Мәдениет

Георгий Гребенщиков әңгімесіндегі көкбөрі

Кейіннен қайта табылғандай, шырағы маздаған классиктердің қатарына орыс жазушысы Георгий Гребенщиковты (1884-1964) бекем қосуға болады.  

Қайта оралған классик

Әдебиет – жер шарын шаранадай ораған көк мұхит түбіндей зерттелмеген тұстары, алты құрылықтағы ашылмаған аралдары мол сиқырлы әлем. Адамзат алға озған сайын оның құпия қазыналары қордалана, молая береді. Оған бекзаттық пен мүскіндік, таңдамалылық пен графомандық қоса талас қылады, кейде онысы шыбын жанға талас қылғандай сұмдық бақталас ымырасыздықта өтеді. Қас таланттың бағы мен соры тең.
Кітап патшалығын тұтас бағындыру­ға бұл фәниден өткен небір жер тітіреткен билеуші императорлар, шахтар мен хандар, патшалардың үкімі жүрмес еді. «Шахнамені» Дакикиге бастатып, ол жас өлген соң, Фирдаусиге жаздырған парсы шахы өлеңнің ұлы бағын мәпелеп өсірткізді, туған елін жат жерлік рухани ықпалдан арашалап, ана тілін ұлықтатты. Мұның түбі, ұлық Сөздің қасиеті мемлекеттің зораюына бастады.
Телегей теңіз лықсыған әдебиеттің нағыз аңсары нағыз талантты жазушылардың айдай есімдерін жадтан өшірмеу болып табылады. Араға жүздеген жылдар мен тұтас дәуірлер салып кейбір мықты жазушылардың аттары жария болып, анасынан қайта туғандай, жөргектеліп, әдеби айналымға оралып жатады. Бұндай игілікті қазынаны енді мәртебелі әдебиет ешқашан қайыра жоғалтпайды.
Амброз Бирс, Герман Мелвилл сияқты таңғажайып жазушылар ұмытылып барып, үйірге қайта оралған қас шеберлердің өзі.
Кейіннен қайта табылғандай, шырағы маздаған классиктердің қатарына орыс жазушысы Георгий Гребенщиковты (1884-1964) бекем қосуға болады.
Әдебиетші қауым біле бермейтін бұл жазушының есімін алғаш рет алқалы жиында, 16 мамырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы» атты аудиожинақтың тұсаукесерін өткізгенде, белгілі жазушы Әлібек Асқар Алтайдың руханият байлығын айтқанда ерекше екпін түсіріп айтты: «Бүгін Мәскеуде бұл жазушының туғанына 130 жыл құрметіне орай үлкен кеш өтпекші. Ол 1933 жылы Иван Бунинмен қатар әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ұсынылып, Бунинге өз еркімен жолын берген аса көрнекті орыс жазушысы – Георгий Гребенщиков. Шыққан тегі жағынан біздің туысымыз. Қазақ ханының тұқымы».
Осыны тыңдап тұрған бәріміз елең етпей қалмадық. «Нобель сыйлығына» лайық тегеурін мен қандас туыстық қасиеті қатар айтылған соң, мұның әсері күшті шықты.
15 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінің №164-165 нөміріне белгілі зерттеуші, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың «Ұмытылған есімдер» айдарымен орыс тілінде «Ханство Гребенщикова» атты танымдық мақаласы жарияланған екен.
Мақалада Георгий Гребенщиковтың жазушы болғанда әлемдік даңққа лайық тұлға екені жан-жақты қамтылып, өмір дерегі мен шығармашылық қырлары айтылған. Георгий Гребенщиков туралы алғашқы мәлімет осылай табылды. Оқулыққа енген нақты очерк тәрізді өзім үшін Гребенщиков әліппесін бастауға себеп болды: «Гребенщиковтың өзі «Гонец. Письма с Помперага» атты кітабында» өз әкесі туралы жазады: «Оны балалық шағынан қудалады, ұрып-соқты, діні басқа, христиан емес деп атады. Бағзыда оның арғы атасы Алтай хандарының бірі болған дейді, ал оның атасын бала кезінде орыстар жылқы үйірлерімен қоса ұрлап әкетіп, қаршадайынан құлдыққа алынған. Міне, сондықтан да әкем ешқашан мұқтаждықтан, шахтердің құлдық қамытынан босамай қойды».
