Жаңалықтар

Еріктілер ескертпе қағаз таратты

Қары қалың, қысы ұзақ өңірлердің өзіндік мәселесі – күннің күрт жылынуы. Бұл мәселе елордадағы жеке секторда тұратындар үшін де түйткілді. Дер кезінде қарды шығарып үлгермесе, арты су тасқынына ұласуы ғажап емес.

[smartslider3 slider=2232]

Апта басында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты елордалық ерікті жастардың көмегімен, аталмыш ауданның Төтенше жағдайлар басқармасы және Полиция басқармасымен бірлесіп, жеке секторлар шоғырланған тұрғын алаптардың тұрғындарына 8000 ескертпе қағаз таратты.

Таратылған қағазда елордалықтардан су тасқыны қаупін алдын алу мақсатында ауладағы және үй шатырындағы қарды көшеге шығарып, құдықтарға арнайы белгілер орнату сұралған. Сонымен қатар қарды шығаруға кедергі болатын автокөліктер мен басқа да мүлікті аула ішіне кіргізу қажет. Қағазды қаперге алған азаматтар қарды көшеге шығарса, аудан әкімдігі ауыр техникалар көмегімен оны қала сыртына тасып, тасқынның қаупін сейілтеді.

Еріктілерді осы іске ұйыстырған «Астана жастары» КММ қызметкері Олжас Амангелдінің айтуынша, бұл шараға 100 жас қатысып отыр.

– Басты мақсат – су тасқынына қарсы шараларды түсіндіріп, ақпан айының 25-інен бастап әкімдік техникалары қар шығару жұмыстарын жүргізетінін ескерту. Тұрғындар өтінішке құлақ түріп, шатырдағы, ауладағы қарды көшеге шығарғандары абзал. Ал жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі жандарға еріктілер қол ұшын беруге әрқашан дайын, – дейді ол.

Бірнеше топқа бөлінгендер ескертпе қағаздарын алып, аулаларды аралады. Олармен бірге Полиция, Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары ілесіп жүрді.

«Қазіргі таңда түсіндіру жұмыс­тарын қолға алып жатырмыз. Ауданда су тасқыны қаупі бар 4 орын тіркелген. Көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында бірлесіп жұмыс атқарудамыз. 3-4 наурыз күндері су тасқынына қарсы республикалық командалық-штабтық оқу жаттығулар өтеді» дейді Сарыарқа ауданының ТЖБ аға инженері Е.Ерғалиев.

 Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button