Қала мен Сала

Екпе алмағандар ауырса, салдары ауыр

Қазір ел ішінде коронавирус балалар арасында жеңіл өтеді деген сөз жиі айтылады. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, бала тез жазылып кеткенмен, оның салдары бірнеше ай өткен соң білінеді. Сондықтан ауырмаудың жолы – вакцина алу.

[smartslider3 slider=2231]

Балалар арасындағы вакцинацияның пайдасы туралы баяндаған №1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Динат Қожекенов әдетте коронавирус инфекциясы балаларда жеңіл өткенмен, 3-6 ай өткеннен кейін мульти қабыну ­синдромы пайда болуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан ата-аналар балаларының аурудан кейінгі жағдайына мән бергені жөн.

– Мульти қабыну ­синдромы – қазіргі жағдайда өте өзекті мәселелердің бірі. Бұл – аталған ауруға ағзаның кешіккен иммунологиялық жауабы және ол ересектерден гөрі балаларда жиі кездеседі, ағзаның бүлінуіне әкеледі. Екпе салдырмағандар міндетті түрде өледі деген сөз емес, олай тұжырым жасауға болмайды. Балалар – вирус тасымалдаушысы, оларда жай тұмау сияқты өтіп кетер, бірақ осы аралықта қаншама адамға жұқтырады. Балалардағы коронавирус белгілерінде ерекшелік жоқ, үлкендермен бірдей жоғары температура, конъюнктивит, бұлшық етауыруы, асқазан-ішек жолдары бұзылысы байқалады, – дейді дәрігер.

Вакцинацияның пайдасы туралы қаншама жылдар бойы айтылып келе жатса да, халық арасында сенбейтіндер қашан да табылады. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар, өйткені кез келген нәрсенің шындығына көз жеткізу үшін ол қоғамда талқылануы керек. Бұрын қызылша, желшешек деген ауруларды екпемен ғана тоқтата аламыз дегенде де сондай сенбестік болған. Дегенмен солардың көбі екпенің арқасында толық жойылды, кейбірінің деңгейі күрт төмендеді.

Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда елордада эпидахуал өте жақсы дей алмаймыз. Әрине, алғашқы кездегідей емес, екпеге сеніп, балаларына вакцина салғызатындар көбейді. Дегенмен ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін бұдан да көп бала екпе алуы керек. Күндізгі стационарға пневмониямен келген балалардың ішінде коронавирус анықталғандардың бәрі – екпе алмағандар. Қаңтар айында мұнда күніне 4-5 баладан ковид анықталса, соңғы 4 күннен бері әлі ешкімнен ауру шыққан жоқ. Егер аталған ауруханаға келген балалардан ковид пневмониясы анықталса, оларды коронавирусты емдейтін стационарға ауыс­тырады.

Тимур МҰРАТОВ,  Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығы:

– Құрметті қала тұрғындары, қазақстандықтар! Төменде мен көңілімізге қаяу түсіретін сандар мен деректерді келтірмекпін. Бұл екпе алмаған әр адамға ой салса деймін. Биыл қаңтар айында қаладағы инфекциялық стационарларда коронавирустан 79 адам көз жұмды. Солардың 94 пайызы – екпе алмаған азаматтар. Қайтыс болғандардың ішінде 74 адам инфекцияның ауыр түріне шалдыққан. Олар, бәлкім, алдын ала екпе алған болса, бүгінде тірі жүрер ме еді. Екпе алмаған және қайтыс болғандардың басым бөлігі – жасы 60-тан асқан адамдар. Қазіргі таңда қалада коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін алғандардың саны 508560 адам болды, ал ІІ компонентін 478554 адам салдырған. Ревакцина алғандар 86895 адамға жетті.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button