Қазақ түгілі, кейінгі орыс әдебиеті үшін Г.Гребенщиков прозасы жұмбақ жер тәрізді, өйткені, әрбір төл таланты бар ірі жазушыны үлкен құрылыққа балауға татиды.
Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында «Русское зарубежье» – «Шетелдегі орыс әдебиеті» пәні айрықша энтузиазм, революция қанды қырғынымен орыс рухы жоғалтқан қазынасын қайта иеленген эйфориямен оқытылған еді. Бес жылдық оқуда орыс тілінде жазған ірілі-ұсақ ақын-жазушыларын түгін қалдырмай оқытты. Кәсібиліктің жоғары деңгейі сынға аса сирек ұшырайтын орыс әдебиетінің елдік мұраттары дүниежүзілік тұғырға лайық мәдениеттегі үстемдіктің артықшылықтарын анық танып, асқан біліктілікпен, шынайы сүйіспеншілікпен сөз өнері – әдебиеті арқылы ұлықталатын. Ғаріптің күші зор екенін «Буква убивает» деген бір афоризмге сыйдырған діни зердеге ұштасып, әдебиет әлемін ғарыштық кеңістікте шолумен қатар өз тақырыбын микрос­коппен тануды мақсат еткен зерттеуші қауым өмір күші де ғаріпте екенін айқын білетін. Сондықтан жаңғырған әдеби есімдер аз болмайтын.
Александр Солженицынды мейлін­ше пір тұтқан 1990-жылдардың бас шені, оның 6 томдығы метрода сатылды, «Архепелаг ГУЛАГ» ең оқылатын деректі әдебиет көшін бастап тұрды. Әдебиетпен бірге орыстың елдік рухы жаңғырды. Орыс эмиграциясының аласапыран 1918 жылдардағы алғашқы толқыны Иван Буниннен – оның 1970-1980 жылдардағы үшінші буыны Сергей Давлатовқа дейінгі аралықта әдеби туындылар М.Горький атындағы Әдебиет институтындағы емтиханға кірді. Тізім тым қомақты әрі сапалы еді, солардың арасында Георгий Гребенщиков есімі болғаны қазір есімде жоқ. Өйткені, кейбір ақын-жазушылардың қалың кітаптарын студенттер жылы жауып қалдырып кететін, оқып үлгермейтін.
Ештен кеш жақсы десе, әдебиет үшін бұл сөздің құдіреті орасан. Тірісінде дәуірлеп, өлгенде рухани електен уақыт құрдымға кетіп қалатын текке өткен қайран жазушылық ғұмырды итке берсін. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, / Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай әуелде өзін танып айтқан шындықтың құдіретіне жарық дүниеде ештеңе жетпейді.
Шығыстық тегі көркем шығармаларында тасқа басқандай таңбаланып тұратын Георгий Дмитриевич Гребенщиковтың тарихи отаны – алтынды тау Алтай. Ол Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында туған. Зерттеушілер оның қазақ тақырыбына мол барғанын, бабасының тілін білгенін айтады. Оның Алексей Николаевич Белослюдовпен жақын дос болғаны Сауытбек Абдрахмановтың мақаласында жазылған. Белослюдов – Абай мен оның әулетін суретке түсірген атақты фотограф. Қазақтар туралы алғашқы пьеса жазған Гребенщиков болып шықты. Сонымен қатар, мақала авторы Серік Байхоновтың Гребенщиков туралы көлемді эссе жазғанын, «Аударма» баспасы жазушының 130 жылдығына арнап, қазақ тілінде кітабын шығарғалы жатқанын мәлімдейді.
