ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Халің қалай, әлеумет?

Жуырда «Әбу-Даби Плаза» кешенінде орын алған оқиға кезінде қоғамдық тәртіп қана емес, әлеуметтік мәселелердің де шеті шығып қалды. Осы жанжалдан кейін билік тарапынан ішкі еңбек нарығын қорғау, шетелдік ұйымдарға талап қою, жұмыс күшін реттеу жұмыстарына барынша көңіл бөлінді. Жалпы, елорданың еңбек нарығындағы ахуал қандай? Жұрттың бәріне жұмыс қайдан табыла бермек? Мүмкіндігі шектеулі жандардың халі мүшкіл ме? «Елорда ақпарат» және «Астана» радиосының бірлескен «Елорда тынысы» бағдарламасында әлеуметті алаңдатқан мәселелер талқыланды.

8 мыңнан астам бос орын бар
Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов ә дегеннен елорданың еңбек нарығындағы ахуалдың тұрақтылығын айтады. Оның ойынша, Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз екен. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Дәл қазір деректер қорында 3185 және 1124 жұмыс беруші ұсынған 8827 бос жұмыс орындары бар. Күн сайын жаңартылатынын ескерсек, жұмыс іздеген әрбір адам нақты қай салаларда маман қажет екенін білуіне болады.
«Біз жұмыс берушілермен кездесіп, олардың дерек қорға тіркелуін сұраймыз. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жұмыспен қамту туралы заңнаманы сақтауын бақылайды. Сонымен қатар, алдағы бес жылға қандай кадрлар қажет екенін зерттейміз. Көбіне көлік, өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық, сауда және құрылыс мамандары тапшы екені байқалады. Нақты айтсам, инженер, жөндеуші, электрожөндеуші-баптаушы, дәнекерлеуші, арматуршы, сәулетші, дәрігер, массажист, мейірбике, техник, технолог, оқытушы, аспазшы мамандарына сұраныс бар» дейді басқарма басшысы Ермек Оспанов. Бүгінде жұмыспен қамту орталықтарының қызметі біртіндеп жаңа форматқа көшуде. Мәселен, Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы Алматы және Павлодар қаласымен бірлесіп, трансформациялау бойынша қанатқақты жұмыспен қамтудың үштігіне енген. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнаулы мамандардан жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алуға болады.

«CZ Astana» қолданушылары 22 мыңнан асты
Жұмыс берушілер мен іздеушілер үшін әзірленген «CZ Astana» мобильдік қосымшасын бүгінде 22605 адам пайдаланады екен. Бұл жай қосымша емес. Мұнда кәсіптік бағдарлауға тест­тер, түйіндеме жазудың жолдары, сұхбаттасу алдындағы дайындық, жұмыс беру­шінің құқығы мен міндеттері және тағы басқа ақпараттар легі қолжетімді. Оған қоса, facebook, twitter, ВКонтакте, instagram әлеуметтік желілерінде басқарма парақшалары белсенді жұмыс істейді.
Білуімізше, Астанада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жиі өтеді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру өзекті. Басқарма басшысынан мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі қалай шешімін тауып жатқанын сұраған едік.
«Жұмыспен қамтудың мүмкіндігін кеңейту мақсатында жыл басынан бері 11 жәрмеңке өткіздік. Әрине, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бойынша, түзеу мекемесінен босап шыққандарға арнайы өткіземіз. Сонымен қатар, білім саласындағы жұмыссыз мұғалімдер мен оқу бітірген түлектер үшін де ұйымдастырылды» деп атап өтті ол.
Жалпы, басқармаға жыл басынан бері жұмыс іздеп 14000 азамат жүгінген. Нәтижесінде 8765 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 4575 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 584 адам уақытша жұмысқа тұрған. 1989 адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, 915 азамат жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеуді тәуір көрген. Қалған азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарын таңдапты.

Квота қалай бөлінеді?
Елордада жекелеген азаматтардың санатына, оның ішінде мүгедектердің жұмысқа орналасуына арнайы квота қарастырылады. Кейде бұл норма сақтала бермейді. Әкімдік қабылдаған қаулыға сәйкес, жұмыс берушінің штаттық санына байланысты жұмысқа орналастыру үшін квота бөлінуі керек. Оның 4 пайызға дейінгісі – мүгедектердің үлесінде. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға және интернат ұйымдарының кәмелетке толмаған түлектеріне 1 пайыздан белгіленген. Заң талаптарын сақтауды еңбек инспекторлары бақылайды. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманы бұзғаны үшін 13 бұзушылық анықталып, ол бойынша 408420 теңге сомасында айыппұл салынған.
Осы ретте «Жастар тәжірибесі» жөнінде де айтқан абзал. Өйткені кейде жұмыс берушілердің жастарды жеңіл жұмыс күші ретінде пайдаланатыны әрі оларға жөнді жұмыс ұсынбайтын жағдайлар кездеседі.
«Жұмыссыз жастар үшін «Жас­тар тәжірибесінің» орны бөлек. Аталған бағдарламаның мақсаты – бастапқы тәжірибе алу үшін жағдай жасау, біліктілігін арттыру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу. Жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбекақысы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді. Мерзімі 6 айдан көп емес. Орташа жалақы 35 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни, қолдарына 60985 теңгеден алады. Жастар тәжірибесі жұмыс берушілерде жекеменшік нысанына қарамастан ұйымдастырылады. Сондықтан бағдарламаның берері мол. Ал олардың әрмен қарай жұмысқа орналасуы бақылауда болады» дейді басқарма басшысы.

359 қызметкердің жалақысы қайтарылды
Басқарма басшысы жұмыс берушілермен жиі кездесу өткізетінін, сондай-ақ, барлық мәселені құқықтық тұрғыдан шешуді сұрайтынын айтады. Өйткені жалақысын ала алмай жүргендердің көбі – келісімшартсыз жұмыс істейтіндер. Еңбек шартын жасаспау, жалақыны төлемеу немесе кешіктіру, заңсыз жұмыстан босату, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау техникасын бұзу, ұжымдық шарттардың талаптарын сақтамау, жұмыс орындары квотасын орындамау және тағы басқа жағдайда еңбек заңнамасын бұзады. Жыл басынан бері 37 млн теңге сомасында жалақы бойынша берешек өтелген. Осы арқылы 359 қызметкердің еңбек құқы қорғалыпты. 247 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 27,5 млн теңге айыппұл төлеген.

Әлеуметтік көмек жаңа форматта беріледі
Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматқа көшеді. Бұл жәрдемақы аз қамтылған отбасылар үшін бұрын болған үш әлеуметтік төлемдерді, яғни 4 және одан да көп балалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдем­ақысы және атаулы әлеуметтік көмекті біріктіреді.
«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан 50 пайыз төмен табысы бар отбасыларға ұсынылатын болады. Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартты және шартсыз. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүгедектер немесе зейнеткерлер) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатыса алмайтын отбасылары (мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) алады. Осындай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тағайындалады.
Ал еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар және жалғыз тұратын азаматтар бірқатар шарттарды сақтаған жағдайда ғана осындай көмекті алатын болады» деп түйіндейді Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button