ӘлеуметБасты ақпаратЖаңалықтар

Ғаламды жаулаған ғаламтор

Фейсбук, Твиттер, Инстаграм тағы басқа әлеуметтік желілердің сан түрін білеміз. Кейде қызығына түсіп, желі аралап кетсек, алтын уақытымыздың қалай зыр етіп өте шыққанын білмей қаламыз. Жалғыз сіз бен біз емес, әлемде 1,8 млрд пайдаланушының әдеті сол екен.

10

Қазіргі күні психологтар «Интернетке тәуелділік» деген терминді тауыпты. Мұны мамандар ауру деп санайды. Бұл сырқаттың жылдам таралып келе жатқаны соншалық, шылым шегу мен араққұмарлықтан бетер өршіп келеді. Виртуалды өмірге адамның еті де тез үйреніп кетеді екен. Ең қорқыныштысы, интернетке бір кірген адам оның иірімдеріне малтығып, шынайы өмір мен виртуалды өмірдің арасын ажыратудан қалады.
Психолог Наталья Семененко: «Бүгінде күнделікті жа­қындарымызбен араласып тұр­ған ба, әлде ғаламтордағы «дос­тармен» байланыстың қайсысы жақсы екенін, қайсысынан жағымды әсер алатынымызды айыра алмайтындай дәрежеге жеттік. Бір жағынан, күнделікті тірліктің қауырттығынан ет жақынымызбен емен-жарқын араласып, жағдай білуге уақыт таппаймыз. Ал интернетке үңі­ліп, «достарымызбен» сол жерде табысып, сонда сөз жарыс­тырғанды тәуір көреміз. Одан да жерініп, ғаламтордың келесі бір торына шырмаламыз. Демек, ғаламтор адамдар арасында баяғыдан қалыптасқан дәстүрлі қарым-қатынасты өзгертіп жатыр деген сөз» дейді.
Расында да, ғаламтордағы достарымыз көбейген сайын дәрежеміз де өсіп қалатындай сезінеміз. Оларды жете танымаймыз да, танығымыз да келмейді. Бірақ «доспыз». Сіздің әлеуметтік желіде жазған ойыңызды анда-санда «лайк» басып құптағаны болмаса, ондай «достан» сіз де ештеңе талап етпейсіз. Ғаламторда ғана сіз ешкімнен қысылмай, ойыңызды ашық айтып, тартынбай бөлісе аласыз.
Бір жаманы, парақшаға тір­келген адамдар виртуалды дос­тарын жинап алып, солардың
арасында әңгіме-дүкен құрып, арасында пікірін білдіруге ерінсе, «лайк» басып, нақты уақыттағы өзінің бос өмірін толтыруға тырысады. Бұл да құбылыс. Жақын адамдарымыздың да сол интернеттен хабарын білуге үйреніп келеміз. Демек, бір-бірімізді сағынып, тым болмағанда телефон шалып, хабарласудан да қалдық. Бұл да адамдар арасын алыстататын виртуалды өмірдің бір түрі. Бара-бара жақынға жылылық, мейірім деген қасиеттен қаламыз ба деп қорқамын.
Енді мамандардың кеңесіне құлақ салып, сіздің қаншалықты торға шырмалып, нақты өмір­ден ажырап қалғаныңызды анық­тағыңыз келсе, мына сұрақ­тарға жауап іздеп көріңіз.
• Қолыңызда интернет болмаса, өзіңізді шаршаңқы сезініп, ашуланшақ болып кетесіз бе?
• Соңғы ақшаңызды интернетке немесе онлайн ойындарға жұмсайсыз ба? Интернет бар уақытыңызды алып, жақын­дарыңыздан алыстап бара жат­қаныңызды сезесіз бе?
• Кейде интернетсіз өмір сүре алмайтындай сезінесіз бе?
• Интернетті нақты проблемаларды ұмыту үшін, қорқыныш пен депрессиядан құтылу үшін пайдаланасыз ба?
Егер осы сұрақтарға «иә» деп жауап берсеңіз, онда интернетке тәуелділіктің басталғаны. Жаңа ғасырдың технологияларын пайдалану қажет-ақ. Бірақ өз өміріңізге зиян келтірмеуге тырысыңыз. Оның пайдасынан гөрі зияны басым екенін естен шығармағанымыз абзал дер едік.

Айгүл  УАЙСОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button