Алтайлық болу этностық тұрғыдан кең ұғым. Алтай, көне түркілердің тал бесігі – бір қойнауын қазақ, бір беткейін жоңғар-қалмақ жайлап, кейде бейбіт, соңыра қанды қырғын қылған ұлы тау. Алтай – Николай Рерих шамбала деп Мұзтаудан жер ұйығын іздеген, адамзат Тәңірмен тілдесуді аңсаған рух мекені. Үш мемлекет шекарасы қиылысқан, таңғажайып сұлулығын суреттеуге тіл жетпес асқан көне түркінің тал бесігі.
Тегі қазақ екенін Георгий Гребенщиков артына қалдырған мол мұрасын таныған адамға жасырмай айғақтайды. Бұл сірә, туған әкесін балалық шағынан «нехристь» – діні бөтен деп атап, кірмелігін бетіне баса беретін нағашы жұрты шеттеткен жатбауырлық өз тегін сүюге, түп нәсіліне тартып, бауырмалдық танытуға сеп болары анық. Расында қазақ қаны тек арғы бабасында ғана бар, одан соңғы ұлттық басымдылық орыс қаны болып кеткен жазушыға қазақ тақырыбын талмай жаза бергені үшін ерен риза боласың. Көшпелі нәсілдің Оксфордтан бірақ шыққан қайран нәсілі, могиканның соңғы тұяғындай беймаза күй кешпеген. Көзі тірісінде Сібір әдебиетінің көш басында тұрған Георгий Гребенщиковтың дара, төлтума талантын Куприн сияқты тұстастары таныған, сүйініш мадақ сөз айтқан. Ал оның Алтайын жан-тәнімен сүйген жазушылық тілі неткен шұрайлы.

 Бөрі хикаясы

Әлқисса, теңіздің дәмі тамшыдан, Г.Д.Гребенщиковтың «Қасқыр ғұмыр» («Волчья жизнь») атты әңгімесі туралы сөз. Бұл әңгіме алғаш рет «Современник» журналында 1913 жылы, №11 санында жарияланған. 100 жыл бұрын. Демек, араға бір ғасыр салып, жазушы шығармалары өз жұртына жетіп отыр. Шебер Алла тағала қалауын солай келтірді десе еш артығы жоқ. Ұмытылу кезеңі өтті. Шәкәрім қажы өзінің зорлық өлімге душар болып, сүйегі құдық түбінде 30 жыл жатарын әулиелікпен сезгендей, ғаділ жаны қинала айтпақшы, «Мұтылғанның өмірі», ол символдық ұғым. Шынында дарыны ұмытылмайтын адамдар қап түбіне жатпайтын алмас пышақтай уақыттың мылқау тысын жарып шығады.
«Қасқыр ғұмырда» – түз тағысы қасқыр өмірі суреттеледі. Әңгімедегі аш ана бөрі – кең полотноның жайлауы, құс қанаты жеткізбейтін жер түбіндегі арқауы тәрізді. Жазушының негізгі айтпағы бұл емес. Қаншық қасқырдың тағдыры таңдалғанмен, бұл әңгімеде орыс пен қазақтың типтік бейнелері және тағдыр-талайлары астарлы суреттелген. Жазушының ұлы гуманизмі айқын берілген, ол халықтарды бөле-жармай тең қарайды, адам баласын мейірім тұнған үлкен жүрегімен сүйеді. Шеке мен Митьканың бейнесін орыс жазушысы қатар сүйіп суреттейді, олардың осалдығы мен өкінішіне налып, жан ізгілігі білінсе-ақ шаттанады.
Бөрі – әлмисақтан, фольклор, мифтік санадан бері әдеби колоритті кейіпкер. Бөрі мекен – барған сайын Бальзактың философиялық романындағы былғары терідей қуысырыла түскен кең қоныс, құла түз. Георгий Гребенщиковтың реалистік бояуы айрықша қанық, көркемдігі классика деңгейіндегі әңгімесінде қаншық қасқырдың апанын адам көр қазғандай қазып, қос бөлтірігін тірідей олжалағысы келген әрекеті отырықшылық тұрмыстың көшпелі тұрмысқа жасаған қысымы, таршылыққа қамауы.
