Денсаулық

ГОСПИТАЛЬДАУ БЮРОСЫ – ТИІМДІ ЖҮЙЕ

IMG_2514

Еліміздегі госпитальдау (ауруханаға жатқызу) бюросы – денсаулық сақтау саласының бірегей ақпараттық жүйесінің бір бөлігі. Осы жүйе іске қосылғалы жұртшылық еліміздің кез келген ауруханасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тұрақты ем қабылдауға, бос орындар жөнінде хабардар болып, өз кезегін bg.eisz.kz порталы арқылы бақылап отыруға мүмкіндік алды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШҚЖ РМК Астана қалалық филиалының директоры Сәуле Құрманованың айтуынша, «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталының енгізілуі медицина қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, жоспарлы ем қабылдағысы келген азамат өзі қалаған медициналық ұйымды еркін таңдай алады. «Бұрын әрбір науқас өзінің тұрғылықты мекені бойынша ғана дәрігерге тегін көріне алатын. Сырқаттанған азаматтар дәрігер жолдаған ауруханада ғана ем қабылдауға мәжбүр еді. Ал, қазір олай емес. Бұл жүйе, әсіресе, ауыл тұрғындарына тиімді. Олар ірі қалаларға барып, жоғары медициналық көмекті тегін ала алады. Айталық, Астана емдеу мекемелерінде емделіп шыққандардың 17-18 пайызы – ауыл тұрғындары» дейді Сәуле Әжмұхамбетқызы .

Жалпы, Астана қаласында портал арқылы ауруханаға жатқызу бюросы 2010 жылдың шілде айында ашылған. Содан бері Астана қаласының ауруханаларында, республиқалық деңгейдегі клиникаларда жыл сайын орта есеппен 85 мыңнан астам науқас емделіп шығыпты. Былтыр портал арқылы емделуге жатқызылғандардың саны 82 853 адам болған.

Казіргі кезде портал арқылы ауруханаға жатқызу ісін жақсарту үшін бірқатар шаралар қолға алына бастапты. Атап айтқанда, биыл қыркүйек айынан бастап еліміз бойынша жоспарлы госпиталдаудың автоматты түрі енгізілмек. Оның тиімділігі сол, емделуші порталға тіркелген бетте, автоматты түрде жоспарлы жатқызу күні белгіленіп, тұрақты емдеуге жатқызуға арналған жолдама қолма-қол беріледі. Әрі науқастың күту уақыты анағұрлым қысқара түседі.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button