Руханият

Генерал рухына тағзым

Биыл Кеңес Одағының Батыры, даңқты дивизия командирі, генерал-майор Сабыр Рақымовтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай елорда төрінде орналасқан ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында салтанатты шара өтті. Оған Оңтүстік Қазақстан облысындағы С.Рақымов атындағы республикалық «Жас ұлан» әскери мектеп-интернатының тәрбие­ленушілері мен оқытушылар құрамы арнайы келді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж курсанттары да қатысты.

[smartslider3 slider=2247]

 

Салтанатты шараны ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының бас­тығы полковник Нұртаза Асылов ашты. Содан кейін сөз алған батыр атындағы «Жас ұлан» мектебінің бөлім бастығы, запастағы подполковник Сәкен Омарбеков даңқты жерлесінің өміріне қысқаша тоқталып өтті.

Сабыр Рақымов 1902 жылы 11 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында дүниеге келген. Анасы Ташкент маңындағы Жүнісабад ауылынан екен. Кейін әкесі Омарқұл қайтыс болғанда нағашысы Рақымның қолында өседі. Мектепке барғанда нағашысының балаларымен бірге тегі Рақымов болып жазылып кеткен.

Сабыр Бакудегі әскери мектепті 1925 жылы үздік бітіріп, Түркістан әскери округінде басмашыларға қарсы соғысады. 1933 жылдан бастап әскери қызметте үнемі жоғарылап отырған. 1936 жылы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Әйтсе де, батыр өмірі бұлтсыз болмаған. 1939 жылы бай тұқымы деген желеумен ұсталып, тоғыз ай қамауда болады.

1941 жылы маусым айында майор шенінде 43-ші армияның құрамында соғысқа кіріседі. 1941 жылы 1149-атқыштар полкінің командирі болып тағайындалады. 1942 жылы полковник Сабыр Рақымов дивизия командирі болып тағайындалады. Сол жылы генерал-майор әскери атағын алған. Жоғарыда айтылған орденнен бөлек Ленин, 2-ші дәрежелі Кутузов және төрт мәрте «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

1943 жылы К.Ворошилов атындағы Бас штабы Академиясына оқуға жіберіледі. Есіл ер жеңіске қырық күн қалғанда небәрі 43 жасында Польшаның Гданьск қаласы маңындағы шайқаста қаза табады. Бұдан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, бүкіл саналы ғұмырын майдан даласында қаза тапқан боздақтардың есімдерін жаңғыртуға арнап жүрген Майдан Құсайынов былай деді: «Өскелең ұрпақ көрсін деп мен бүгінгі шараға әдейі қызыл әскердің 1941 жылғы гимнастеркасымен келдім. Сабыр Рақымов өзінің алғашқы ұрыстарында тура осы үлгідегі әскери киімде шайқасқан. Таң қалатын нәрсе, өте қысқа мерзімде әскери шенінің майордан генерал-майорға дейін өсуі оның ерекше қолбасшылық талантын танытса керек. Фашистер елімізге баса көктеп кірген алғашқы күндері-ақ майдан даласының алғы шебінде оларға қарсы қазақтар ерлікпен шайқасты. Сол соғыстың соңғы нүктесін қойып, Рейхстагқа ту тіккен де қазақ – Рақымжан Қошқарбаев болатын. Ендеше осындай батыр бабаларың бар екенін мақтан тұтыңдар!»

Батырдың өміріне қатысты деректер жинап, осы тақырыпқа қалам тартып жүрген журналист Бекен Қайратұлы өз сөзінде С.Рақымовтың Ұлы Отан соғысында Қазақстан мен Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал екенін және оның әлдеқашан ұлт мақтанышына, яғни ұлт паспортына айналып кеткенін айтты. Тарих ғылымдарының докторы, әскери ғалым, полковник Әнуар Исмаиловтың ұлы Ерлан болса, әкесінің батыр туралы «Ерлікке толы ғұмыр» кітабының жазылу тарихын баяндап берді. Мәскеу түбіндегі Подольск қаласында орналасқан КСРО (қазір РФ) Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына барып, тарихи құжаттарды тірнектеп жинау негізінде Сабыр ­Рақымовтың ұлтының қазақ екенін дәлелдеуге себепші болған осы деректі еңбек дүниеге келіпті. «Марқұм әкем көзі тірісінде қолымен жазып, өзім компьютерге теріп шыққан едім. Көп ұзамай бұл кітаптың электронды нұсқасы да жарық көріп қалады. Ең бастысы, ер есімі – ел есінде. Батырды бөле-жарып қажеті жоқ. Ол – қазақ пен өзбек халықтарына ортақ тариха тұлға» деді Ерлан Исмаилов.

Шара соңында оған қатысушылар генерал С.Рақымовқа арналған экспозициямен және Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің басқа да экспонаттарымен танысты.

Әбубәкір
СМАЙЫЛОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button