Sport

Еуропа чемпионаты Qazaq Kuresiнің жеңімпаздары анықталды

Алғаш рет қазақ күресінен Еуропа чемпионаты Qazaq Kuresi жалауын желбіретті. Халықаралық ауқымдағы тарихи оқиғаның өтетін жері болып Грузия елі таңдалды, деп хабарлайды Елорда инфо.

Қазақтың ұлттық спортының мерейін асырған спорттық шараға ұзын саны 21 елден келген 80-нен аса палуан қатысты.

Еуропа күрес федерациясы чемпионаттың Грузия елінде өткізілуін бұл елдің күреске ерекше ден қойғаны ықпал еткенін айтып отыр. Қазақ күресі – Грузияда танымалдығы жағынан грузин күресі мен дзюдодан кейін үшінші орында. Оның үстіне биыл Грузия күрестен ішкі біріншілігін өткізіп, онда жүзден аса спортшы бақ сынаған. Сол сайыста әдіс-айласымен, қара күшімен көзге түскен 9 палуанды Грузия Еуропа чемпионатына қосты. Солардың қатарында дзюдодан былтырғы Еуропа чемпионы, «Әлем барысының» күміс жүлдегері Гурам Тушишвили және самбодан жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы Ираклий Купатадзе бар.

Батуми қаласында өткен тұңғыш Еуропа чемпионатына 21 елден (Франция, Норвегия, Ирландия, Литва, Украина, Ресей, Беларусь, Словения, Польша, Түркия, Израиль, Болгария, Австрия, Әзербайжан, Армения, Албания, Сербия, Кипр, Эстония, Молдова, Грузия) 80-нен аса палуан қатысты.

Сайыстың ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген Аджар АР білім, мәдениет және спорт министрі Инга Шамилишвили Грузияда Еуропа біріншілігін өткізіп жатқан Қазақстанға зор алғыс айтты:

«Батуми қаласында осындай чемпионат өткізу туралы шешім қабылдаған Қазақстанға ерекше ризашылығымды білдіремін. Спорт туризмі – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Мұндай халықаралық ірі шаралар біздің елге көптеп туристердің тартылуына септігін тигізеді. Сондықтан біз осындай жобаларға қашанда қолдау көрсетеміз. Осы жерде қазақ күресінен жергілікті турнир ұйымдастырсақ деген ойымыз бар. Оған қоса, бұл елімізде кеңінен таралған грузин күресіне қатты ұқсайды», – деді ол.

Осы күнге дейін Еуропа күрес федерациясы Грузияда, Литвада және Польшада ішкі чемпионаттар ұйымдастырды. Және алдағы уақытта осы елдердің қатарын кеңейтуді көздеп отыр.
Еуропа күрес федерациясының президенті Карен Арутюнян:

«Бұл алғашқы Еуропа чемпионаты жаңарған ереже бойынша өтетін болып ұйғарылды. Күрес жалаң аяқ және қатты кілемде өтеді. Мұнда негізінен дзюдоның шеберлері жиналғандықтан турнирдің бұл шарты оларды алаңдата қоймады. Жалпы біз күресті өте қызықты және болашағы зор спорт түрі деп санаймыз. Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосуға әбден лайық».

Жекпе-жектер 9 салмақ дәрежесінде өтті. Алғашқы үштіктен көрінген балуандарға қомақты жүлде тағайындалды: жеңімпазға – 1000 доллар, күміске – 700 доллар және қолаға – 500 доллар.

Ал абсолютті салмақ дәрежесінде чемпион болған спортшы 3000 АҚШ долларды қанжығасына байлады. Күміс жүлдегерге – 2000 АҚШ доллары, қола жүлдегерге – 1000 АҚШ доллар.
Әрине бұл турнирде түйе палуандар күресінің көрігі қызды. Финалда грузин Гурам Тушишвили Болгариядан келген Веселин Ивановтың жауырынын жер иіскетті. Ал қолаға поляк Томаш Талач қол жеткізді.

Айта кету керек, қазақ күресінен халықаралық деңгейде өткен сайыстар биыл Еуропа чемпионатымен шектелмейді. Тамыздың соңында Астанада Азия чемпионаты салтанат құрады деп жоспарлануда.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button