Мәдениет

Ғибратты ғұмыр

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы М.Мақатаев атындағы залда белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері, журналист-публицист Кенжеболат Жолдыбайдың «Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері өтті. Өкініштісі, бұл кітаптың жарыққа шыққанын да, тұсаукесерін де  автордың өзі көре алмады. Кенжеболат Махмұтұлы 28 ақпанда дүниеден өтті, ал кітап 31 наурызда жарық көрді.

[smartslider3 slider=2789]

Былтыр жазда індеттен қайтыс болған туған ағасы Жақан Махмұтұлына арнап жазған естелік кітабын баспадан шығаруға белгілі журналист-жазушы Жолтай Әлмашұлы жәрдемдесіпті. Тұсаукесерге қатысқан Жолтай Әлмашұлы автордың ауруханада жатып-ақ, асқан ыждаһаттылықпен кітапты тексеріп, басуға мақұлдағанын, марқұмның ерекше еңбекқорлығын айтып, еске алды. Кенжеболат Махмұтұлы 2022 жылы 16 ақпанда «Мысль» журналында жарияланған «Основы государственной устойчивости» атты соңғы мақаласының да шыққанын көрмей, білмей дүниеден өтті.

Ұлттық медиа кеңістік майталманы Кенжеболат Махмұтұлының 7-ші кітабының (бұған дейін 6 кітабы шықты) тұсаукесерін марқұмның жұбайы Төкен Қорғанбековамен, балаларымен бірлесіп, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі, қазақтың қайраткер қызы Бибігүл Жексенбай ұйымдастырып, ізгілікті шараны өзі жүргізді. Жиынға қатысқан академиктер – Өмірзақ Озғанбаев, Кәрімбек Құрманәлі, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпей, сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ және Кенжеболат Махмұтұлының жақындары, курстары, жерлестері автордың болмыс-бітімі, арман-мұраты, мінез-құлығы, өмірге деген құштарлығы жөнінде жан тебірентерлік естеліктер айтты.

«Жақан Махмұтұлы туралы осы естелік кітап ол кісінің рухын биіктетіп, артында өшпес із қалдырған мәңгілік мұра іспетті болады деген сенімдеміз. Бұл кітап мазмұны мен мағынасы жағынан келешек ұрпаққа, ғылымға ден қойған ізденушілерге, студент жастарға және мектеп оқушыларына таптырмас тәлім-тәрбиесімен бірге, тынымсыз еңбектің, қажымас қайраттылықтың, күш-жігердің, кісілік пен кішіліктің үлгісі ретінде ұсынылып отыр» деп жазады автор кітаптың кіріспесінде. Көзі тірісінде айналасына ізгілік пен имандылық нұрын шашып, үлкен мен кішіге ілтипатын аямаған Кенжеболат Жолдыбайдың бұл еңбегі оқырман қауымның тарапынан әділ бағасын алары сөзсіз. Ал артына өшпейтін із қалдырған тұлғаның жаңа кітаптары арқылы екінші ғибратты ғұмыры басталды.

 

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button