, 100-ден аса өндірістік кәсіпорын жерас­ты суларымен қамтамасыз етілген, онымен 90 мың гектарға дейінгі жерлер суғарылады. Жерасты суларын пайдалану үлесі республикамызда анықталған қорлардың 15, 6 пайызын, ал жалпы табиғи суларды пайдаланудың 7, 5 пайызын құрайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button