Бұл мәңгілік тақырыпты әлемдік әдебиетте Уильям Фолкнер «Аю» атты қас үлгі повесінде, Мұхтар Әуезов «Көксерек» атты шедевр әңгімесінде стихиялық көркемдік қуатпен суреттеді.
Бас кейіпкер үшеу – мал бағудан ажыраған қазақ Шеке, орыс мұжығы, олақ аңшы болып, жер көкті кезіп жүруге жаман үйренген, жалқау, шаруаға қырсыз Митька және ақсұр, арық, кәрі аналық қасқыр. Ата кәсібінен ажыраған Митька мен Шекенің тұрмысы мен мінездерінде бір ұқсастық бар, орыс аңшының бойынан балалық әумесерлік арылмаған, қазаққа таңсық орманшы болуға мәжбүр, мал баққан жұрттың нәсілінде балалық жан тазалығы, мейірім, аңқаулық басым. Шеке барға қанағат қылса, ол мінез, кедейшіліктен жиренбеу Митькаға да тән. Екеуінің жас шамасы бір.
Алтай Сібірге ұласады, әкесінің бар малы жұттан қырылғаннан кейін орманшы батрақ болып жұмысқа орналасқан Шекені автор сол уақытқа сәйкес дағдымен «киргиз», қырғыз атайды. «Қазақ» этнонимі Қазан революциясынан кейін, Сәкен Сейфуллин сияқты алаш арыстары күш салуының арқасында қайтарылған ұлт атауы.
«Алайда Шеке – кырғыз, оны бес Митька ер тоқымнан жұлып ала алмайды, сондықтан да Митьканың қолында ескі бешпенттің қиығы қалды». Қасқырды тап дегенде айтқанына көнбеген қазаққа орыс тамыры сөйтіп күш көрсетеді. Жазушы көшпелі нәсілдің тақымы атқа мықты екендігін ғана суреттеп тұрған жоқ, оны сүйінішпен айғақтап тұр, басқаша айтқанда, бес мұжықтың әлі ат үстіндегі бір қазаққа келмейді деген мойындау сөз.
Шеке мен ақшулан, адам мен аңды жазушы атамекенінде, құдайы көрші құқығын бұзбай, үйлесіммен тіршілік етіп келе жатқанын баса айтады. «Қасқыр орманшымен бұрын талай жолыққан, неге екені белгісіз, адам көзі оны ылғи қорқытатын, ал кенет шаңқылдаған ащы даусы ықтиярынан айырды ».
Шеке сұр бие мініп, артына оның құлынын ертіп жүреді, ат үстінде ыңылдап ән салады. Этнографиялық дерек, атқа мінсе көңілі тоқ қазаққа тән ұлттық сипат. Ақшулан кейде кәріліктен көр тышқан аулауға жарамай, аштан бұратылып жүрсе де, көз алдында көлбеңдеп, жолыға беретін түгі жылтыраған, жал-құйрығы желбіреген кеш туған құлынға, бұзаулы екі сиыр, үш жылқы, біраз ешкісі бар, Шекенің малына түк тиіспейді. Өйткені қазақ пен бөрі мінезі ұқсас, қазақ бөріден үйренген сірә, жақын маңға жоламай, барымта жасайды, үйірлеп алыстан алады, бөрі де қасындағы елдің малына қанды ауызын салмайды, қорегі үшін аулаққа жортады.
Георгий Гребенщиков Шекенің малын суреттегенде, малсақ қазақтың көзімен сүйіп бейнелейді. Кәрі ақшуланды бейнелегенде автор оның көрмегені жоқ екенін айта келе, аңды адам тәрізді келтіретіні қызық.
Тұпнұсқада бұл тұс былай берілген: «А тут на мартовских гулянках достается всегда. Муженьки-то не больно ласковы. Другой грызет-грызет, мучает-мучает. Изверги».
Ол қос сөзді сүйеді, қанындағы қазақтығы қосарланудан, ойға зерек, сөзге шебер шешендігінен анық білінеді.
