Талайғы тарихТаным

Елорданың ертеңіне сенемін!

[smartslider3 slider=801]

– Қазақстан тәуелсіздік алып, нарықтық қатынастарға көшкеннен кейінгі мезгіл – қиыншылықтан ел еңсесін енді тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ. Шындығында, сол бір жылдар түйіні тарқатылмаған күрделі кезең еді.
Елбасы астананы Ақмолаға бекер көшірген жоқ. Оның түрлі себептері бар. Ақмола – тоғыз жолдың торабында, еліміздің географиялық орталығында орналасқан шаһар. Әрине, оған геосаяси, демографиялық және этномәдени жағдайлардың әсері де тиді деп ойлаймын. Сондай қым-қуыт шақта, түрлі қиындық пен кедергіге қарамастан, ұтымды шешімдерді тауып, астананы ауыстыру өте батыл шешім болды. Құлагерді таныған Күреңбай сыншыдай келешекті көре білген көрегенділікпен жүзеге асқан игілікті іс.
Басқасын былай қойғанда, мемлекетімізде сауырына қамшы салдырмайтын тұлпар уақытпен санасқан заманауи көркем қала салынды. Ол елдің саяси, мәдени, рухани орталығы ғана емес, ел экономикасын алға сүйреген локомотивке айналды. Елбасының ұйғарымымен әуелі Ақмола облысының әкімі, одан кейін Үкімет басшысының орынбасары ретінде осы қазақ елі тарихындағы жұлдызды жоба – тәуелсіз Қазақстан өзі таңдаған бас қаласының құрылысына азды-көпті үлес қосқанымды тағдырымның ең бір маңызды шешуші сәті деп ойлаймын. Есіліп аққан Есілдің жағасында бой көтерген елорданың аз мерзім арасында қыран құстай түлеп, әлем таныған әсем шаһарға айналғанын көзбен көріп, көңіліміз сүйсініп отырады. Арқа төсінде айдай сұлу болып, бойжеткен астананың болашағы жарқын, одан әрі құлашын кең жазып дамиды. Бұған кәміл сенемін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болып, ел үшін қызмет істеп жүрген азаматтардың еңбектері жемісті бола берсін!

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button