ЖаңалықтарМәдениет

ДӘНЕШ ӘНДЕРІ ДӘРІПТЕЛДІ

danesh-raqyshev-fota

Таяуда «Астана» концерт залында елорда әкім­дігі­нің қол­дауымен Қазақ­стан­ның халық әртісі, әнші-ком­по­зитор Дәнеш Рақышевтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Саясында алма­ның» атты дәстүрлі әнмен өрілген тамаша кеш өтті.

«Өнеріңе өрнек бітсін»
Дәнеш ағамыз 1926 жылы Алматы облысының Талды ауылында туғанымен, төрт жасында Кеңес үкіметінің зобалаңынан қашқан әке-шешесімен бірге Шығыс Түркістан асады. Әкесі Рақыш та өнерден қара жаяу болмаған, ел арасында сөз ұстаған, әуелетіп ән салған, ақындық қабілеті де болған, сері мінезді кісі екен. Анасының да тәп-тәуір дауысы бар, ел ішінде әншілігімен аты шыққан өнері болған. Осындай қазақы отбасында өскен дарынды баланың болашағы да өнермен бірге өрілген. Бала күнінен Құлжаның Көкқамыр деген жайлауында оқыстан көз жұмған дүлдүл өнерпаз Әсет Найманбайұлының жырларынан нәр алып өскен­діктен, он жасынан бастап сырнаймен ән салып, көпшілікке танылады. Жалындап тұрған жігіт кезінен Құлжадағы қазақ-ұйғыр драма театрында жұмыс істейді. Бейімбет Майлиннің «Шұғасындағы» Әбдірахманды, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Жапалды сомдайды. Әншінің атағы осы кезден бастап жұртқа жайылады. 1959 жылы әнші Қытайдан атажұртқа ауған елмен бірге туған жеріне оралады. Ағамыз Қазақстанға оралғаннан кейін де бойындағы өнерінің қанаты қатая түседі. Талдықорғандағы Халық театрының жетекшісі болады. Облыстық филармонияның әншісі атанады. Ел аралап, жер көріп, жұртшылықты хал­қымыздың ұмытыла бастаған ғажайып дәстүрлі әндерімен сусындатып, майқоңыр сазға бөлейді. Сонау алпысыншы жылдары Дәнеш Рақышевтің әндерін тыңдаған ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Дәнеш, сенімен бірге бізге ен байлық келіпті ғой. Пәлі, міне, өнер қайда жүрген? Өнеріңе өрнек бітсін» деп сүйсініпті. Сәбит Мұқанов: «Сенің дауысың халқыңның асыл қазынасы екенін түсін!» деп ақылын айтыпты. Осындай алыптардан бата алған әншінің кішкене жолы кейін үлкен даңғылға айналады.

Жетісу мектебінің жүйрігі
Талантты тұлғаның өмірі мен өнері жайында таяуда Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты
атанған жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы көп қалам тербеді. Қаламгердің биылғы мамыр айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Дә­неш ағаның мұрасы» атты ма­қаласында әнші туралы тере­ңірек жазады. «Бұрын бұл жақта ешкім айтпаған, бітімі қазақы, бірақ ырғағы, мақамы бейтаныс әндерді айрықша мақпал дауыс­пен таза шырқайтын жі­гітті Қазақстан жұрты айрықша жылы ықыласпен қарсы алады.
«Баянауыл», «Жан ерке», «Аяу-лым», «Жиырма жеті қыз», «Угәй-дай», «Иғай-ау», «Жан сәулем», «Сәулем-ай», «Жер әсемі – Қарқара», «Қош-аман бол, жарым» сы­қылды сан құбылған, алуан тақырыпты, әуезді халық әндері қазақ әні­нің керегесін кеңейтіп, ша­ңырағын биіктетіп жіберді. Ай­рықша жаңалыққа жұрт жалт қарағандай болды. Дәкең алып келген халық әндері ұлтымыздың ауыз әдебиетіне де аз үлес қосқан жоқ. Ән де, өлең де байи түсті. Дәкеңнен қалған бір мұра осы: әндер мен ән өлеңдері» деп ой толғайды жазушы.
Шындығында, Дәнеш ағамыз Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков секілді біртуар әнші­лердің ізін жалғаған, қазақ ән өнерінің абыройын асырған таланты тау тұлғалы азамат болды. Жетісуда әншілік мектебі қалыптасты. Соңынан қаншама шәкірттер түлеп ұшты. Оның репертуарында Үкілі Ыбырай­дың «Аңшының әні», Әсеттің «Ардақ», «Мақпал», «Атым Әсет», «Хысмет», «Аха-ау, жал­ған», «Жайқоңыр» секілді қазақ әнінің інжу-маржандары жинақ­талған еді. Өзі де қазақы иірімге бай «Шаттық толқы­ны», «Мақ­танышты елім бар», «Жас қайрат», «Жер сұлуы – Жетісу», «Саясында алманың», «Жеңеше», «Туған жер – Алматым» деген тамаша әндер жазды. Оларды кейінгі буын өкілдері шырқап жүр. Әншінің өмірден озғанына да жиырма жылдан асып барады. Сонда да оның аты елдің есінен бірде-бір шыққан емес. Қайта жыл өткен сайын жаңғырып, биіктей түсті. Дәнеш ағамыздың шәкірті Нұржан Жампейісовтің ай­туынша, ол кісінің жүзге жуық әні бар екен. Солардың кейбі­реуі Қазақ радиосының алтын қорында сақталған.

