ЖаңалықтарҚала мен СалаҚоғамТаным

ЕЛОРДАНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ

26668-6-est_takaya_professiya__ru

Еңбек адамы туралы ерінбей жазуға болады. Арамызда өзі жүрегімен қалаған мәртебелі мамандықтың білгірі атанып, абыройы асқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – қала­дағы құрылыстың дамуына ай­тарлықтай үлес қосып, ерен еңбектің иесі атанған «Стройконструкция» АҚ-ның басшысы, Астананың құрметті азаматы Виктор Буллер.

Ол басқарған компанияның тарихы өткен ғасырдың орта кезінен басталады. 1959 жылы «Главцелинпромстрой» темірбетон бұйымдар мен конструкциялар комбинаты ретінде ашылды. Виктор Буллер алғаш еңбек жолын осы комбинатта арматуралық цехтің аға шебері болып бастайды. Қандай жұмыс істесе де, тиянақты орындайтын бесаспап маманның қабілетін аға буын өкілдері жоғары бағалайды. Оның кез келген істі ұр­шықтай иіріп алып кететіндігіне риза болады.
Кеңес дәуірінде талай құрылыстың көркін ашқан комбинат еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1992 жылы «Стройконструкция» акционерлік компаниясы болып қайта құрылды. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық бәріміздің есімізде. Тіпті, атағы көпке танылған зауыттардың өзі тұралап жатты. Сондай кезеңде біз сөз етіп отырған кәсіпорынның шаңырағы шайқалмады. Білгір басшы мен ұтымды ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында нарықтық қатынастың кілтін таба білді. Кадрлық құрамды сақтап, тәжірибелі жұмысшыларды жоғалтпады. «Сол кездегі басқа компаниялар секілді біздің зауыт та қиын кезеңді бастан өткерді. Бірақ солай екен деп, қол қусырып отыруға арым жібермеді. Өйткені мекеменің артында қаншама адамның тағдыры тұрды. Сондықтан жұмыс істеуге, ізденуге тура келді» деп өткен күндерді еске алады Виктор Буллер.
Біздің кейіпкеріміз Кереку өңірінің Шарбақты ауданында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі жылдарға тап келеді. Елдің іші қиындықтан әлі еңсе көтере қоймаған кез. «Бала күнімнен ауыл адамдарының тыным таппай жұмыс істегенін көріп өстім. Таңның атысы мен күннің батысында егіс басы мен қырман арасында шапқылап жүреді. Сонда да олардың қабақтарында кірбің болмайды. Бәрі де көңілді, жадырап, ертеңгі күнге деген сеніммен өмір сүреді. Мен сондай қайраты мол, қажырлы адамдардан үлгі алдым. Өзім де еңбекке жастай араластым. Сол үшін тағдырыма ризамын» дейді ол балалық шағынан үзік сыр тартып.
Бүгінде елорданың көркем келбеті жайында көп жазылады. Еңсесі биік ғимараттарға тамсанып қараймыз. Бірақ олардың салыну жолдары айтыла бермейді. Қазақстанның құрметті құрылысшысы Виктор Буллер жетекшілік ететін «Стройконструкция» компаниясы бас қаладағы «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Думан» ойын-сауық орталығы, «Синема Сити», «Мега», «Хан Шатыр», Елордалық цирк, «Алатау», «Қазақстан» спорт кешендері, Президенттің мәдениет орталығы, Ұлттық кітапхана, Оқушылар сарайы және Опера театры секілді ірі құрылыс жобаларына белсене атсалысты.
Аталған кәсіпорынмен тығыз байланыста жұ­мыс істейтін құрылыс компаниялары әріп­тестері туралы да жылы сөздерін аямайды.
«Осы зауытпен жұмыс істегенімізге 10 жылдан асты. Ол – Астанадағы шығаратын өнімі бойынша ең сенімді компания. Мамандарға бетонды «Стройконструкция» АҚ-нан алдық десек, техникалық бақылауда басқа сұрақ туындамайды. «Буллерлік өнімдер» немесе «Стройконструкцияны» бәрі мақтайды» дейді «Биком Инжиниринг» ЖШС-нің басшысы Жанат Батпенов.
Қазіргі таңда компания Еуропаның ең озық желілерімен жарақталған. Оның шығаратын өнімдері еліміздің барлық аймақтарына танылған. Бүгінде зауытта 660 адам еңбек етеді, оның 159-ы – әйел, олар көбінесе кран және дәнекерлеу машиналарында жұмыс істейді.
Міне, осындай елдің игілігі үшін жан салып жұмыс істеген асыл азамат Виктор Буллердің еңбегі кім-кімге де үлгі деп айтуға болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button