Денсаулық

Емханада да ота жасайды

Елордада тек стационарлық деңгейде ғана емес, емханада амбулаторлық жағдайда да көптеген ота жасала беретінін көпшілік біле бермейді. Мәселен, №10 қалалық емханадағы амбулаторлық хирургия орталығында отаның бірнеше түрі, тіпті қан тамырларының кеңеюіне де ота тегін және жылдам жасалады.

[smartslider3 slider=2425]

 

Заманауи жабдықтармен жарақталған орталықта ота жасаушылар командасы – жалпы хирург, онколог-хирург, колопроктолог, ангиохирург, гинеколог, уролог және ­анестезиологтардан тұрады. Лицензиясы бар мамандардың еңбек өтілі – 5-20 жыл аралығында. Оталар жергілікті жансыздандыру арқылы да, жалпы наркозбен да жасалады. Лазерлік оталардың инновациялық тәсілдері де енгізіліп, сәтті жүргізілуде. Жалпы 26 түрлі хирургиялық нозология бойынша пациенттер қабылданады. Мысалы, терінің майлы тініндегі және тері астындағы өзектің қатерсіз ісігі, сүт безінің қатерсіз ісігі, меланоформды невус, баланопостит, созылмалы цистит және варикозды қан тамырларының кеңейіп кетуіне лазерлік абляция, 1, 2, 3-деңгейлі геморройлық түйіндерге лазерлі вапоризация және т. б. оталар ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін жасалуда.

Орталықтың бөлім меңгерушісі Абзал Зейдулланың айтуынша, оталар амбулаторлық жағдайда, бір күн ішінде жасалып, қалпына келу кезеңі де ұзаққа созылмайды. Оның үстіне тәжірибе көрсеткендей, отадан кейінгі асқыну қаупі де айтарлықтай төмен болады.

– Қаламыздағы емханалар жанынан ашылған орталықтар ішінде біздің мекеме ең ірісі. Бізде 2 ота жасау блогы, үлкендеу оталар жасалғаннан кейінгі қарқынды терапия палаталары бар, сонымен қатар жалпы наркозбен қатар тамыр арқылы енгізіп, ұйықтататын наркоздар жасау – осы орталықтың артықшылығы. Емхана 2014 жылы ашылғанда сонымен бірге орталық та құрылған. Бізде жасалатын оталар тізімі өте ауқымды. Атап айтқанда, урологиялық, гинекологиялық, проктологиялық және басқа бағыттар бойынша пациенттер қызметімізге жүгіне алады. 2020 жылы варикозды аурулар бойынша лазерлік коагуляцияны енгіздік. Бұрын бұл процедура стационарларда жасалып, нау­қастар жеті күн бойына дәрігер бақылауында болатын. Тері астынан емдеуді қажет ететін торлы тамырлар да болады, оған біз тамыр ішіне эндотамырлы процедура жасаймыз, мұндай отадан соң пациент 1 сағаттан кейін-ақ үйіне кете алады. Сонымен қатар папиллома, невус, сүйел және тыртықты алып тас­тауға да косметикалық шағын ота жасалады, ал егер сүт безі және іш пластикасы бойынша ота болса, стационарда жатуға тура келеді, – дейді дәрігер.

Бұл қызметтерді тегін алу үшін пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы керек. Ота жасатуды көздеген адам терапевт дәрігердің жолдамасы немесе нұсқауынсыз, тікелей орталыққа келіп консультация ала алады. Мамандар пациенттің тексеруден өтетін талдау сынамаларына жолдама жазып береді. Солардың бәрінен өткеннен кейін ота жасалады. Былтыр осылайша аталған орталықта 470 ота жасалған.

– Адамдар өздері айтуға қымсынғанмен, көбінде бар проблема геморройды да емдейміз. Орталықта осы бағытта лазер арқылы жаңадан инновациялық ота жасау қолға алынды. Әдетте, стационарда геморройға ота жасағанда, пациенттер 10-15 күн бойы жұмыс істей алмай, отырып-тұруы қиындап кетеді. Ал бізде бұл ота лазермен күйдіру арқылы жасалатындықтан науқастар бірден үйіне кете береді, 10 күнде жұмысқа да жарамды болады, – дейді бөлім меңгерушісі. Мекеменің жабдықталуы бойынша үлкен ауқымды аппараттар алу керек болса әкімдік қолдауымен, ал қалғанын емхана өз күшімен алады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button