Ұстазының абыройын асырды
Ардақты азаматтың 90 жыл­дық мерейтойына арналған кеш бас қаладағы «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблінің орын­дауындағы ұлтымыздың ұлы перзенті Нұрғиса Тілендиев­тің «Ата толғау» күйімен ашылды. Шара барысында аға­мыздың өзі айтқан әндері мен шығарған туындылары орындалды. Халықаралық «Ша­быт» фестивалінің лауреаты Жақсыгелді Маясаров «Сая­сында алманың» атты әнді тамаша шырқады. Әміре Қашау­баев атындағы байқаудың лауреаты Телман Нұртай «Жан-жақтағы бауырлар» деген әнін құйқылжытты. «Жер сұлуы – Жетісуды» Зүлфия Баймырза келістіріп орындады. Белгілі дәстүрлі әншілер – Жазгүл Даңылбаева, Жалғас Сұлтан, Рахат Бегасылов, Әйгерім Нар­туеева, Перизат Тұрарова және тағы басқа талантты өнерпаздар композитордың тамаша шығар­маларының шырайын ашып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кешке Алматыдан әдейі ат терлетіп келген Дәнеш Ра­қы­шевтің шәкірті, Қазақ­стан­ның мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов қатысты. Дарынды әнші кезінде ардақты ұстазы орындаған Әсеттің «Қоңырқазын» әуелетті. Одан кейін иірімі терең «Аңшының әнін» шырқады. Кейбір өнер­танушылар осы әнді халық әні деп айтады. Ал Бексұлтан Нұр­жекеұлы: «Дәкеңнің атағын айрықша шығарған әннің бірі – «Аңшының әні». Оның әуені де, өлеңі де өзгеше, оқиғалы шығарма. Әні мен сөзі үйлес, үндес. Әнін біреу шығарып, сөзін басқа біреу жазған деуге аузың бармайтын дүние. Өлеңі, дау жоқ, Үкілі Ыбырайдыкі. Оны кезінде Сәбит Мұқанов жазып кеткен. Ал әні жайында пікір әртүрлі. «Ән Дәнештікі» дейтіндер бар» деп жазыпты.
Дегенмен аталған әнді тыңда­ғанда, көз алдымызға қазақтың саят­шылық өнерінің керемет су­реттері келді. Жампейісов те оны жұртшылыққа иін қан­ды­рып, төгілдіріп жеткізді. Көпшілікке ұстазы туралы жылы естелігімен бөлісті.
Қысқасы, қазақтың сан ға­сырлық ән өнеріне өз қолтаң­басын қалдырып кеткен Дәнеш ағамыздың асыл мұраларымен тағы бір жүздесіп, айрықша әсерге бөленіп, дәстүрлі музы­каның құнарына қанып қайттық десек болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button