Митька аңшылықты кәсіп қыламын деп шаруашылығын қожыратып алған еріншек, бейқам, алаңғасар мұжық. Оның үй-жайын, шекпен жамылып ұйықтап жатқан жас балаларын, түн ауа үйіне шаршап жеткенде әйелі Арина алдына қойған борсыған үйрек көжесін кеспірсіз, қиқы-жиқы дақ түскен тозған үлкен ағаш қасықпен ішкенін, шекпеннің жыртығынан иконаға қарап, қасығының қабырғаға түскен көлеңкесі Шекенің домалақ тақыр басы ұзын найзаға шаншулы тұрғандай елестетін тұсын суреттеуі жазушының тұрмыстық салт пен психологияны дәл беруде ерекше шеберлігін танытады. Бұл кедейшілік образы, әрі өлім символикасы, ай мен күн аманында кесік бас көзіне елестегені, түлен түртіп, қасқырдың апанына өзі барып ұрынуы Митьканың қара басына көрінеді. Сөйтіп, ол шиеттей екі баласы мен әйелін асыраушысыз қалдырып, есерлігі мен қасқыр саудалап, ақша тапқысы келген ашкөз пайдакүнемдігінің құрбаны болады.
Георгий Гребенщиковтың осынау детальды суреттеудегі юморы керемет: «Голова беззвучно прыгала по стене, ломалась в углу и лизала богородицу». Митька дәу қасықты аузына тыққыштап, қызып кеткен үйрек сорпасын ішіп отырғандықтан, жұмыр қасық кескіні адам басына келеді. «Адамның басы – Алланың добы» деген қазақ ұлтына тән мұсылманшылдық жазмыш идеясын Георгий Гребенщиков айтқысы келетін тәрізденеді.
Жеті жыл орманға бауыр басқан Шеке қарауыл болғаны үшін 12 сом ақша алады. Бірақ, бұл өте қауіпті жұмыс. I Петр патша орманшылықты «ұры кәсіп» деп бағалап, жалақыны өте төмен тағайындаған. «Михалка Иванович сам в избушку привозит. Чеке только рукой тамгу – кружок с хвостиком – на бумаге выведет». Орман бастығы қожайыны не берсе, соған риза кіріптар, сауатсыз Шеке шимайлап, таңба салуды біледі, солай жалақысын алады. Бұл деталь типтік бейнелерді сомдаудың қас шебері Н.В.Гогольдың Петрушкасын еске салады. Сонымен қоса жазушы қазақтың баяғы көшпелі тұрмыс салты өзгергенін, жалданып жұмысқа жегілетін капиталистік құрылыс айнала орнай бастағанын көрсетеді.
Орман ұрлайтын мұжықтар қасқырдан жаман деген ой – Шекенің ойы. Ұрылар Шекені талай өлтіре сабап, жазым қыла жаздаған. Баладай пейілі таза Шекеге автордың ықыласы ауып отырады, түн сайын ұрлана ағаш кесетін зұлым мұжықтарды атып тастауға Шеке аяйды. Кесілген ағаш түбірлері ұдайы жайрап жатады.
Шеке өзі құдайы көрші көретін ақшулан қасқырға аяныш, құрмет сезіммен қарайды. Жеті жыл қатар қазақ пен қасқыр бейбіт тұрады. Сондықтан ол өзі іш тартып, достық білдіретін Митька аңшы әдейі қасқыр аулауға келгенде, ақшуланның апанын көрсеткісі келмей, ізден көп адастырады. Жазушы әңгімеде «қасқыр», «ой-бой» деген сөзді қазақша қолданады.
Екеуара әңгімеде мысық мұрт Митька Шекені шоқындырумен келеке қылатыны да дөп деталь. Ешкі құмалағы шай түбінен шыққанын, қатының салақ дегенді орыс тамыры Шекенің бетіне зілсіз басады. Іс насырға шабатын тұсы – Митька Степаныч қасқырдың апанын көрсет деп Шекені қинайтын тұсы. «Сен неге мені алдайсың!.. Олар саған туыс па, сонда не? Неге оларды сен жасырасың! Айт, иттің басы!» – деп ұрсады орыс мұжық қазаққа.
