Қала мен Сала

57 бизнес-жоба қолдау тапты

Елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы мыңдаған кәсіптің қалыптасуына мүмкіндік берді. Биыл бас қалада 57 бизнес-жоба қаржыландырылып, іске асқан.

Отандық өнеркәсіптің дамуына үлес қосып, бизнестен береке тапқандардың бірі – Әлия Тоқтанаева. Кәсіпкер ана «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына өз бизнес жобасын ұсынып, қаржылай қолдауға ие болған. Бүгінде балалардың есте сақтау қабілетін арттыруға арналған ойыншықтар өндіруді қолға алыпты. «Қызымыз мазасыз болды. Зейіні мен есте сақтау қабілетін жақсартатын ойыншықтар іздедік. Мұндай өнімдерді елордадан табу қиын. Нарықты импорттық өнімдер жаулаған. Сондықтан сапасы жағынан шетелдік ойыншықтардан кем түспейтін ойыншықтар шығаруды мақсат еттік. Біз шетелдік нарықты зерттедік. Қазір жартышар аралық тақталар, балансирлер, бодибордтар, танграмдар, текшелер, слайдтар, көлденең сырықтар, әткеншектер және басқа заттар бар. Олардың ерекшелігі баланың зейінін ашып, критикалық ойлау қабілетін нығайтуға көмектеседі. Ойыншықтарымыз бір жастан 15 жасқа дейінгі балаларға арналған әрі ерекше қажеттілігі бар балаларға да тиімді. Біз ағаш шеберханасын аштық әрі қажетті құрал-жабдықтарға да тапсырыс бердік. Қазір өндірісті іске қосу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ақпан айынан бастап, толығымен іске кірісеміз» дейді «GA оiynshyqtar fabrikasy»-ның жетекшісі.
«Бизнестің жол картасы» жобасының тағы бір қатысушысы, ADAMI зергерлік шеберханасының негізін қалаушы Дамира Абикенова зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. Ол жобадан жеңген қаражатқа күмістен жасалған бұйымдарға алтын жалатуға қажетті техниканы сатып алып, шеберханасын кеңейтіпті.
«Табиғи тастармен күміс зергерлік бұйымдар шығарамыз. Бұл бағытта төрт жылға жуық іздендім. Жан-жақты зерттедім. Өзім бұйымдар жасай бастадым. Уақыт өте келе өз кәсібімді ашқым келді. Нәтижесінде бағдарламаға қатысып, биыл арманымды орындадым. Зергерлік бұйымдар жасау асқан шеберлікпен қатар түрлі техниканы, құрал-жабдықтарды қажет етеді. Олардың бағасы да қымбат. Ал кәсібін енді бастағандар үшін ондай шығындарды көтеру қиын. Сондықтан байқауға қатыстым, бұл мүмкіндік мен үшін үлкен қолдау болды» дейді Дамира Абикенова.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасына кәсіпкерлермен қатар өз бизнесін ашқысы келетін көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен 50 жастан асқан азаматтар да қатыса алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button