Жанды әңгіме сарыны арқылы орыс жазушысы көк бөрінің киесін астыртын аңдатады. Бөріні тотем санайтын, түркілер бөрі анадан тараған деген аңызға ұйыған қазақ баласы сайтандай азғыруға көнбей, ақшуланның апанын көрсетпей ұзақ бұлталақтайды. Ол Митька өзіне мылтық кезеп, қоярда қоймай зорлық қылғанда барып, амалы таусылып, апанды көрсетуге мәжбүр болады. Артына Митьканы мінгестіріп алған Шеке орманды айналып жүріп алады. Бірақ аңдыған жау алмай қоймайды, Митька аңшылық құмарлығы қозып, жын иектегендей құтырып, ымыраға келмей, ақыры тоғай шетіндегі апанды Шекеге тапқызады. Ырымшыл үрей буған Шеке бір пәленің басталарын іші сезеді. «Орыс ойына келгенін істейді» дегенді қазақ түңіліп айтса керек. Өйткені дүниетанымы бөлек халық өкілі кейде қазақ қастерлейтін обал мен сауап, киені ойламай, жандыны қор қылады.
Аң ініне келгенде Митька одан көрдей иіс шығып тұрғанын аңдаса да, бұл нышанды әсте қаперге алмайды. Ақыры ол апанды қазып, бір бөлтірікті Шекенің үйіне арқанмен сүйреп келеді. Шеке мына сұмдықтан аузын жиып алмайды, қас пен көздің арасында сұр биенің құлынына ақшулан ауыз салады. Қанға – қан, кекке – кек.
Георгий Гребенщиков шағын әңгімеде дала заңын бұлжытпай береді. Өзіне оқ атқан Митьканы кекті аң атылып кеп, тамағын жұлып алады. Жаралы қасқырдың жан тәсілім берер ақтық сәтін жазушы реалистік анық кейіпте береді. Көкбөрі Тәңіріге шағым айтқандай, көкке қарап ұлиды. Адам қазып астан-кестенін шығарған ұясына ол өзін тірідей көмеді, демі сонда бітеді.
Бұл реалистік-тұрмыстық бейнелеуі айқын әңгімеде бір түйір жалған суреттеу, әсірелеу, асыра сілтеу жоқ. Адамдардың психологиялық портреті дөп, дәуірге тән тұрмыстық атрибуттар анық, адам мен табиғаттың қайшылығын тұңғиығынан тартып, табиғи беру тәсілі қайран қалдырады.
Орыс классикасында аты алтынмен жазылуға бек лайық жазушының бірегейі – Георгий Дмитриевич Гребенщиков екені бір әңгімесі арқылы-ақ еш күмән тудырмайды. Артына мол әдеби мұра қалдырған жазушы кітаптарын оқу арқылы қазақ халқы өзінің жанды портретін, образдар галереясын жиі тауып алары айқын.
Алтай кенге және табиғи таланттарға бай өлке. Павел Николаевич Васильев (1919-1937) Шығыс Қазақстан өңірі, Зайсан, қазақ топырағында туған орыстың біртуар ақыны, Ілияс Жансүгіровтың «Дала» атты поэмасының бір тарауын қазақшадан орыс тіліне аударған.
Бөрі бейне классикалық әдебиетте сарқылмас қазыналы: бұрынғыларды айтпағанда, бертінгі Джек Лондон, Сетон-Томпсон, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов – мықты жазушылар шоғыры оның магиялық құдіретінен айналып кеткен жоқ. Алайда, Георгий Гребенщиковтың шағын прозасындағы «Қасқыр ғұмыр» – бұл адам ғұмырына телуге болар философиялық сарын-қуаты зор зерлі дүние.
Георгий Гребенщиковтың құнарлы прозасына бастар соқпақ мен үшін бөріден басталды.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button